ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ЖЕМІСТІ БОЛДЫ

ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ЖЕМІСТІ БОЛДЫКеше Байқоңыр қаласында Байқоңыр кешенін дамыту мәселелері бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының екінші мәжілісі болып өтті. Оған Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ресей тарапынан Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко және қос елдің бірқатар министрліктерінің өкілдері қатысты.

Үкіметаралық комиссия мүшелері бас қосқан кезекті жиынды Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ашып, отырыстың күн тәртiбінде қаралатын мәселелерді атап өтті. Айта кетейік, аталған мәжіліске дейін комиссия мүшелері шағын құрамда кездесіп, Байқоңыр кешенінің болашақтағы дамуына қатысты өзекті мәселелерді өзара талқылаудан өткізген-ді.

Комиссия отырысында тараптар Байқоңыр кешенінің қызметі және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін ортаға салды. Нақтырақ айтар болсақ, жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласы мен оның іргесіндегі Төретам, Ақай елді мекендерін бірге дамыту, бұған қоса, көптен бері көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан Байқоңыр қаласындағы қазақстандық тұрғындардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру және жұлдызды қалашықтағы барлық 6 қазақ мектебін Қазақстан Республикасының білім беру стандартына көшіру жайы сөз болды. Сонымен бірге, «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасының» орындалу барысы талқыланды. Айта кетейік, осы жиында жер телімдерін пайдалану мен Байқоңыр қаласының мәртебесін нақтылау, «Протон-М» зымыран-тасымалдағышының ұшуын азайту мәселесі де тақырыпқа тамызық болды. Ең бастысы, мұнан былай, яғни алдағы жылдан бастап Байқоңыр ғарыш айлағында қоршаған ортаға залал келтірілер болса, онан болатын шығындарды қалай есептеудің жайы айқындалып, жалдық сипаттағы қала мен кешен аумағында Қазақстанның Экологиялық кодексінің жұмыс жасауына мүмкіндік берілетін болып шешілді.

Жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев жалдық сипаттағы жұлдызды қалашықта жер телімі мәселесі өткір күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Бұл өз кезегінде Байқоңыр қаласында шағын және орта бизнестің дамуына кесірін тигізіп келеді. Қалада индустриалдық аймақ салып, кәсіпорындар ашуға мол мүмкіндік болғанымен жер телімі жөнінде проблема бар.

Мәжіліс соңында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг өткізді.

Онда тараптар Байқоңыр кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі «Жол картасы» бойынша бір жыл ішінде атқарылуы тиісті жұмыстардың бәрі дерлік орындалғанын атап өтті.

ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ЖЕМІСТІ БОЛДЫ– Бүгін үкіметаралық комиссия мүшелері Байқоңыр қаласында бас қосып, әлемдегі теңдесі жоқ ғарыш кешенінің болашақта дамуы мен Байқоңыр қаласының инфрақұрылымының дамуына, сондай-ақ жұлдызды қалашықта тұратын тұрғындардың әлеуметтік мәселесі мен қазақстандық «Бәйтерек» ғарыш кешенінің келешегіне қатысты мәселерді талқылап, ортақ шешімге келдік. Мен Байқоңыр кешенін бірлесіп пайдалану бойынша құрылған үкіметаралық комиссияның жұмысы нәтижелі болды деп есептеймін, – деді РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Д.Рогозин.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев комиссия отырысының қорытындысы бойынша үлкен келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті. Жол картасы жобасы басталған 1 жылдың ішінде атқарылуға тиісті жұмыстардың барлығы жүзеге асырылғанын жеткізген Б.Сағынтаев алдағы желтоқсан айының 23-інде Мәскеу қаласында қос елдің Президенттері кездесетінін, барлық құжаттар сол кезде бекітілетінін мәлімдеді.

Бұған қоса, мәжіліс барысында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің бірлескен жобасы талқыланып, Байқоңыр кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы туралы ережеге қол қойылды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 25 қараша 2014 г. 1 273 0