« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев Арал ауданындағы жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік
нысандардың ашылуына қатысты. Бас-аяғы бір күннің беделінде ауданда бірнеше
нысанның пайдалануға берілуі көпшілік көңілінен шыққан жағымды жаңалыққа
айналды.
Арал қаласының сәулетті жеріне қаз-қатар қоныстанған арендалық үйлер шаһар ажарына сән кіргізді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов, өзге де ел ағалары көпшіліктің қуанышымен бөлісті. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасымен бой көтерген баспаналар иелерін тапты. Коммуналдық меншіктегі осынау тұрғын үйлердің қаржысы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаралған. Құрылыс нысандары өте үйлесімді салыныпты. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жалға беру мақсатында арнайы құрылған комиссияның қарауына енгізілген. Заңнамаға сәйкес кезек бойынша азаматтарға беріледі.
Мол шаттыққа кенелген отбасыларға пәтер кілтін табыстаған аймақ басшысы аудан орталығына қоныс аударған азаматтардың қатары өсіп жатқанына, тұрғын үйлер салудың жалғасын табатынына, жаңару, жаңғырту шараларының алдағы уақытта қарқынды жүргізілетініне тоқталды. Өз кезегінде жас отбасы Абзал Құдайбергенов ел ағаларына шынайы алғысын жеткізді. Осындай үйдің біріне ие болған Дина Бисенованың үйіне бас сұққан Қырымбек Елеуұлы бұл отбасына газ плитасын табыстады.
Келесі кезекте «Сартай» балабақшасының ашылу рәсімі өтті. Бүлдіршіндер ордасындағы оқыту, тәрбие жұмыстары орыс және қазақ тілдерінде өтеді. Балабақша он екі топқа арналған. Нысанды «Өмірзақ» ЖШС мезгілінде ел игілігіне берді. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Көрікті нысанда пайдалы кабинеттерге қоса ойын-сауық отауы, денешынықтыру залы бар. Сондай-ақ балаларға екпе салу бөлмесі мен дәрі-дәрмек сақтайтын кабинетпен жабдықталған.
Мұнан соң Қырымбек Елеуұлы Шижаға елді мекеніндегі №57 орта мектептің жұмысымен танысты. Сонау отызыншы жылдары бастауыш мектеп негізінде қаланған білім ошағы қазіргі таңда қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың есімімен аталады. Мектеп шағын жылу қазандығымен, дербес электр стансасымен қамтылған. Интернет желісіне қосылған. Ағымдағы жылы білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарды «Арал су құрылысы» ЖШС атқарды. Нәтижесінде еденге линолеум төселіп, сыртқы төбесі қаңылтырмен жабылды. Есік-терезелері соңғы үлгідегі материалдармен ауыстырылды. Өрт қауіпсіздігі дабылы орнатылды, септиктер жасалды, алаңға брусчатка төселді, ауласы асфалтталды. Қазіргі кейпі алыстан көз тартады. Биылғы жылы ауылдық округтың көгалдандыруға бөлінген ақша толықтай игерілген. Бюджеттен қосымша қаралған қаржыға ауыл көшелері жарықтандырылуда.
Келесі аялдама Мергенсай ауылдық округі болды. Округке Жалаңаш ауылы мен Тастүбек елді мекені қарайды. Тұрғындар Арал-Сарбұлақ су құбырын пайдалануда. Өткен жылы Жалаңаш ауылындағы су жүйесі қайта жаңғыртылды. Ауыз су сервистік желіге қосылды. Бүгін шалғай елді мекенде тағы бір игілікті шара жүзеге асты. «Балапан» бағдарламасымен қолға алынған балабақша құрылысын «Өмірзақ» ЖШС толық аяқтады. Балабақшада 90 бала тәрбиеленуде.
Салтанатты рәсімде сөз
алған облыс әкімі Қ.Көшербаев Елбасымыздың бүлдіршіндерді балабақшамен толық
қамту қажеттігін межелі міндет ретінде тапсырғанына тоқталды. Балабақшалар тек
бюджеттен бөлінген қаржыға салынып жатқан жоқ. Кәсіпорындар, шағын және орта
бизнес нысандары да балабақша ашуға өз үлестерін қосып отыр. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік
әріптестік тетігі енгізілгені. Соның арқасында жекеменшік балабақшаның саны
артып келеді. Алайда, балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер әлі де
жеткілікті. Ауылда тұңғыш рет сәні мен сымбаты жарасқан, көптен күткен
балабақша ғимараты іске қосылғанын, жас жеткіншектердің қалыптасуына, тәрбие
мен білім алуына барынша көмек көрсетілетінін атап өткен облыс әкімі
тәрбиешілер қауымының еңбегіне сәттілік тіледі. Аймақ басшысы бастаған топ
балабақша ішін аралап шығып, нысанмен танысты.
Нақ осындай қуанышты оқиға Бөген ауылдық округінде де көрініс тапты. Осындағы 200 орындық орта мектептің ашылу салтанатына жиналғандардың ризашылығында шек жоқ. Оның мәнісі де бар. Бұрынғы мектеп ғимараты 1954 жылы салынған аудандағы байырғы білім орны еді. Жаңа нысан талапқа сай бой көтерген. Акт залы, спорт залы, оқу кабинеттері, асханамен қамтылған. Ауладағы спорт алаңы заманауи үлгімен жабдықталған. Информатика кабинеті компьютерлермен, мультимедиа кабинеттерімен, химия-биология зертханасымен, АӘД кабинеті қару-жарақ бөлмесімен, кітапхана оқу залымен қамтылған. Екінші қабаттағы фойе мектеп мұражайына лайықталып дайындалған. Мектеп ауласы асфальтталған. Баскетбол алаңы, жаттығу алаңы жасақталған.
Лента қию рәсімінде облыс әкімі тұрғындардың бүгінгі күні жаңа мектеп ашылса деген арман-тілегі орындалғанын, мектептің тұсаукесері баршаның жадында сақталатынын, сапалы білім нәрімен сусындаған көзі ашық, көкірегі ояу жас буын өкілдері елдің үміті екендігін атап өтті.
Бекбауыл ауылдық округінде жаңа нысан – берілді, мектеп ашылды. Бұрынғы мектеп 80 оқушыға арналып бейімделіп салынған екен, қиындығы аз кездеспепті. Қолдан от жағу тәсілімен жылытылатын ескі мектеп қыста салқын болған. Мұны мектеп ұжымымен тілдесу барысында аңғардық. Бекбауылдықтар енді бұл тығырықтан шықты. Мектеп құрылысының мердігері – «Жабдықтау» ЖШС. Нысандағы спорт зал, оқу бөлмелері, асхана, акт залы, өзге де кабинеттер замана талабымен үндеседі, 241 оқушы дәріс алады. Даярлық тобында 30 бала бар. Асханада бір мезгілде 93 балаға ыстық тамақ беріледі. Олардың 50-і аз қамтылған отбасылардың перзенттері. Мектеп аспаздары Мадина Нұрмаханова, Нұржамал Әділова кәсіби деңгейі жоғары, байырғы мамандар. Нысан ыстық, салқын сумен қамтылған. Спорт залдың іші жылы да жарық. Қажетті құрал-жабдықтарының бәрі бар.
Химия-биология кабинеттері зертхана бөлмесімен қамтылған. Тігін шеберханасында «Ягуар» аталатын тігін машиналары қойылған. Олармен өрімдей қыз балалар жұмыс жасап тұр. Технология пәнінің мұғалімі Айгүлден осы жерде асханалық алжапқыш тігіліп, ұлттық ою-өрнекті меңгеруге күш салынатынын естідік. Негізінен 5-9 сынып аралығындағы қыз балалар дәріс алады. Мектеп кітапханасы да көз тартады. Кітапханашы Сәнімкүл Айжігітовадан білгеніміз, бұрынғы мектептің кітапханасында парта, стол жетіспей келіпті. Оқу залы мүлде болмаған. Қысты күні кітапханаға оқырмандар тартуға, тар бөлмеде жұмыс істеуге мүмкіндік болмағанға ұқсайды.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі жұртшылықты жаңа мектептің іске қосылуымен құттықтады. Мектеп ұжымына теледидар сыйға тартты. «Жабдықтау» ЖШС-ның директоры Абай Махамбетов №65 мектеп директоры Табанбай Сәрсенбаевқа, озат оқушы Іңкәр Әкімжановаға мектептің символикалық кілтін табыстады. Ардагер ұстаз Жалғау Қанатов жұртшылық атынан аймақ басшысына алғыс айтты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |