“ҚАЙСАР” КОМАНДАСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

“ҚАЙСАР” КОМАНДАСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІӨткен жексенбіде футболдан ел біріншілігі мәресіне жетті. Қызылорданың "Қайсары” доп додасын бесінші орынмен аяқтады. Футбол маусымының аяқталуына орай Н.Бекежанов атындағы драма театрда команда басшылары мен ойыншыларына құрмет көрсетілді. Бұл шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Жұртшылық алдында облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев "Қайсардың” жетістігі жайында жылы лебізін білдірді. Команда үстіміздегі жылы бірінші лигадан үздіктер қатарына қайта қосылған еді. Шындығын айтқанда, көптеген мамандар қызылордалық ұжым мұндай жоғары орыннан көрінеді деп болжам жасаған жоқ. Соған қарамастан жерлестеріміз доп додасы барысында жанкүйерді желпінтерлік ойындар көрсетті. Жылма-жыл жоғары табыстарға кенеліп жүрген клубтардың өзімен терезесі тең ойын көрсетіп, олардың кейбірінен басым түсті. Осының нәтижесінде бірінші айналымнан кейін жүлделі орынға таласатын алғашқы алтылықтағы жүйріктер аламанына қосылды. Қызылордалық футболшылардың соңғы сәттерге дейін жүлдегер атануға мүмкіндігі болды. Тіпті, биыл еурокубок ойындарына сынға түсуге жолдама алуға қол созым жерде қалып қойдық. Алдағы уақытта да сондай жігерлі қимыл көрсетіп, жанкүйер қауымының көңілінен шығарлық деңгейде шеберлік танытуға бар күш салынады. Келесі жылы команда алдындағы негізгі мақсат еурокубок жолдамасына ие болу саналады.

Үстіміздегі жылы "Қайсардың” материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде команда базасы күрделі жөндеуден өткізілді. Ендігі кезекте 3 мың адамға арналған жабық футбол манежін салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның жобасы толықтай дайын болды. Құрылысы келесі жылы басталады деп күтілуде.

"Қайсардың” бас бапкері Дмит­рий Огай өз шәкірттерінің биылғы ойынына көңілі толатынын жеткізді. Облыс басшылығы тарапынан жасалған қамқорлықты атап өтуге тұрарлық. Осы орайда көрсеткен қолдауы үшін бас бапкер команда атынан ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "Қайсардың” жетістігін жоғары бағалады. Ойыншыларға ізгі лебізін арнап, алдағы футбол маусымында жүлдегерлер қатарынан көрінуге тілектестігін білдірді.

"Команданың фан-клубының жетекшісі Жасұлан Алдабергенов жанкүйерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталған номинация иегерлерін марапаттады. Жанкүйерлер шешімімен жас шабуылшы Елжас Алтынбеков команданың ең момын футболшысы деп танылды. Ал "Қайсардың” 37 жастағы қақпашысы Кирилл Прядкин байсалды ойыншы болса, жартылай қорғаушы Илья Калинин ең тәртіпті болып табылды. "Қайсардың” ең көңілді футболшысы болып молдовалық Валентин Фурдуй саналды.

Әділжан ҮМБЕТ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 11 қараша 2014 г. 1 003 0