« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен брифинг өтті. Аймақ басшысы брифингте облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы сөз сөйлеп, журналистер сауалдарына жауап берді.
– Тұтас бір аймақтың тыныс-тіршілігі туралы азғана уақыттың ішінде айтып шығу, әрине, мүмкін емес. Сондықтан өңір дамуындағы маңызды үш бағытқа тоқталғанды жөн санап отырмын. Ал, сонан соң Сіздерді қызықтырған барлық сауалдарға жауап беруге дайынмын, – деп бастады аймақ басшысы брифингтегі сөзін. – Алдымен ең бірінші, экономикалық және әлеуметтік салалардағы негізгі көрсеткіштер жайында ақпарат бере кетейін.
Облыс экономикасын, оның өндірісін дамытуда біз негізінен мұнай-газ және уран өндірісіне арқа сүйеудеміз. Дегенмен, кен орындарындағы қазба байлық сарқылып, оларды пайдалану мерзімі аяқталып келеді.
Әсіресе мұнай өндіру көлемі азайғанымен, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемін төмендетпей ұстап тұрмыз. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға өскен.
Сондықтан,
биыл осы жетістігімізді сақтап қалсақ дейміз. Шамамыз жетсе, одан арттыруға да күш салудамыз.
Қазіргі экономикалық ахуалда мұның өзі аз жетістік болмас еді.
Үдемелі индустриалды – инновациялық даму жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау тек қана мемлекеттік саясаттың басым бағыты ғана емес, өндірісті әртараптандыру – өмірлік қажеттілік. Өйткені, басқа жол жоқ!
Мысалға, Қызылордада шыны зауыты салынады дегелі де біраз уақыт болды. Міне, биыл зауыт құрылысы басталады. Жобаны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Бірақ, дәл қазір барлық соның ішінде қаржылық та мәселелер шешілді. Енді құрылысты бастау ғана қалды.
Бүгінде Қазақстан тұрмысқа қажетті шыныларды (шыны табақшаларын) Қытай, Ресей, Қырғызстан және Түркиядан сатып алып отыр. Ал, біздің жобамыз жүзеге асқан жағдайда жылына 200 мың тонна шыны шығаруға мүмкіндік болады. Осы арқылы ішкі қажеттіліктің 70 пайызын өтеп, қалған 30 пайызын Орталық Азия елдеріне экспорттаймыз.
Осылармен қатар облыста, сондай-ақ жоғары технологиялық шағын кәсіпорындар пайда бола бастады. Мысал үшін, «SmartRubber» (Смарт Раббер) ескі автомобиль шиналарын өңдеп, жерасты суландыру жүйесіне қажетті түтікшелер шығарады. Сонымен бірге Қазақстанда теңдесі жоқ өнім белсенді резиналық қабықша шығарады. Оны жол битумына қосқанда резеңкелік қоспа қасиетін береді. Бұл жағдайда өндірістің жасыл экономика принциптеріне толық жауап береді.
Жуырда Шиелі ауданында қиыршық тас өндірісті зауыты іске қосылды. "Аралтұз” АҚ өндірісті қайта жарақтандырып, тағамдық және техникалық тұз өндірудің көлемін ұлғайтты. Әк шығаратын зауыттың алғашқы өнімдері шығарыла бастады. Желтоқсан айында тағы да екі жобаны – құрама жем өндірісі және қызыл мия тамырын өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
Брифинг барысында аймақ басшысы жыл аяғына дейін жалпы құны 2,3 млрд. теңге құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын айтып өтті. Сонымен бірге жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін басқа да өндірістерді іске қосу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Соңғы екі жыл қатарынан күріштен мол өнім алдық. Ауыл ақсақалдары кейінгі 20 жылда мұндай жағдайдың болмағанын айтып отыр. «Түйір нан, тамшы тер» дейді халық даналығы. Бұл ең алдымен ерте көктемнен қара күзге дейін тынымсыз тер төгетін диқандар еңбегінің нәтижесі. Ал, сол ауылдық кәсіпкерлер Қазақстанда өндірілетін күріштің 90 пайызын қамбаға құйып отыр.
Мемлекет «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы саласына нақты көмек беріп отыр. Сонымен қатар жергілікті жерде де кешенді шараларды қолға алдық. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында диқандар техникаларын жаңалап жатыр.
Күріш өсірумен қатар мал азығы дақылдарының да көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал, бұл өз кезегінде өңірде мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.
– «Байқоңыр» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы арқылы ауыл шарушылығы өнімдерін өндірушілерге үлкен қолдау жасалуда. Орайы келгенде айта кетейін, корпорация құрылғаннан бастап қарыздан көз ашпаған еді. Ал, былтырғы жылды ешқандай қарызсыз аяқтады. Экономиканың барлық саласына белсене араласып, өңір дамуына серпін беріп тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және әлеуметтік салаларда да табысты еңбек етіп жатыр, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Экономиканың өсу қарқыны, әрине, инфрақұрылымдардың дамуымен сабақтас. Бұл айқын мәселе. Инфрақұрылымсыз логистика болмайды. Ал, логистикасыз бизнес өркендемейді.
Бұл бағытта Қызылорда облысында тамаша мүмкіндіктер бар. Үстіміздегі жылы «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол құрылысы аяқталды. Бұл Еуропа бағытына тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. Іс жүзінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің облыстан өтетін барлық аудандар аумағындағы жұмыс аяқталуға жақын. Бұл Қазақстан мен Ресейдің аумағынан өтетін 10 аймақтың ішіндегі 812 шақырымды құрайтын ең үлкен жол бөлігі болып табылады. Жол бойында жылына 30 млн. тоннадан астам жүк тасымалданатын болады. Біз қазір автомобиль жолының бойын көркейту бойынша әріптестерді іріктеу жұмысына кірісіп кеттік. Бұл негізінен жолбойылық сервисті – ірі қойма және автосервис кешендерін, май құю стансаларын, кемпингтер және басқаларды ұйымдастыруды көздейді. Бұл біздің бизнес әлі айналыса қоймаған үлкен жұмыс ауқымы болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 29-30 қазанында Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе отырып, ІV инвестициялық "Байқоңыр” форумын өткіздік. Онда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде біздің аймақты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру мәселелері негізгі тақырыпқа айналды.
Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың аймаққа үлкен қолдау көрсете алатын мүмкіндіктері бар. Бағдарламалар шеңберінде бөлініп жатқан қаржыларды ескере отырып, біз соңғы екі жыл ішінде дамуға бағытталған қаржыны екі есе ұлғайтуға қол жеткіздік. Осы жағдайда бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтап қалдық.
Үстіміздегі жылы бізде еліміздің кез келген аймағына қарағанда жан басына шаққанда әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша көп қаржы бөлінді. Бұның маңыздылығы соншалық, әлеуметтік саладағы ұзақ жылғы артта қалушылықтың орнын толтыруға негіз қаланды.
– Біз кейбір мәселелер бойынша басқа аймақтармен салыстырғанда озық келе жатқан жағдайымыз бар, –деді Қырымбек Елеуұлы.
Мысал үшін облыста үш пен алты жас аралығындағы сәбилердің 90 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілді. Президенттің "Балапан” бағдарламасын 2020 жылы емес, 2015 жылы аяқтауды межелеп отырмыз.
Өткен жылы біз үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептерден толық арылдық. Ал, биылғы жылы апатты жағдайдағы мектептердің жартысының орнына жаңадан мектептер құрылысын сала бастадық.
Жақында облыс дәрігерлері Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталық мамандарымен бірлесе отырып бүйрек алмастыру операциясын сәтті жасап шықты. Ал, мұндай операция бұған дейін еліміздің тек үш аймағында ғана жасалып келген.
Денсаулық сақтау саласында атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында аймақта туберкулез ауруынан көз жұматын адамдар саны азайды. Сонымен қатар ана мен бала өлімі де айтарлықтай төмендеді. Бұл көп жылдардан бері облыстың үлкен әлеуметтік қиыншылығы болатын. Бүгінде күрмеуі қиын күрделі проблема тұрақталды.
Биыл жаңа Перинаталды орталық ел игілігі үшін жұмыс істей бастады.
Оңтүстік аймақтарда жұмыс күшінің мол екендігі белгілі. Бұл Қызылорда облысына да тән құбылыс. Осының салдарынан жұмыссыздық мәселесі жиі алдымыздан шығатын. «Қалауын тапсаң, қар жанады» демекші, бұл проблеманың да түйінін шеше бастадық. Әсіресе екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың қатары сиреді. Қазір облыстағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен.
Бірақ, бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені биылғы жылы бірнеше инфрақұрылымдық ірі жобалар бір мезетте аяқталайын деп тұр.
– Әрине, біз бұған дайынбыз. Мысалы жалпы құны 360 млрд.теңгені құрайтын жобалар аяқталатынын ескеріп, біз 300 млрд.теңгеге жуық қаражатты құрайтын бірнеше жаңа жобаларды дайындап қойдық. Сондай-ақ биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша өзге инвестициялардың көлемі 30 пайызға дейін артты. Бұған Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар да септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан жұмыссыздық проблемасы қиындық туғызбауы керек, – деді салмақты істі саралаған Қырымбек Елеуұлы.
Қызылорда қаласының да сәулеті артып, көркі ажарланып, жақсы қарқынмен дамып келеді.
Осы жылдың тоғыз айында шаһарда 94 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, аймақтағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 25 пайызға артқан.
Сырдарияның бос жатқан сол жағалауын игеруді қолға алдық. Бұл үшін алдымен дария арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды.
Облыс үстінен көптеген әуе қатынастарының өтетінін ескеріп, «Қазақтан Темір Жолы» АҚ-мен бірлесіп жаңа әуежай құрылысының қазығы қағылды. Қазан айында Қызылорда әуежайына «халықаралық» мәртебе берілді.
Қазірдің өзінде бірқатар әуе компанияларымен алдын ала келісім бар. Бұйырса, Қызылордадан – Бейжің, Стамбұл, Мәскеу, Дубай қалаларына тікелей ұшатын күн де алыс емес.
Облыс әкімі осыдан кейін металлургия кластерін құру жайына тоқталып өтті.
Сыр өңірі жерасты қазба байлықтарына, атап айтқанда, ванадийдің, мыстың, сирек кездесетін металдардың қорына аса бай болғандықтан біз металлургиялық кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстарды бастадық. Бұл бағыттағы бағдарлама ендігі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы тау-металлургия кеңесінде мақұлданды.
Көктемде ферроқорытпа зауыты (253 млн. доллар) құрылысы басталады. Оның техника-экономикалық негіздемесі дайын. Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін төмен аллюминийлі ферросилиций шығаратын болады. Бұл компоненттің метталургия саласының барлық өндірістерінде негізгі қоспа ретінде үлкен сұранысқа ие. Шығарылған өнімнің жіберілетін аумағы тым кең географиялық кеңістікті – Қытай мен Еуропа арасын алып жатуы мүмкін.
Әрине, бұл саланы дамытуды қолға алғаннан кейін оған білікті мамандар қажеттілігі туындайтыны рас. Сондықтан да осы мақсатта биылғы жылы біз 130 мектеп бітіруші түлекті Мәскеу болат және қорытпалар институтына, Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне және Санкт-Петербург мемлекеттік технология университетіне оқуға жібердік. Колледждерімізді қайта құрып, жергілікті университетте жаңа мамандықтар ашып жатырмыз.
Мамандар «Шалқия» қорғасын-мыс кен орында да керек болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жерде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ кен-байыту комбинаты құрылысын жүргізетін болды. Кәсіпорын 66 мың тоннаға дейін қорғасын концентратын және 230 тонна шамасында мыс концентратын шығарады (Жоба құны – 419 млн. доллар). Осы салада тәжірибесі бар мамандарды жұмысқа алу басталып жатыр.
Онан бөлек, облыста алдағы кезеңдері қазақстандық уранның жартысынан астамы шығарылатын болады. Сондықтан оны осы жерде өңдеуді ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырылып жатыр.
Егер де тұрғындардың көңіл-күйіне негізінен әсер ететін жағдайларға тоқталатын болсақ, ол коммуналдық қызметтер сапасы мен тұрғын-үй шаруашылығын дамыту мәселесі болары анық. Өкінішке орай, Қызылорда облыс орталықтары арасындағы ыстық сумен қамтамасыз етілмеген бірден-бір қала болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін қажетті жобалық құжаттарды дайындау аяқталып қалды. Пилоттық бастама ретінде біз бірнеше үйді ыстық суға қосып үлгердік. Мұнан бөлек, қала халқы ашық су көздерінен алынып отырған сапасы жоғары емес су ішіп отыр. Ал қаламыздың астында өте таза судың қоймасы – Қызылжарма су қоры жатыр. Белгілі микробиолог Луи Пастердің «Таза ауыз су – бұл денсаулық кепілі, ал тазартылмаған су – түрлі дерттердің 80 пайызының кепілі» деп айтқаны бар. Бұған келіспеске амал жоқ.
Сондықтан жоба дайындалып, екі жыл ішінде бұрғылануға тиіс жоспарланған барлық 85 скважинаның жартысына жуығы, дәлірек айтқанда, 38-і іске қосылды. Қазір олардан қаланың ауызсу жүйелеріне сапалы су берілуде. Алдағы бір-бір жарым жыл шамасында біз бұл жұмысты толық аяқтауға тиіспіз.
"Ақбұлақ” бағдарламасы аясында аймақта су құбырлары құрылысы белсенді жүргізілуде. Ол сондай-ақ елді мекендерде оң шешімін табуда. Оған дәлел, бүгінге дейін ауылдардың 70 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Есепке жүгінер болсақ, 2013-2014 жылдары 32 мыңнан астам тұрғыны бар 14 елді мекенге су құбырлары салынды.
Жасыратыны жоқ, бюджет қаржысы бәріне жете бермейді. Әсіресе, бүгінгідей "қара алтын” мен Қазақстанның басқа да экспортқа шығарылатын тауарларының бағасы күрт төмендеген жағдайда тіпті қиын. Сондықтан біз халықаралық қаржы институттары, оның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражаттарын тартудамыз. Бұл негізінен облыс орталығындағы сумен жабдықтау, электр және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін модернизациялауға жұмсалмақшы. Сонымен бірге жылу электр орталығын модернизациялауды қаржыландыру мәселесіне жұмыс жасалуда.
– Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы банкротқа ұшырағаны естеріңізде болар, – деді облыс әкімі. –Алайда оны сауықтыру шаралары табысты жүргізілді. Осылайша оны дамытуға Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражаттарын тарту арқылы аталған құрылымның жұмысын қайта бастауына мүмкіндік жасалды.
Таяу күндерде бұл жобалардың барлығына банкпен несие келісімдеріне қол қойылмақшы. Тағы бір алдын ала келісім бар. Ол қатты тұрмыс қалдықтарын өңдеу жөніндегі зауыт құрылысы.
Бұдан басқа облыс орталығындағы қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру қолға алынуда. Оның аясында Қызылорда қаласы үшін экологиялық таза жанармаймен жүретін 120 заманауи автобус сатып алу көзделген. Аталған көліктің бір бөлігі қазіргі таңда қызылордалықтарға қызмет көрсетуде.
Облыс орталығын жарықтандыру жайлы жоба талқылану үстінде. Оған нағыз қазіргі заманғы энергия үнемдейтін технологиялар қолданылмақшы. Бұл жұмыстарда бір ғана Еуропа қайта құру және даму банкімен 60 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайтын 8 жоба бар.
Аталмыш Банк президенті Сума Чакрабарти жуырда жұмыс сапарымен облысымызда болды.
Адам өмірін жақсартатын инфрақұрылымдардың маңызды бөлігі елді мекендерді газдандыру болып табылады. Өкінішке орай әлі күнге ауыл тұрғындары үйлерін сексеуіл және көмірмен жылытады. Бірақ біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?!
– Облыстың «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының игілігін көретін күн алыс емес. Біз «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамымен бірлесіп барлық аудан орталықтарындағы қажетті инфрақұрылымдардың құрылысына кірісіп кеттік, – деді аймақ басшысы. – Алдағы 2015 жылы тұрғындар мен мекемелерге газ беруді бастайтын боламыз деп ойлаймын. Алдын ала есеп бойынша 2017 жылы аймақ тұрғындарының 70 пайызға жуығы көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Бұл жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін қазірдің өзінде 23 млрд. теңге қаралып отыр. Осылайша әрбір адамның күнделікті өміріне қатысты проблемалар шешімі табылды.
Сөз түйінінде Қырымбек Елеуұлы аймақтың болашағы баянды боларына тоқталып өтті. Себебі «Алаштың анасы» саналатын Сыр еліне Елбасы ерекше қамқорлық танытып отыр. Ең бастысы, қызылордалық әрбір азамат туған жерінің көркеюі үшін аянбай еңбек етуге ниетті.
– Әрине, қазіргі экономикалық жағдайдың аса қолайлы емес екенін білеміз. Бірақ, «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, біз алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін барымызды саламыз, – деп сөзін қорытты аймақ басшысы.
***
Брифинг барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
«Жас қазақ» газеті: – Мамыр айында Қызылорданың Жаңақорған және Шиелі аудандарында күн райының күрт құбылуынан 5 мыңнан астам бас уақ мал қырылды. Бұл жекеменшіктің малы еді. Бірақ көп жерде әкімдер жекенің меншігіндегі мал шығынға ұшырағанда көмектеспейді. Сіздің облыс әкімдігі тарапынан малы қырылған ағайынға көмек көрсетілді ме?
Тағы бір мәселе – мәжіліс депутаттары тарапынан білім саласындағы реформалар сынға жиі ұшырап жатады. Осыған қатысты пікіріңізді білсек...
Қ.Көшербаев: – Мал иелеріне 100 млн. теңгенің көлемінде жәрдем жасалды. Қазір 10 мыңнан астам уақ мал алудамыз. Соның ішінде малынан айрылған Жаңақорған мен Шиелі ауданындағы шаруашылықтарға тиісті көмек көрсетілді. Шығынға ұшыраған шаруалармен кездестік. Дер кезінде жасалған шараларға ризашылықтарын білдірді.
Білім – еліміздің болашағы. Бұл сауалға тарихи тұлғалардың айтқан сөздерімен жауап берсем, Абылай хан «Білектінің заманы өтті, біліктінің заманы келе жатыр, дайынбысың, әлеумет?» деген. Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан, сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегенін білесіздер. Мен министр болып жүргенде 1998 жылы білім қызметкерлерінің бірінші құрылтайын өткіздік. Сонда Елбасы баяндамасын «Келешекке кемел біліммен» деп атады. 30 өркениетті елдер қатарына кіру үшін тек экономикада ғана емес, біліміміз, адамымыз бәсекеге сай болуы керек. Білім саласының проблемалары тек бір министрліктің мәселесі емес. Мұны бүкіл қоғам қадағалауы тиіс. Парламент, барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар білім саласындағы реформаларға қатысты ой-пікірлерін айтуы орынды. Бұл бір министрліктің салалық мәселесі емес.
Өткен жылы облыстың барлық елді мекенін аралап шықтым. Сонда білім саласындағы жағдайға көңілім толмады. Шұғыл шешімдер қабылдауға тура келді, 27 мектептің директорын бір мезетте жұмыстан босаттым. ҰБТ-дан өткен жылы орта балл 64,5 еді, биыл 74 балл болды. Бұл жерде мәселе жинаған балда емес, балаларға обал жасамау керек. Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп жүрген дарынды, талапты балаларға жағдай жасамасақ, ауылдық мектептерде білім сапасын арттырмасақ, азаматтық парызымызды орындадық деп толыққанды айта алмаймыз.
Бүгінде облыс әкімінің гранты тағайындалған. Ауылдық жерден мектеп бітірген, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың 365 баласы Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орындарында халық шаруашылығына қажетті мамандықтар бойынша оқып жүр. Мұны бюджет жағдайы көтерсе, 500-ге дейін жеткізгіміз келеді. Олар оқу бітірген соң келісім бойынша 5 жыл облыста жұмыс істейді. Білім саласындағы реформаларға өте мұқият қарау керек деп есептеймін.
«Астана» телеарнасы: – Ресей былтыр құлаған зымыран үшін өтемақыны қашан өтейді? Байқоңырдағы мектептер қазақстандық стандарттарға көше ме? Қызылордадағы зағиптар қоғамының 400 мүшесі жұмысқа зәру екен, соларға көмек бола ма?
– Біздің мамандардың есептеуінше, зымыран апатының зардаптарын жою үшін 13,9 млрд. теңге төлеу керек. Ресейліктер өтемақы төлеуге дайынбыз деп отыр. Бірақ, келтірілген шығынды қазақстандықтар бір әдістемемен, ресейлік тарап басқа әдістемемен есептейді, яғни әдістемесі келісілмеген. Қараша айының соңында Байқоңырда үкіметаралық комиссия мәжілісі өтеді. Сонда экология мәселелері бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылмақ. Байқоңыр айлағында болған жағдайлардың бәріне Қазақстан Республикасының экология заңдылықтары толыққанды жүреді. Екінші өте маңызды мәселе, ортақ әдістемемен есептеуге келісім жасалады.
Байқоңырда қазақстандық балалар оқитын 6 мектеп бар. Қазақ балалары қазақ мектебінде отырып, оқулығын ашады да «Менің Президентім – Путин» деп оқиды. Олар қандай азамат болып қалыптасады? Патриот бола ма? Ресей стандартымен оқыған балалар ҰБТ-ға қатыса алмайды, еліміздің ЖОО-ларына түсе алмайды. Олардың заңды құқықтары шектеліп отыр. Үкіметаралық келісім жүрді. Екі мемлекеттің Білім және ғылым министрліктері арасындағы келісімге жоғарыда аталған мәжілісте қол қойылады. Амандық болса, келесі оқу жылында Байқоңырдағы 6 мектеп қазақстандық стандартқа көшеді.
Біздің облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетудің арнайы жол картасы қабылданған. Оған 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылдың өзінде 750 жұмыс орнына мүгедектер орналасты. Оның ішінде зағиптар қоғамы мүшелерінің үлесін қарап, тиісті шара қабылдаймын.
«Ratel» порталы: – Сіз басқаратын облыста іс-қағаздарын жүргізу толықтай мемлекеттік тілге көшірілген. Дегенмен, мемлекеттік тілді дамытуға қомақты қаражат бөлінген. Менің естуімше, 25 млн. теңгедей қаржы қарастырылған. Бұл туралы нақтылап айтып берсеңіз.
– Мемлекеттік тілге қаржы бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені қазақ тілі қоғамның әртүрлі салаларында толыққанды қолданылмайды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қаржы бөлуді жалғастыра беру керек.
«Егемен Қазақстан» газеті:–Қызылорда облысында халық санының табиғи өсімі жоғары, еңбек күшінің көп екенін айттыңыз. Еліміздің солтүстік аймақтарында жұмыс күші жылдан жылға тапшы болып барады. Оңтүстік өңірдегі азаматтардың солтүстікке қоныстанып, жұмыс істеуіне көзқарасыңыз қандай? Солтүстік, Шығыс Қазақстандағы әріптестеріңізбен сол аймақтарға еңбек күшін тарту жөнінде келісім жасадыңыздар ма?
–Ата-бабамыздан қалған кең-байтақ жер – ерекше мұрамыз. Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып жүргенде Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесімен айналыстым. Басқа елдерді былай қойғанның өзінде, Ресеймен шекарамыз 7562 шақырым. Мұндай мемлекетаралық шекара тек АҚШ пен Канаданың арасында бар. Сондықтан солтүстіктің дамуына оңтүстіктегі азаматтардың үлес қосуы маңызды. Биыл 450 жас түлек солтүстіктегі кәсіптік оқу орындарына барды. Егер ол жерде дұрыс жұмыс ұсынылса, әлеуметтік жағдайы шешілсе, сонда қалғанын құп көреміз. Кең-байтақ жеріміздің қай түкпірін де жатсынбау керек. Жақында ғана 240 жылдығын атап өткен біздің батыр бабамыз Жанқожа жер үшін 86 жасында жау оғынан қайтыс болған. Сонда ұрпағына «мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен тіреп жатайын» деп аманаттапты. Есет Көтібарұлы батыр да кейінгілерге осындай аманат қалдырған. Біз осындай даналардың ұрпағы емеспіз бе? Бұл мәселеге ұлттық көзқараспен қарау керек.
«Ойлньюс» порталы: – Бүгінде өңірдегі өндірілетін мұнай көлемі азайып, қор біртіндеп түгесіліп келеді. Әлемде мұнай бағасының құлдырағаны белгілі. Экономиканы өркендетуде мұнай-газ секторының үлесін азайту бағытында қандай жоспар бар? Мұнайдан басқа салаларға инвестиция тарту қалай жүргізілуде? Аймақтағы жанар-жағармайға қатысты жағдайды айтсаңыз.
– Экономиканың бұрынғы құрылымы бізге сай келмейтіні туралы жоғарыда айттым. Мұнай нарығындағы жағдайдан өздеріңіз хабардарсыздар. Экономиканы әртараптандыру басқа өңірлер үшін дамудың басым бағыты шығар, біздің өңір үшін өмірлік қажеттілік. Одан басқа жол жоқ. Ескі сүрлеумен кете берсек, 10-15 жылдан кейін бюджеттің кіріс бөлігінде саңылау пайда болуы мүмкін. Сондықтан бізге экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін салалардың жұмысын жандандыру керек.
Біз аймақтың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жасадық. Оны жасауға белгілі ресейлік экономист-ғалым А.Аганбегян бастаған ғалымдар атсалысты. Әрине, мұнай өндіруге қатысты жұмыстар да тоқтап қалмайды. Металлургиялық кластер құруға негіз болған табиғи ресурстарды өндіруге инвестиция тарту керек. Қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы, «Бейнеу Бозой-Шымкент» газ құбыры сияқты ірі инвестжобалар аяқталғанмен, басқа салаларға инвестиция тарту өсті. Тек қана Еуропаның қайта құру және даму банкімен бірге 8 жоба іске асырылмақ. Басқа да халықаралық қаржы институттарымен келісім бар. Қазіргі жағдайда инвестиция, қаржы тарту бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін беруіміз керек.
Жанар-жағармайға келсек, оның бағасы бақылауда. Энергетика министрлігі Елбасы тапсырмасын орындап, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде жемісті жұмыс атқарады деген сенім бар.
«Қазақстан-Заман» газеті: – Жақында Қызылорда облысында бір апта болдық. Онда бүкіл елге үлгі ететін Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов, Бесарық, Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылдарын көрдік. Инвестициялық жобалардың іске асуымен таныстық. Менің сұрағым, «Сыр медиа» серіктестігіне 2 облыстық және аудандық газеттер біріктіріліпті. Бұл бәсекелестік қағидатына қайшы келмей ме?
– Қаржыны тиімді пайдалану үшін осындай шешім қабылдадық. Аудандық газеттің құрылтайшысы облыс орталығында. Егер аудан әкімдігіне бағынышты болса, жергілікті жердегі орын алып жатқан кемшілікті жаза алмайды. «Бізде бәрі керемет» дей беруге болмайды. Кемшіліктер де бар. Елбасы да «тоқмейілсімеңдер, мұқият болыңдар, халықпен кездесіңдер, өздерің елді мекендерді аралаңдар» деп тапсырып отыр. Бір жағынан бюджет қаржысын тиімді пайдалану үшін, жергілікті БАҚ-тың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл дұрыс деп ойлаймын. Бұл жерде монополияға қарсы заңдылық тұрғысынан ғана қараудың керегі жоқ.
«7 арна»: – Қызылорда облысында 27 мың мүгедек адам тұрады екен, яғни әрбір бесінші отбасында мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оларды жұмысқа орналастыру қалай жүргізіліп жатыр? Жаңа оқу жылының басында оған дайын болмай шыққан апатты жағдайдағы мектептер осы облыста байқалды. Мәселен, Қармақшы ауданындағы №26, Қазалы ауданындағы бір мектеп, Арал ауданы Сексеуіл аулындағы апаттық жағдайдағы мектептер. Бұл мектептердің қазіргі жағдайы қандай?
– Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жол картасын жасап, оны облыстық мәслихат бекітті. Оған 7,6 млрд. теңге бөлінген. Жоғарыда аталғандай, 27 мың мүгедектің бәрін жұмысқа орналастыруды міндет етіп қойған жоқпыз. Олардың бірі оқу керек, біреуі жұмыс орнын ашу керек. Енді біреулері үйде отырып жұмыс істеуге қабілетті. 750 тұрақты жұмыс орны ашылды. Басқаларына өз сұраныстарына сәйкес тиісті көмек көрсетілуде.
«Ақниет» бағдарламасы арқылы грант алып отырған азаматтарымыздың 45 пайыздайы мүгедектер.
«Ақниет» бағдарламасы екі жылдан бері Қызылорда облысында жүзеге асып келеді. «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» мұнай компаниясы Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Қармақшы ауданының ауыл тұрғындарына кәсіп ашу үшін 1 миллион теңгеге дейін грант беру арқылы кәсіпкерлікті дамыту, экология, инновация саласындағы жобаларға қаржылық қолдау көрсету мақсатында қолға алынған бағдарлама.
Қазіргі таңда олардың дені халыққа шаштараз, наубайхана, балабақша, тігін цехы секілді қажетті қызмет түрлерін көрсетуде. Алдағы уақытта бұл жобаны кеңейту жоспарда бар.
Апаттық жағдайдағы мектептер кезінде асармен салынған ғимараттар. Биыл 12 мектепті салдық, енді 13-і бар. Бюджет жағдайы көтерсе, оларды да салып бітіреміз. 2016 жылдың бірінші жартысында Қызылорда облысында апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толыққанды шешіледі.
«Тенгриньюс» порталы: – Байқоңыр мен Арал маңындағы халықтың экологиялық мәселелері қалай шешім табуда. Қазанның аяғында Байқоңыр тұрғындары жылудан тапшылық көріп отырғандарын айтты.
– Соңғы сұрағыңыздан бастайын. Сіз Байқоңырдың жалға берілген қала екенін білесіз. Қаланың әкімшілік басшысы А.Петренко мырзаға мазут мәселесіне қатысты көмектестік.
Байқоңырға қатысты айтсам, екі ел басшылары бірлескен жол картасын мақұлдады. Жол картасында қала іргесіндегі Төретам және Ақай ауылдарының проблемасын шешу көзделген. Екі ауылды Байқоңырдан бөліп қарамау керек, өйткені олар тұтас ағза секілді. Қазіргі таңда ҚР Аймақтық даму министрлігі Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылдық округін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын бекіту жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын дайындауда. Біз өз мойнымызға алған міндеттерімізді орындауға кірістік. Төретам тірек ауылдар қатарына енді. Осы уақытқа дейін Байқоңырға салынған жаңа нысандардың барлығын қазақстандық тарап салды. Ресейлік тарап қаланы дамытуға қаржы бөліп отырған жоқ. Қалада босап қалған бірнеше әскери нысандар бар. Ресейліктерге осындай ғимараттарды түгендеп, меншік иесіне беріп бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныспен шықтық. Ол жақта жаңа инвестжобалар іске асса, әскерилерден босаған тұрғын үйлер де бар. Жастар Байқоңырға барып жұмыс істеуге мүдделі.
Арал туралы бір-екі сөзбен айту қиын. Адамзат тарихында теңіздің тірілуі бұрын соңды болмаған. Елбасының еселі еңбегінің арқасында Аралдың солтүстік бөлігі қалпына келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде Аралды құтқаруға күш салғаны үшін қызылордалықтар Елбасына шексіз риза. Қазір екінші кезеңді іске асыруды жобалау аяқталды. Үкімет Дүниежүзілік Банкпен меморандумға қол қойды. Алдағы жылы екінші кезең басталады деп күтіп отырмыз. Теңіз 74 шақырым алыстап кеткен болса, жақында тікұшақпен бақылағанымда 17 шақырымдай ғана қалыпты. Аралдан Қапшағай мен Балқашқа қоныс аударған балықшылар қайта оралды. Арал аймағында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.Балық түрлері де көбейіп келеді. Ал басқа мемлекеттер теңізді құтқарып қалуға ниет танытпай отыр. Қазір шығыс жақ бөлігі толық құрғап қалған. Бізде тұз, шаң-тозаңның көтерілуіне тосқауыл қою үшін теңіздің құрғаған табанына сексеуіл егілді.
«31 арна»: – Осы аптаның басында Қазақстанды 4 облысқа бөлу керек деген ақпарат шықты. Ресми өкілдің аузынан шықпаса да, осы мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай? Қостанай облысында Жаңа жылға дайындық басталып кетті. Сіздің облыс Жаңа жылға дайындықты қашан бастайды.
– Елімізді 4 аймаққа бөлу туралы естіген жоқпын. Қаңқу әңгіменің бірі шығар. Ал Жаңа жылды барлық адамзат баласы үлкен үмітпен күтеді. Желтоқсанның бірі ҚР Президенті күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі, содан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз.
«Вечерняя Астана» газеті: – Сырдарияның сол жағалауын игеру туралы көп айтылды. Қазір бұл жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр?
– Қаланың бас жоспары бойынша сол жағалауды игеру қаралған. Астана үлгісімен дамыту жоспарланған. 2000 гектардан астам жер бөлінген. Бір жыл бойы геологиялық барлау жұмыстары жүрді. Бірінші кезекте жерасты суын тексеріп алу керек болды. Қазір сол жағалауға өтетін көпір құрылысы басталды. Алдымен инженерлік инфрақұрылымдарын апарамыз.
«24 КZ» телеарнасы: – Экологиялық ахуалдың қиын жағдайында аймақтағы аурушаңдық, онкологиялық аурулар көрсеткіші қандай? Жергілікті жолдарды салуға қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Біз облыстың денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін қамтитын «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасын» бекітіп, тиісті қаражаттарын бөлдік. Ана мен бала денсаулығын нығайту, олардың өлім көрсеткіштерінің нақты себептеріне талдаулар жасап, жоспарлы жұмыстарды қоя білдік. Санитарлық авиация бригадаларын, аудандық ауруханалардың босану бөлімшелерін гинеколог, анестезиолог, неонатолог мамандарымен толықтыруға күш салып, жаңа туылған нәрестелерге көмек көрсететін 14 неонатолог маманды қайта оқыттық. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, соңғы үш жылда ана өлімінің, сәби өлімінің көрсеткіші төмендеді. Онкологиялық көрсеткіштер бойынша да жоспарлы жұмыстар бар.
Жергілікті жолдарға 2 жылда 22 млрд. теңгеден астам қаржы қаралды. Оның 14 млрд. теңгесі облыс бюджетінен, 8 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Жергілікті жолдарға ақша бөлу жөнінен алғашқы үштіктеміз. Аудандар мен қала балансында болған 223 шақырым жергілікті жолдарды облыс балансына алдық. Жол салуды қаржыландыру 4 есеге ұлғайды.
«BAQ КZ» порталы: Облыстағы балық шаруашылығының дамуы туралы айтсаңыз.
– Балық шаруашылығын дамыту үшін арнайы консорциум құрылған. Қазір Арал мен Қазалы аудандарында жылына 6 мың тонна балық аулануда. САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асқанда Қараөзек, Ақшатау көл жүйелері қалпына келеді. Соның арқасында облыста өңделетін балық көлемі 30 мың тоннаға жетеді деп күтіп отырмыз. Аралда балықтың 27 түрі бар. Қамыстыбас тұқымбағында қаяз балық дайындалуда. Арал мен Қазалыда 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Арал балығы Еуропаға экспортталуда. Өнімдерімізге еурокод алдық. Облыс әкімдігі аймақтан өңделген балықтың, яғни дайын өнімнің шығуын талап етіп отырмыз.
– «Bnews» порталы: Аймақта бағаны тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанында тұрақтандыру қоры бар. Нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті. Біздегі баға республикалық орташа бағадан төмен. Тұрақты мониторинг жасалады. ӘКК-нің Қызылорда қаласының өзінде 11 арнаулы дүкені бар. Онда базар бағасынан 10-15 пайыз арзан азық-түлік сатылады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |