« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
«Баспасөз – саяси ықпал
жасаудың ықпалы» деп Елбасымыз атап өткеніндей, қай қоғамда болмасын ақпарат
құралдарының алар орны ерекше. Бүгінгі
жаһандану заманында да БАҚ саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе, кемімейтіні
түсінікті. Осы орайда, жұмада аймақтың ата басылымдары – «Сыр бойы» мен
«Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдық мерейтойына арналған шаралар
аясында «Жаһандану және журналистика: бүгінгі күннің өзекті мәселелері» атты
республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі де үлкен мәнге ие
болса керек.
Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өткен конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова жиналған қауымды аймақтың ата басылымдары «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сыр елінің рухани айнасы болған қос басылым ғасырға жуық уақыт аралығында талай ұрпақты тәрбиелегенін атап өткен Ақмарал Шәріпбайқызы аймақтың ақпарат саласында көшбасшы газеттердің көтеріп отырған жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін жеткізді.
Мұнан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
конференцияға қатысушыларды қос басылымның мерейтойымен құттықтады. Аймақ
басшысы өткен дәуір дерегін таңбалап, бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген
байырғы басылымдар бүгінге дейін мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап келе
жатқанын атап өтті. Ұлт Көшбасшысы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
айтқандай: «Тәуелсіз Қазақтан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз». Осы
құндылықты қорғау һәм қадірлеу секілді миссияны жүзеге асыру жолында бұқаралық
ақпарат құралдарының алар орны ерекше. «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері – кешегі
өткен ғасырдағы уақыт талабын жұртшылыққа жеткізіп, дәуір толқынымен тыныстаған
ақпарат көздері. Тіпті, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан шебіндегі сарбаздар ерлігін елге
жеткізген осы басылымдар. Бір сөзбен айтқанда, кешегі мен бүгінгінің бейнесі
қатар өрілетін, өзіндік ұстанымдары мен ой-пікірлері бар басылымдар ел еркіндігінің,
бірлігінің, әрбір жарқын жаңалықтың жаршысына айналды. Қырымбек Елеуұлы
аймақтың ақпарат айдынында құстың қос қанатындай болған басылымдар талай
талантты түлеткен ұстахана екендігін жеткізді. Осы қос газетте шыңдалған талай
журналистер күллі республикаға танымал қаламгерлерге айналды.
Ғасырға жуық уақыт аралығында аймақтың ата басылымының атауы сан өзгерді. Тек 1991 жылдың 24 қыркүйегінде өзінің тарихи атауын қайта тапты. Жаңа дәуір табалдырығында тұрған жұртшылыққа экономикалық қарым-қатынастардың қыр-сырын түсіндіруде басылым тілшілері табанды түрде жұмыс істеді. Жалпы соңғы ширек ғасырда 125 миллион данаға жуық «Сыр бойы» басылып шығыпты. Бұл аймақта мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізудегі басылымның алар асуының биік екендігінің белгісі. Ал жалпы 85 жыл ішінде екі басылымның миллиардқа жуық данасы жұртшылықтың қолына жеткен. Облыс әкімі қай жағынан алғанда толысып, шыңдалған қос газет бүгінгі тәуелсіз еліміздің, аймақтың даму дидарын көрсетуде елдікті, теңдікті, бірлікті насихаттауда аға басылымдық биіктегі деңгейінен түспейді деген сенім білдіріп, журналистер ұжымын мерейтойларымен құттықтап, бірқатар қаламгерлерді марапаттады. Облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен «Сыр бойы» газетінің фототілшісі Болат Омарәлиев және «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев марапатталды. Ал Гүлжазира Жалғасова, Әділжан Үмбет, Юлия Вервай, Айнагүл Манабаева, Бақытжан Салмырза «Алғыс хатпен» марапатталды. Сонымен қатар аймақ басшысы қос басылымның редакторларына жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
Ғылыми-практикалық конференцияда қос газет мерейтойына
орай лебізін арнаған «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат
Аупбаев факс, интернет жоқ заманда облыстық газеттердің өңірлердің жаңалықтарын
жеткізуде маңызды роль атқарғанын атап өтті.
Сол жылдары Қазақстандағы аймақтық газеттердің арасында Алматы облысының
«Жетісу», Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» Шымкент облысының «Оңтүстік
Қазақстан» және Қызылорда облысының «Ленин жолы» газеттерінің өзгелерден
шоқтығы биік болғанын келтірді. Қазіргі қазақ баспасөзін бүгінгі деңгейге
жеткізуге үлес қосқан небір талантты журналистер жас кезінде облыстық
газеттерде тәжірибеден өтті, қызмет
атқарды. Ж.Аупбаев «Сыр бойы» газетінде басшылық жасаған бірқатар тұлғаларға
тоқталды. Зейнулла Жарқынбаев редактор болып тұрған шағында әлеуметтік
мәселелерге көп көңіл бөлсе, Ұзақ Бағаев мәдениетті көтеруге үлес қосты. Ал
Нұрділдә Уәлиев Мәскеуге арнайы барып, газеттің тарихын анықтауда көп еңбек
жасады.
Еліміздің бас басылымы өкілі қызылордалық әріптестеріне табыс тіледі. Оның бұл тілегін тағы бір астаналық мейман, «Казахстанская правда газетінің бас редакторы Татьяна Костина жалғастырды. Ол бүгінгі адамдардың идеологиядан алшақтап, рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтарға бет бұрған заманында газеттердің атқарып отырған еңбегінің айрықша екенін тілге тиек етіп, қос ұжымға ізгі сөздерін арнады.
Сонан соң Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев сонау жиырмасыншы жылдарың екінші жартысында газеттің көтерген жүгіне шолу жасады. Бұл әкесін баласына, баласын әкесіне жау қылып көрсеткен кеңестік зұлымдық саясаттың белең ала бастаған шағы еді. Сол кездегі газет беттерінде осы саясаттың салқыны анық байқалады. Баяндамашы осындай тартыстарды бейнелейтін мақалалардан үзінділер келтіріп өтті. Сонымен бірге, оны біржақты бағалауға болмайтынын да жеткізді. Осы кезеңдегі басылымдар ел арасындағы сауатсыздықты жоюға, халықты отырықшылыққа үйретуге, шаруашылыққа бет бұруға, мәдениетті көтеруге, әйел теңдігін сақтауға шақырып отырды. Сол уақытта «Ленин туы» деп аталған басылым да бұл іске өзінің үлесін қосты.
«Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде «интернет белең алып келе жатқан уақытта газеттер өледі» деген ұғымға қатысты ойларын жеткізді. Ол әлемде миллиондаған тиражбен шығатын «Иомури», «Нью-Иорк таймс» секілді газеттер легі өте көп болып тұрған кезде, мұндай қауіптің бекершілік екенін айтты. Интернеттің ақпаратты жеткізудегі жылдамдығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, газеттер адамдарға ой жеткізеді, сонымен қатар тіл тазалығын сақтаушы құрал болып отыр. «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы - ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры Бауыржан Жақып «Сыр бойы» газеті әдебиетке көп көңіл бөлгенін ризашылықпен жеткізді. Асқар Тоқмағамбетов секілді сатира сардары фелетьондарымен газеттің сәнін кіргізгенін, Ұзақ Бағаев редактор болған жылдары таралымы 65 мыңға дейін жеткенінен хабардар етті. Б.Жақып журналистерге арнаған жыр жолдарын оқып, той иелеріне «Қазақ энциклопедиясының» он томдығын тарту етті.
Конференцияда сондай-ақ әл Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы
бүгінгі журналистика саласына қатысты ойларын ортаға салды. Ол елімізде
журналистика факультеттері көп болуының зиянды жақтарын да айтып өтті. Сонымен
қатар, журналистиканы ғылым ретінде танып, оған грантты көбірек бөлу туралы
министрлікке ұсыныстарын жолдағанын мәлімдеді. Ол газеттердің әділдіктің
жаршысы, ділдің тазалығы, рухани құндылықтарымыздың санитары, қорғаушысы,
шырақшысы деген келелі пікірін жеткізді. Сол секілді, отбасында атасы газетті,
әкесі теледидарды, баласы айфонды серік қылып, бір-бірімен тілдесуге уақыт
таппайтын бүгінгі күннің келеңсіз
құбылысын да сынға алды. Ал әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университеті журналистика факультетінің оқытушысы Аманқос Мектептегі «Тасқа
басылған таңбалар» атты баяндамасында ерте дәуірлерден сыр шертті. Осылайша, «Сыр бойы» мен «Кызылординские
вести» газеттерінің 85 жылдығына орай өткізілген ғылыми-практикалық конференция
қатысушылары көп мағлұматтарға қанықты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |