ХАЛҚЫНА ҚАЛАМЫМЕН ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

ХАЛҚЫНА ҚАЛАМЫМЕН ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНОблыстың ата басылымдары "Сыр бойы” және "Кызылординские вести” газеттерінің 85 жылдық мерейтойы жұма күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен "Туған жерім – киелім, қасиеттім” атты облыстық ақындар айтысына ұласты.

Жыр додасында талай айтулы сайыстарда Сыр елінің абыройын асқақтатып жүрген Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Мейірбек Сұлтанхан, Мөлдір Айтбай, Ержан Әміров және басқалар бақ сынады.

Айтысқа Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев бастаған "Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Жанболат Аупбай, "Қазақ энциклопедиясы” бас редакциясы – ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Бауыр­жан Жақып, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналис­тика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, "Ақтөбе” газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы сияқты қазылар алқасының әділ төрелік жасағанын айтып өткеніміз орынды. Содан да болар, өнердің шын жанашырлары отырғанына көз жеткізген айтыскерлердің айтар әр сөзіне мән бергені анық байқалып тұрды.

"Абзал және К” толық серіктес­ті­гінің бас демеушілігімен ұйым­дас­тырылған айтыста төрт жұпқа топ­тасқан суырыпсалма сөз шеберлері қос басылымның тарихынан сыр суыртпақтап, туған өлкенің өсіп-өркендеу жылнамасын жырға қосты. Адуынды ақындар айтыс десе делебесі қозатын өнерсүйер қауымды осылайша бір желпінтіп тастады.

ХАЛҚЫНА ҚАЛАМЫМЕН ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНАйтыс шымылдығын сонау тоқса­нын­шы жылдардан жұрт­шылыққа жақсы таныс Жұмабай Шерниязов пен кейiнгi толқын Ержеңіс Әбдиев ашты. Ұзақ жылдар айтыс өнерінен алыстап, киелі сахнада тер төгіп жүрген Жұмабай алғашында кібіртіктеңкірегенімен, бірте-бірте жазылып сала берді. Ержеңіс те есесін жібере қоятын ақын емес-ті. Қос газетті тілге тиек еткен айтыскерлер әділқазылар ұйғарымымен тең тарасты. Бұдан соң болашақ журналист, ҚМУ-дың 4-курс студенті Серікхан Жүзеев пен республикалық айтыстарда олжа салып жүрген Мейірбек Сұлтанхан сөз таластырды. Мұнда тәжірибесі басым Мейірханның мерейі үстем болды. Үшінші жұпта Нұрматтың атағынан тайсалмаған шиелілік Ержан Әміров келесі кезеңге қиналмай өтті. Соңғы жұпта айтысқа қатысқан жалғыз қыз Мөлдір мен республикалық "Алтын домбыраның” алғашқы иесі Мұхтар айтысы көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен келесі кезеңге шыққан Мұхтар, Мейірхан, Ержан және Нұрмат сахнада қатар отырып, Құрманбай айтыста жеңімпазды анықтады. Әділқазылар шешімімен бас бәйгеге лайық деп танылған Ержан Әміров 250 мың теңгеге ие болса, бірінші орынға тігілген 170 мың теңге Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Екінші орынға табан тіреген Мұхтар Ниязов 140 мың, ал үшінші орынға жайғасқан Нұрмат Мансұров 120 мың теңгені қанжығаға бөктерді. Бұл айтыстың тағы бір ерекшелігі, жырсүйер қауымның жүрегіне жылылық ұялатқан Жұмабай Шерниязов, Ержеңіс Әбдиев, Мөлдір Айтбай және Серікхан Жүзеев жүлдеден қалыс қалмады. Олардың әрқайсысына 85 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.

Жеңімпаздарға жүлделерді әділ­қазы­лар алқасының төрағасы Намазалы Омашев, айтыстың бас демеушісі – "Абзал және К” толық серіктестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихат депутаты Абзал Ералиев, "Сыр Медиа” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев салтанатты жағдайда тапсырды.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 04 қараша 2014 г. 1 243 0