ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАПСЫРМАНЫ ОРЫНДАУ ТАЛҚЫЛАНДЫСейсенбі күні  Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен 2013 жылдың 11 қазанында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау барысы мәселелері талқыланды.
Отырыста Үкімет басшысы  министрлер мен әкімдер тарапынан Президент тапсырмаларын орындауға жіті көңіл бөлінбейтінін атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты тиімді жедел ұйымдастыру қажеттігі туралы баса айтты.  
Тапсырмаларды орындау жоспары туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады. 
Оның хабарлауынша, Үкімет бекіткен Іс-шаралар жоспары 70 іс-шарадан тұрады. 2013 жылдың аяғына дейін 46 іс-шараны, ал 2014 жылы 22 іс-шараны іске асыру көзделіп отыр. 
Іс-шаралар жоспары төрт нормативтік-құқықтық акті жобасын әзірлеуді көздейді. Құжаттар бюджеттік заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдарда сатып алуларды жүргізу, Бюджетті атқару ережелері мәселелеріне қатысты. Е.Досаев айтқандай, алты іс-шара бойынша Мемлекет басшысына баяндамалар енгізілетін болады. Бұл 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИДМБ жүзеге асыру, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларды орындау, 2013-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың Кешенді жоспарының орындалуы, салық базасын өсіруге мүдделілікті қамтамасыз ету, алкоголь өнімдері айналымына бақылауды күшейту, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне қатысты. 
Министр, сондай-ақ, мемлекеттік органдарға, нақты айтқанда, экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму, қаржы, индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне Жоспардың 42 іс-шарасы тапсырылатынын айтып, олардың орындалу мерзімдерін мәлімдеді. 
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаевтың, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің, Өңірлік даму вице-министрі Қ.Өскенбаевтың баяндамалары тыңдалды. 
Нақты айтқанда, мемлекеттік сатып алу, алкоголь өнімдері айналымы, бюджет қаражатын игеру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл, экономиканы индустрияландыру, ауылшаруашылық қайта өңдеу, АЭА қызметінің тиімділігі, «Бизнестің жол картасы-2020» жүзеге асыру, ТКШ жетілдіру бағдарламасы, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптау бағытындағы жұмысты жетілдіру бойынша шаралар баяндалды. 
Қысқаша хабарламалардан кейін  Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялардың бірінші вице-министрі А.Рауға, Өңірлік даму вице-министрі С.Нокинге, Қаржы вице-министрі А.Теңгебаевқа, Денсаулық сақтау вице-министрі Б.Төкежановқа, Ауылшаруашылық вице-министрі М.Толыбаевқа, Мәдениет және ақпарат вице-министрі А.Қырықбаевқа сөгіс жариялады. Сондай-ақ, бірқатар комитет төрағалары және басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды. 
Павлодар және Жамбыл облыстарының әкімдеріне қаржы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс беру тапсырылды. Сонымен қатар, С. Ахметов жыл соңына қарай жағдай өзгермесе, Мемлекет басшысының атына бірінші басшыларды, оның ішінде әкімдерді жазалау туралы ұсыныстар енгізетіндігін де баса айтты.    
  «Атқарушы билік – бұл, ең алдымен, Президент саясатын жүзеге асыру құралы. Бұл туралы барлығы, жекелеп алғанда, Үкімет мүшесі, әкім есте сақтауы тиіс», - деп атап өтті Премьер-министр. 
С.Ахметов айтып өткендей, «Үкіметтің барлық әрекеттері ашық және БАҚ арқылы халыққа жеткізілуі тиіс. Бұл жұмыс жүйелі, тұрақты және барынша ашық болуы керек». Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі барынша белсенділік танытып,  қызметін күшейтуі қажет. 
Үкімет жетекшісі Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуына байланысты отырыстар енді апта сайын өтіп тұратынын айтып, министрлер мен әкімдерге жұмысты ширата түсуді тапсырды.   

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 07 қараша 2013 г. 1 127 0