ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАР

ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАРҮстіміздегі жылдың 13-14 қараша күндері облысымызда ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтеді. Облыс әкімінің бастамасымен екінші рет өткізілетін бұл форумның негізгі мақсаты өңіріміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржы инфрақұрылымдарын дамыту, отандық және шетел инвесторларының аймақтағы компаниялармен индустриалды, туристік және аграрлық салаларда өзара тиімді әріптестікті орнықтыруға бағытталып отыр.
Осы форумның секциялық бөлігінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы инвесторлар мен келген қонақтар назарында транзиттік мүмкіндігі зор «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының бойындағы инфрақұрылымдық жұмыстарды бастау мен үш логистикалық орталық пен Қызылорда әуежайынан жаңа заманауи терминал салу жобасын ұсынбақшы.
Шындығында, шығыс пен батыстың арасын жалғайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөліктік дәлізінің транзиттік жобасы 2787 шақырымды құрайды. Оның 812 шақырымы біздің облыс аумағынан өтеді. Осы жолдың 246 шақырымы бірінші техникалық, ал 566 шақырымы екінші техникалық категорияға жатады. Жолды қайта жаңғырту барысында облыс аумағынан 48 көпір,  336 құбыр, 74 мал өтетін орындар мен 14 екідеңгейлі жол айрығы және екі темір жол өткелі салынады. Жаңа жоба толықтай іске асып, пайдалануға берілгенде ондағы көлік құралдарының жолда жүру жылдамдық көрсеткіші сағатына 120 шақырымға дейін өседі. Осы орайда автокөлік жолы бойында кездесетін көлік кептелісі секілді қиындықтарды болдырмау мақсатында бұл магистраль облыстың сегіз ірі елді мекенін айналып өтеді. Олардың қатарында Арал қаласы мен Әйтеке би, Жосалы кенттері және Ақжарма, Шаған ауылдары мен Қызылорда қаласы және Шиелі, Жаңақорған кенттері бар.
Міне, осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасының құрылысы аяқталғаннан кейін оның бойындағы инфрақұрылымдарды бастау ісі қолға алынады. Яғни, үлкен жолдың бойынан халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйлер мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары және тамақтанатын орындар секілді көптеген нысандар салынады. Сондай-ақ, жобаның іске асуымен аймағымызда туризмді дамытуға жол ашылып, облыстың тарихи орындарын жандандыру ісі қолға алынатын болады. Өткізілгелі отырған ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумында осы істерді жүзеге асыру үшін инвесторлар тартып, олармен өзара тиімді жағдайда келісімге келу жайы көзделіп отыр.
Екінші бір мәселе, ол логистикалық орталықтар салу жобасын да жүзеге асыру көзделуде. Соның бірін Сексеуіл кентінен салу жоспарлануда. Әрине, оны бұл жерден салуға таңдап алудың өзіндік себебі де бар. Атап айтқанда, бүгінде салынып жатқан «Бейнеу-Жезқазған» темір жолы осы станса арқылы өтеді. Бұл алып құрылыстың салынуымен Сексеуілде депо құрылысы, тұрғын үйлер, тағы да басқа нысандар бой көтереді. Міне, осы жерден логистикалық орталық салынғанда ол өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік секілді көптеген салаларға қызмет көрсетеді. Яғни, бұл логистикалық орталық жүктерді қабылдауда тиеп, түсіру, техникалық қызмет көрсету, кедендік пункт секілді түрлі бағытта жұмыс жасайтын болады. ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАРАйта кету керек, тап осындай логистикалық орталықтарды инвестициялық тартымдылығы жоғары Байқоңыр қаласы мен Қызылорда қаласының Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жезқазған қаласына шығатын жол айрығының бойынан салу да жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік береді деп күтілуде.
Баршаға белгілі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Қызылорда әуежайынан қазіргі заман талабына сай жаңа терминал – аэровокзал салу ісі қолға алынбақшы. Негізі әуежайды қайта жаңғырту мен онда жаңа терминал салу ісі – үлкен әрі маңызды жоба. Қазір бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттары дайындалды. Бүгінде бұл құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Алдын ала есептеулерге қарағанда бұл жобаның құны 5,8 млрд. теңге болады деп күтілуде. Аумағы үлкен, жолаушыларға қолайлы қызмет көрсетуге арналған терминал іске қосылғанда әуежайдың жұмыс істеу мүмкіндігі қазіргісінен де кеңейе түспек. Ал, ең бастысы, жаңа терминалдың салынуы мен әуежайға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу ісі толық аяқталғаннан кейін оның халықаралық әуежай мәртебесін алуға мүмкіндігі мол. Міне, бұл жоба да инвестициялық форумға қатысушылардың назарына ұсынылады. Сөйтіп, оған қуатты инвестор тартып, онымен арнайы меморандумға отыру да көзделуде.
Сонымен, ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумына шығарылғалы отырған бұл жобалардың әрқайсысы өзінің маңыздылығымен ерекшеленеді. Ал ең бастысы, сәтін салып, олар іске асқанда облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына даңғыл жол ашылады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 07 қараша 2013 г. 10 986 0