« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
"Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС-2) жобасының екінші кезеңінде жүзеге асырылатын жұмыстарды сарапқа салған қоғамдық тыңдау өткізілді. Оның жұмысына облыстың басқарма басшылары мен су мамандары және дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің сарапшылары қатысты.
Қоғамдық тыңдауды ашқан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов "САРАТС” жобасы халықаралық және өңірлік бағдарламалардың шеңберінде жүзеге асырылатын ең ауқымды жоба екенін атап өтті. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан, ғасыр жобасы атанған "САРАТС” жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік берді. Бұл кезеңдегі бар жұмыстар дүниежүзілік қайта құру және даму банкі мен республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде теңіз суының тұздылығы айтарлықтай төмендеп, су көлемі 15 текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін жетті. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін жоғарылады. Арал теңізіне түсетін судың көбеюі өңірдегі тіршіліктің қайта жандануына жол ашты. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік берді. Сөйтіп, теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан бес мың тоннаға дейін жетті. Теңіз Арал қаласына 75 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады. Енді бүгінде "САРАТС-2” жобасын жүзеге асырудың екі кезеңдік тәсілін жүзеге асыру міндеті тұр.
Мұнан кейін сөз алған "САРАТС-2” жобасының жетекшісі Серік Смайлов жобаның қоршаған ортаға әсері жөнінде айтты. Негізі жобаны жүзеге асырудағы мақсат өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту көзделген. Сондықтан да онда бірінші кезеңдегі барлық жағдай толығымен ескерілген. Жалпы жобаның алғашқы кезеңінде Көкарал бөгеті мен Ақлақ және Әйтек су торабында су құрылғылары кешені, Сырдария өзені бойында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері мен Ақсу елді мекенінің тұсындағы өзен арнасын реттеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қызылорда және Қазалы су торабы мен Шардара және Арнасай тоспаларын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Соның арқасында аймақтың экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына жол ашты.
Енді
жобаның екінші кезеңіне сегіз компонент енгізіліп, оның алтауы бірінші кезеңде
жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, бұл кезеңде Қызылорда су торабының сол
жағалаудағы шлюз-реттеуіші қалпына келтіріліп, Қазалы және Қармақшы
аудандарында су тасқынына қарсы
қорғаныс бөгеттері салынады. Сондай-ақ, Қорғанша және Тұрымбет учаскелерінде
Сырдария өзенінің арнасы түзетіліп, Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында
автомобиль көпірі салынады. Сонымен қатар Қамыстыбас және Ақшатау көлдер
жүйелері қалпына келтіріліп, Арал ауданы Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің
Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандары кеңейтіледі. Ал жобаның екінші
кезеңінде Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру мақсатында Көкарал су
тоспасын Балтық жүйесі бойынша қазіргі 42 метрден 48 метрге дейін биіктету
жоспарланып отыр. Сонымен бірге Сырдария өзені бассейнінің Қазақстан бөлігінің
су ресурстарын басқарушы жұмыс орталығын салу мен оны жабдықтау да көзделуде.
Жалпы "САРАТС-2” жобасын жүзеге асыру Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде. Соның ішінде мыңдаған гектар жайылымдықтар мен шабындық жерлер суландырылып, 15 мыңнан астам халық тұратын елді мекендер су басудан қорғалады. Қазалы ауданының Бірлік ауылынан салынатын автомобиль көпірін салу жыл бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады. Өзен сағасындағы жалпы ауданы 34 мың гектар болатын көлдер суға толады. Ал, ең бастысы, Арал теңізінің су басу алаңы мен теңіздегі судың көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Сол кезде балық аулау көлемі 30 мың тоннаға дейін жетіп, қосымша мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Ерекше айтарлығы сол, теңіз айдынының алаңы елді мекендерге жетіп, теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды тұздар азайып, экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады. Туризмді дамытуға да жол ашылады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |