АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕНКеше облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, еліміздің әр аймағынан келген тарихшы ғалымдар, студент жастар мен зиялы қауым қатысты. Конференцияны аталған университет ректоры, профессор Қылышбай Бисенов жүргізді.

 

Жанқожа Нұрмұхаммедұлының отандық тарих­намадағы тұлғасының айқындалуы тәуел­сіздік жылдарымен тұспа-тұс келеді. Өткен ғасырларда отарлық езгі мен азаттық үшін болған 300-дей көтерілістің шығу себептері мен нәтижелерін індете зерттеу еліміз тәуелсіздік алған соң ғана мүмкін болды. Осы уақыт аралығында ұлт-азаттық қозғалыстарға жаңа көзқараспен қарау, олардың қазақ тарихындағы орнын бағамдау, жаңа мұрағаттық құжаттарды табу, ғылыми айналымға енгізу жүзеге асты. Бүгінгі басқосу жаңа деректерді халыққа ұсынумен, батыр бейнесі мен өшпес ерлік үлгісін ұрпаққа өнеге етумен ерекшеленді.

Конференцияның кіріспе сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықтың өткенінен сабақ алып, рухани мұрасын қажетіне жаратуы, елі үшін қасық қанын қиған бабалар ерлігін жас ұрпаққа таныстыруы болашақ үшін маңызды екенін атап өтті. Ел іргесінің сөгілмеуіне, ынтымақ-ырыстың артуына дала қаһармандарының қосқан үлесіне тарихи әділеттілікпен баға берілді.

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН– «Жалпақ жұртыңды, исi алашыңды құрметтеу, алдымен өзiн туған өлкенiң тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деген Елбасы сөзіне сүйенер болсақ өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру біздің парызымыз, – деді аймақ басшысы.

Одан әрі облыс әкімі ұлтымыздың қалыптасу кезеңдеріндегі батырлар орнына тоқталды. Жерінің шетін жауға бастырмау, атамекенін қорғау, ұрпағына аманаттау олардың өмірінің мәніне айналды. Осы мақсат жолында батыр бабаларымыз бастарын бәйгеге тікті. Елін жауға, халқын дауға бермеген, намысын таптатпаған батыр арманына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Осындай ұлы тұлғалардың ерлік істерін бүгінгі буынның санасына сіңіре білгенде ғана іргесі бүтін, мақсат-мүддесі айқын «Мәңгілік елге» айналамыз.

Конференцияда Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаев Жанқожа батыр мен оның өмір сүрген дәуіріне қатысты тарихи деректерді ортаға салды. Тарихи тұлғаны тану үшін алдымен ол сүрген кезеңді жіті зерттеу керек. Жанқожа батыр дәуірі Керей мен Жәнібек құрған қазақ мемлекетінің күйреуге бет алған жылдармен тұспа-тұс келді. Ресей отаршыларының қазақ жерін біртіндеп дипломатиялық жолмен жаулау мақсатының орындалуы, халық сайлаған хандарды Ресей империясының бекітуі күйреудің басы еді. Жергілікті халықтың ішкі саяси бірлігі болмауы Қоқан, Хиуа хандықтарының жерімізді сәтті жаулап алуын жеделдетті. Әрбір тайпаның жеке ханы болуы, олардың арасындағы алауыздық мал мен жанның шығынына ұшыратты.

Жанқожа батыр бір өңірдің ғана емес, күллі қазақтың ту ұстаған тұлғасы ретінде танылды. Кенесары ханмен бірге Созақ бекінісін алуға күш салуы оны қазақтың ұлт- азаттық көтерілісіндегі айтулы батыр екенін дәлелдей түседі.

Одан әрі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Сәулебек Рүстемов Жанқожа батыр және азаттық күресін зерт­теудің теориялық-методологиялық астарын ашып көрсетті. Қазақ тарихындағы ұлт-азат­тық көтерілістерге Кеңес дәуірінде беріл­ген бағалар мен қалыптасқан көз­қарас­тарды қайта қарауға мүмкіндік туды. Батырлар отаршылардың езгісінен құтылу үшін, қарындастың ары, қара баланың қамы үшін атқа қонды. Олардың Хиуа, Қоқан, Ресей отаршыларына қарсы тұру мақсатын түсіндірудегі жаңалықтарды ғалым өз баяндамасына арқау етті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің ка­федра меңгерушісі Нұрлыбек Мың­жас Жанқожа батыр бастаған кө­­терілістің шығу себептеріне тари­хи деректермен бірнеше мысал кел­тірді. Жергілікті халықты титықтатқан са­­­­­лық, отаршылардың озбырлығы ар-на­мыс­ты ту еткен батырларды атқа қон­дырды. Ел арасында ерлік азайып, есерлік кө­бейгенде жат пиғылдылардың мысын басып, бабалардан қалған байтақ даланы ке­лімсектерге басқызғысы келмеген Жан­қожа батыр мақсаты елдік мұраттармен үндес еді.

Конференцияда Түркі академиясының ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлы Жанқожа батыр туралы жырлардың нұсқа­ларына терең сараптама жасады. Батыр баба ерлігін аспандатқан жырлар 100 том­нан тұратын «Бабалар сөзінің» 1 томына топтастырылған. Бұл ерлік дәрпін жоғары қойған ақындардың батырға құрметінің жо­ғарылығын, оның ерлігін ұрпақ жадында қал­дырудағы ниетінің түзулігін аңғартса керек. Жанқожа туралы жырлардың түп не­гі­зінде ауыз әдебиетіндегі батырлар жыр­ларының сарыны бар. Баяндамашы Лұқман Кенжеев, Орнықбай Сұлтанов, Нұр­сұлтан Жұбатов, т.б. ақындар жырлаған нұс­қалардан мысалдар келтірді. Олардың бірқатарында батырдың арзан атақ, оңай олжа, шен-шекпенге қызықпағаны жыр­ланады. Кенесары хан бастаған Созақ көте­рілісіндегі батыр ерлігі жырдың өзегіне айналған.

Ғылыми тұжырымдар талқыға түскен басқосуда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы Жанқожа батыр туралы жырлардың тілдік ерекшеліктеріне тоқталса, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов жырлардағы ұлт-азаттық идея төңірегінде ой толғады.

Конференция соңында оған қатысушылар мұндай іс-шаралардың ұйымдастырылуы ұлт рухын көтеруге, ұрпақтар сабақтастығын жалғауға, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 16 қазан 2014 г. 1 247 0