
Өткен жұма күні Әйтеке би кентінде «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» деп аталған ІV облыстық форум болып өтті. Форумның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысып, мәжілісті жүргізіп отырды.
Келелі кеңеске қазалылықтар тыңғылықты әзірленіпті. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртқан білім ордасы ерекше мерекедегідей безендірілген. Аумақты алаңға түрлі көрмелер, жас өнертапқыштар дайындаған бұйымдар қойылыпты. Білікті мамандардан жасақталған комиссия мүшелері әрбір затты сараптан өткізуде. Бізді Қазалы агротехникалық колледжінің студенттері ойлап тапқан стартер ақауын анықтайтын стенд қатты қызықтырды. Мұнан өзге де жан жадыратар жаңалықтар мол екен. Көлік-техникалық колледжінің шебері Еділ Ешнияздан арнайы шеберханада түрлі тұтыну тауарлары дайындалатынын естідік.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын, тиімділігін арттыру, инфроқұрылымын жаңарту, дамыту, ғылыми-әдістемелік, кадрлық қамтамасыз ету, басқару, қаржыландыру жүйесін жетілдіру, әлеуметтік серіктестікті дамыту, өзге де талаптарға бейімделген форумның секциялық жұмысы бірнеше бағытты қамтыды. Оған байырғы басшылар, тәжірибелі мамандар модераторлық жасады. Сондай-ақ «Қамқор вагон» ЖШС студенттердің өндірістік тәжірибесі таныстырылды.
ТжКББ дамытудың өңірлік кеңесінің мүшелері, техникалық, кәсіптік білім беретін оқу орындарының басшылары, сала ардагерлері, әлеуметтік серіктестіктер, басқа да меймандар қатысқан пленарлық мәжілісте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Байқадамов кең сипатты баяндама жасады. Кеңесте Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Сұлтан Махашов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Арал балық өңдеу зауытының технологы Роза Ашкенова, Қазалы көлік-техникалық колледжінің директоры Болат Ахметов және басқалары өз пікірлерін білдірді. Форумда техникалық және кәсіптік білім жүйесін үйлестіру мақсатында құрылған облыс әкімі жанындағы аймақтық кеңестің облыс экономикасына керекті мамандар даярлауда тиянақты тірліктерді қолға алғаны, дуалды оқытуды енгізуде жергілікті ірі өндіріс орындары, шағын және орта бизнес компанияларымен жасалған меморандумдардың ықпалы зор екендігі аталып өтілді. Бұл бағытта облыстық білім басқармасы, білім беру ұйымдары, әлеуметтік серіктестіктер үш жақты келісім-шартқа отырған. Сонымен қатар оқу орнын бітірген түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға, білім ошақтарының мамандануына, материалдық-техникалық базасын, кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы маман даярлаудың сапасын арттыруға басымдық берілетіні, нәтижесінде оқу орындарын салаландырудың бірінші кезеңінде алдағы оқу жылына бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс қысқартылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жаңа мамандықтарға жол ашылғаны көпшіліктің назарына ұсынылды. Сондай-ақ келешекте аймақтың экономикалық дамуын білікті маманмен қамтамасыз етуде оқу орындарының ұтқырлығын, дербестігін сақтай отырып оралымды және тез бейімделе алатын мүмкіндіктер ескерілетін болады деген лебіз де жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапты.
Форумда көрме, өнертапқыштар байқауының жеңімпаздары, үздік әлеуметтік серіктестіктер білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Әлеуметтік серіктестіктері мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастық әріптестікке қол қойылды. Колледж бітіруші түлектерге еңбек кітапшасы тапсырылды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары, техникалық және кәсіптік білімді дамытудың өңірлік кеңесінің төрайымы Ақмарал Әлназарова бүгінгі форумның жоғары деңгейде өткенін, мол тәжірибе алмастырылғанын айта келе колледж студенттерінің біркелкі үлгіде киінуі, топ басшыларының болуы өзге де кәсіптік оқу орындарына енгізілсе құба-құп деп сөзін түйіндеді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.