АБЗАЛ АЗАМАТ, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

АБЗАЛ АЗАМАТ, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕРКеңес үкіметі кезінде қазақ елінің еңсесін тіктеп, өсіп, өркен жаюына өзде­рінің орасан зор үлестерін қосып, есімдері тарих парақтарына алтын әріппен жазылып қалған айтулы азаматтар баршылық. Ел үшін еңбек еткен азаматтардың бітім-болмыстары мен өнегелі өмірдеректерін ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Артында өнегелі із қалдырған осындай азаматтың бірі, қоғам және мемлекет қайраткері Шәймерден Бәкірұлы болатын.

Шәймерден Бәкірұлының есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру үшін Шиелі ауданына қарасты Ботабай ауылындағы №228 орта мектепке оның есімі беріліп, бюсі қойылды. Салтанатты шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзбен ашып, Ш.Бәкірұлының елі үшін сіңірген еңбегін егжей-тегжейлі баян етті.

– Шәймерден ағамыз осы топырақта 1930 жылы өмірге келген. Еңбек жолын Қазалы ауданында су шаруашылығы маманы болудан бастаған ол бертін келе Шиелі ауданында жауапты қызметте болып, 36 жасында Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. Облыстық атқару комитетінің төрағасы, Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары қызметтерінде де Сыр аймағы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде игілікті бастамалар көтеріп, ел еңсесін тіктеуге орасан зор үлес қосты. Ал, Сыр аймағында қалдырған қолтаңбасын санамалап айту әсте мүмкін емес. Қаншама каналдар қазылып, Сырдария үстінен көпірлер салынып, егістік алқаптарына аяқ су жеткізіліп, ондаған ауылдар Шәймерден ағамыздың бастамасымен құрылды. Содан да Елбасымыз: "Тарихты елдің азаматтары жасайды” деген ұлағатты сөзін мұрат тұтып, Ш.Бәкірұлының туған ауылындағы осы №228 орта мектебіне оның есімін беріп, бюсін орнатуды парыз еттік, – деген облыс әкімі мектеп оқушыларын ата жолын қуып, білікті де білімді азамат болып өсуге, өркен жаюға шақырды.

– Осындай атпал азаматтардың есімін мәңгілікке қалдыру – аса қажетті, әрі құптарлық іс. Шәкең есімін мектепке беру – ұрпақтарға ұлағат, – деген қоғам және мемлекет қайраткері Оңалбек Сәпиев те ауыл тұрғындарын берекелі бірлік пен тәлімді тірлікке шақырды.

Салтанатты шарада қоғам және мемлекет қайраткері Әбдіжәлел Бәкір сөз сөйлеп, мектеп кітапханасына кітаптар тарту етті.

Келесі сөз кезегін алған ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркін Маханбетов, Шәймерден ағаның қарындасы Гүлшахар Бәкірқызы қайраткерді қадірлеген жұртшылыққа алғысын жеткізді.

Келесі кезекте мектеп алдына қойылған Шәймерден Бәкірұлының бюсінің лентасын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев кесіп, гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара соңында марқұм Ш.Бәкірұлының құрметіне ас беріліп, құран бағышталды.

***

Өмірге қайта оралған қайраткердің іс-шарасы Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында өткізілген "Қоғам қайраткері Ш.Бәкіровтің өмірі мен еңбек жолына арналған” танымдық конференциямен өз жалғасын тапты.

Конференция жұмысын облыс әкімі Қ.Көшербаев алғы сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Биылғы жыл Сыр өңірі үшін айтулы жыл болып отыр. Сырда туып-өсіп, еңбек етіп, абыройын асқақтатқан абзал азаматтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, даңқты тұлғаларымыздың есімдері ұлықталып, ұрпақтарына ұлағат етілуде, – деді аймақ басшысы. – Осындай асыл азаматтарымыздың бірі – Сыр өңірінде туып-өсіп, еңбек жолын бастаған, республикамыздың мелиорация және су шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан іскер басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Шәймерден Бәкірұлы.

Шәкең Жаңақорған аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде Келінтөбе, Түгіс­кен каналдарын қазуға, Түгіскен алқа­бын игеруге басшылық жасайды. Қысқа мерзімде тың жерден күріш егетін 6 кеңшар ұйымдастырылып, 36500 гектар жер тегістеледі. Күріш егісі 2700 гектардан 13500 гектарға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ, ол Өзбекстан, Түркіменстан Республикаларындағы қазақ отбасыларын алдыртып, олардың ата жұртына оралуына ықпал етеді. Ал, халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде 250 мың гектар суармалы жердің 75 пайызын инженерлік жүйеге келтіреді. Барлық аудандарда жаңа су жолдары, гидротехникалық су тораптары, тос­палар, қашыртқылар іске қосылып, жаңа жоспармен ірі шаруашылық орталықтары салынады. Дәл осы кезеңде Қызылорда облысы одақ көлемінде ақ күріштің фабрикасына айналады.

Шәймерден Бәкірұлының ел ал­дын­дағы еңбегі де лайықты бағасын алады. Кеңес Одағы коммунистік пар­тиясының ХХІV-ХХV және Қа­зақстан компартиясының бірнеше съез­дерінің делегаты, Орталық партия коми­тет­терінің мүшесі, Қазақ Кеңестік Со­циа­листік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің VІІІ-ІХ шақырылымдарының депутаты болып сайланады. Үш мәрте "Еңбек Қызыл Ту” және "Құрмет бел­гі­сі” ордендерімен және бірнеше медаль­дармен марапатталады. Шәкең – Жаңа­қорған ауданының "Құрметті азаматы”.

Конференцияға қатысушылар Ш.Бәкіров­тің өмірі және еңбек жолы жайын­да дайындалған деректі фильмді тама­шалады.

Мұнан соң қоғам қайраткерлері және еңбек ардагерлері А.Дәулетов, Ә.Бәкіров, Қ.Қайруллаев, С.Далдабаев, тағы басқалар сөз алып, Шәймерден Бәкірұлы жайлы көзге көргендері мен көңілге түйгендерін бүкпесіз баян етті.

Қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолына арналған танымдық конференция жоғары деңгейде өткізілді.

Еркін ӘБІЛ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 11 қазан 2014 г. 1 414 0