«СЫР БОЙЫ» ГАЗЕТІ ЖАҢАША КЕЛБЕТКЕ ИЕ БОЛДЫ

«СЫР БОЙЫ» ГАЗЕТІ ЖАҢАША КЕЛБЕТКЕ ИЕ БОЛДЫБүгінгі күннің бедерінде баспасөз саласына жүктелетін міндет ауқымы кең. Оқырман қауымға сапалы сараптама дүниелерді ұсынумен қатар, кез келген ақпаратты жедел жеткізуге мән беріліп отыр. Болған оқиғаны боямасыз түрде өте жылдам жұртшылық назарына ұсыну қазіргі күнгі негізгі талаптың бірі саналады.
Осы орайда әрбір басылым оқырманға өздерінің электрондық нұсқасын ұсынып келеді. Соның нәтижесінде шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары да өзіне қажетті ақпаратты уақытылы алуға мүмкіндік туып отыр. Бір сөзбен айтқанда, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу қазір ешкімге жаңалық болмай қалды.
Сексен жылдан астам шежіресі тарих беттерінде қатталған облыстық «Сыр бойы» газеті әрдайым жаңалықтың алды болуға күш салады. Осыдан төрт жылдай бұрын басылым алғашқының бірі болып өзінің электрондық нұсқасын жаһандық желі беттеріне шығарғанын оқырман жақсы біледі. Осы уақыт аралығында интернет әлемі де қарыштап дамып, қаншама тың жобаларды дүниеге алып келді. Жаңалыққа жаны құштар жұрт компьютер тетігін қозғай отырып, жер-жаһандағы оқиғалардан жан-жақты хабар алатын жағдайға жетті. Мәселен, әрбір оқиға барысынан суреттер мен бейнематериалдар беріледі. Мұндай талаптар біздің өмірімізге де ене бастады.
Міне, облыстық «Сыр бойы» газетінің электрондық нұсқасы жаңаша келбетке ие болып, көпшілікке қызмет көрсетуді қолға алып отыр. Оның бұрынғы нұсқасынан айырмашылығы қандай? Бұрын оқырман қауым басылымның қағаздық нұсқасына шыққан материалдармен ғана таныса алатын еді. Енді оған қоса, РDF нұсқасы да беріледі. Онда оқырман газеттің қағаздық нұсқасымен электрондық түрде танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бейнематериалдар бөлімінде облыста болған оқиғаларды көріп тамашалауға болады. Ал «Суреттер сөйлейді» тақырыбымен облыстағы әрбір соны ақпараттар суреттер күйінде беріледі. Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі болған оқиғалар көп ұзамай «Жедел жаңалықтар» айдары бойынша газеттің электрондық нұсқасында оқырманға жол тартады. Газет басшылығы алдағы уақытта өзге де тың идеяларды жүзеге асыруды ойластырып отыр.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.
Республикалық «Айқын» газеті,
23 қазан 2013 жыл.

БІР КYНДЕ – 700 АДАМ
Бүгінгі таңда жаһандық желі жұрттың қажеттілігіне айналып келеді. Заматында төрткүл дүниенің әр қиырындағы жаңалықты білуге мүмкіндік туды. Өмірдің осындай өрелі өзгерісіне ілесу – басты міндет.
Сыр топырағының үні болып табылатын аға басылым – «Сыр бойы» газеті әрдайым әлеуметтің сұранысын өтеуге күш салады. Сексен жылдан астам тарихы бар сара басылым үнемі елдің талап үдесінен шығуға жұмыс жасап келеді. «Сыр бойы» оқырманмен тек газеттің қағаздық нұсқасы арқылы ғана жүздесіп қана қоймай, ендігі кезекте жаһандық желі беттерінде дидарласып тұруды жөн көріп отыр. 
Біз бұдан бұрын газеттің электрондық жаңа нұсқасы іске қосылғанын хабарлаған едік. Оқырманнан осылайша сүйінші сұрадық. Онда көзіқарақты азаматтар өзіне қажетті дүниелерді оп-оңай тауып алуына мүмкіндігі бар. Осының арқасында біз қысқа ғана уақыт аралығында жұрттың көңілінен шыға бастаған тәріздіміз. Өйткені, күннен күнге газеттің электрондық нұсқасын пайдаланушылар саны арта түсті. Мәселен, өткен аптада жаһандық желідегі «Сыр бойы» нұсқасын 3448 адам шолып шыққан екен. Тіпті, өткен дүйсенбі күні 700 адам сайтқа кіріпті. Осының өзі тұсау кескеніне көп бола қоймаған біздің сайтымызға зор мақтаныш. Республикалық «Айқын» газеті бұл тұрғыда өз пікірін білдіріп, жылы лебізін арнады.  
Алдағы уақытта оқырман қауымның көңілінен шығарлық дүниелер ұсынуды ойластырып отырмыз. Осы мақсатта бірқатар жобаларды қолға алу жоспарда тұр.   
Әділжан ҮМБЕТ.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 05 қараша 2013 г. 2 606 0