ТҮРКІ САЗЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ҮНІ

ТҮРКІ САЗЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ҮНІН.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында облыс әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен Түркі тілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі музыкалық өнер фестивалінің ашылу салтанаты болды. Сахна шымылдығы «Томирис» би тобының «Тәңірге табыну» биімен түрілді. Мұнан соң аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев сөз алып, барша Сыр жұртшылығы мен түркі халықтарын бүгінгі өнер мерекесімен құттықтады.

«Түркі мәдениетінің бастау бұлағы болған Сыр елі қашанда қазақтың қалпын, бабалар салтын сақтаған өркениет өлкесі. Қазақ елінің астанасы болған қасиетті бұл жер тарихи құндылыққа тұнып тұр. Өткеннің өнегесі, бүгінгінің баға жетпес байлығы ежелгі Қорқыт жерінде түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық дәстүрлі музыкалық өнер фестивалін ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – түркі тілдес халықтардың ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту. Сол арқылы тілі ұқсас, діні ортақ елдердің салт-дәстүрлерін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру. Сол себепті де бүгінгі мерекенің маңызы зор деп білемін.

ТҮРКІ САЗЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ҮНІСондықтан өткеннің уақытын бойына сіңірер ұрпақ барда түркі әлемінің әлі талай ғасырға ұласары сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаев ХХІ ғасырды еліміздің «алтын ғасыры» болсын деген болатын. Түркі әлеміне де жаңару, жасарудың ғасыры болсын деп тілек білдіремін», – деді.

Мұнан әрі облыс әкімі халықаралық ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетін дамыту ұйымының Бас хат­шысы Дүйсен Қасейіновке алғысын білдіре отырып, түркі әлемінің мәдени жобаларын іске асы­рудағы еңбегі үшін облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады. Өз кезегінде ел ағасына риза­шы­лығын білдірген бас хатшы түрік шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындысын сыйға тартты.

Фестивальді бұдан кейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Молдова ел­де­рінен, Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Якутия, Хакасия, Башқұртстан республикала­рынан келген 36 өнерпаздар мен өнер ұжымдарының концерті жалғады. Сыр халқы жиналған кеш­те әзірбайжандық Нурие Хусейнова мен молдовалық Петр Петковичидің әні, сондай-ақ, тү­рік өнерпазы Нилюфер Огуз бен татар елінің өнер жұлдызы Айдар Валеевтің өнері көпшілікті бір сер­пілтті. Өнер мерекесінде сырбойлық жыраулар да жырдан шашу шашты. Жалпы, бұл мереке тү­бі бір түркі халқының тұтастығын, ұлттар достығын көрсете білді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 09 қазан 2014 г. 1 058 0