ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШБабалар ерлігі елге ұран, ұрпаққа үлгі. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың Қазалы ауданына жасаған іссапарын халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының бейітіне тағзым жасаудан бастауы осыны айғақтағандай. Таяу күндері бабамыздың 240 жылдық мерейтойы облыс бойынша кең көлемде аталып өтілмекші.

Жанқожа Нұрмұхамедұлының ерлігі баршаға мәлім. Небәрі он жеті жасында қарақалпақтың палуаны әрі бас батыры Тықыны жекпе-жекте мерт қылған бозбаланың даңқы ұлан-ғайыр даламызға желдей тарады. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы ат үстінен түспеген батыр халқының азаттығы үшін басын бәйгеге тікті. Сол жолда мерт болды. Қырымбек Елеуұлы, аудан әкімі Бақыт Жаханов, өзге де азаматтар батыр бабамыздың рухына тағзым жасады. Аруағына құран бағышталды.

Мұнан соң Қырымбек Елеуұлы Қызылқұм беткейіндегі №2019 шекара бекетіне аялдады. Еліміздің шебін көздің қарашығындай қорғап тұрған қырағы шекарашылармен тілдесті. Айта кетерлігі Жанқожа бабамыздың жатқан жері сонау қырқыншы жылдары жасалған КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болды. Яғни, Қазақстан мен көршілес Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген. Ғажабы – шекара сызығы дәл бабамыз жатқан биік төбені қиып өтеді. Құдды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған айтулы ер соңындағы ұрпақтарға ата қонысты қадірлеуді, қас қақпай күзетуді мирастағандай.

Мемлекеттік шекараны нығайту мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің даму бағдарламасына сәйкес орналасқан шекара бөлімі Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, еліміздің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттерді өзіне жүктеп, мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегін пайдалана отырып, жұмысты ұтырлы ұйымдастыруды межелеген. «Қызылқұм» шекара зас­тавасына бекітілген аумақ 191 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына межелеу жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылды. Алғашқыда шекара заставаларын орналастыру, салу барысында қиындықтар да кездесті. Жергілікті әкімшілік органдардың көмегіне жүгінуге тура келді. Шекарашылар да тартынып қалған жоқ. Бөлімнің әскери қызметкерлері облыс жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне белсене араласады. Макаренко атындағы балалар, қарттар мен мүгедектер үйлеріне көмек көрсетуді дағдыға айналдырған.

Қаз-қатар сапқа тұрған жауынгерлер облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа ресми ізет жасады. Өз кезегінде аймақ басшысы №2019 әскери заставаның құрылғанына 15 жыл толуына орай бағалы сыйлықтар тапсырды. Ақ тілегін білдірді.

Түс ауа облыс әкімі мінген тікұшақ Әйтеке би кентіне келіп қонды. Қырық мыңнан астам тұрғыны бар кенттегі 5-квартал аталатын аумақтың тұрғындары осы күні шаттыққа бөленді. Бұл күні жаңадан ашылған «Алпамыс» балабақшасының тұсауы кесілді. Бүлдіршіндер ордасы 280 орынға арналған. Республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен салынған. Жалпы сметалық құны 481747,0 мың теңгені құрайды. Бас мердігері «Өмірзақ» ЖШС. Типтік үлгідегі нысанда балалардың ойын алаңдары, дизельді электр стансасы, бу қазандығы орналасқан. Аула сыртында автотұрақ бар. Нысан сұйық отынмен жылытылады. Топ бөлмелері, спорт, мәжіліс, музыка залдары, асхана жақсы жабдықталған. Нақты кезеңде балалардың тізімі жасақталуда.

– Өскелең ұрпақтың амандығы, денінің саулығы, тағылымды тәрбие, сапалы біліммен қамтылуы Елбасымыздың басты назарында тұрғанын жақсы білесіздер. «Балапан» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Міне, Қазалы өңірінде пайдалануға берілген балабақша соның бір айғағы. Қасиетті Құрбан айт, ұстаздар мерекесімен тұспа-тұс келген қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа нысан бүлдіршіндеріміздің, ел-жұрттың игілігіне жарасын. Теміржолдың осы беткейіндегі әлеуметтік нысандардың жетімсіздігі көпшілікті мазалап келгені рас. Енді бұл мәселелер рет-ретімен шешіледі. Келесі жылы спорттық-сауықтыру кешені бой көтереді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиындықтар артта қалды. Облыс көлемінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамту толық жүзеге асатын болады. Жаңа ғана Жанқожа бабамыздың бейітіне зиярат жасадық. Қызылқұмдағы №2019 шекара бекетіне батыр бабамыздың есімі берілмекші, – деген облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың лебізіне жиналғандар қошемет танытты. Рәсімде еңбек ардагері Аманкелді Дінахметов ел ағаларына ризашылық білдірді.

ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШОсы күні Қазалыда жаңа мектеп ғимараты ашылды. Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектеп сонау 50-ші жылдардың орта шенінде пайдалануға берілген болатын. Уақыт ағымымен ескірген нысан апаттық жағдайда деп танылған-ды. Өткен жылы республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Ғимарат орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған. Мұнда­ғы бөлмелер, оқу, әдістемелік, зертханалық кабинеттер талапқа сай. Кітапхана, акт залы да қарастырылған.

Салтанатты рәсімде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Елбасымыздың «Әлемдік стандарт деңгейінде білім берудің сапалы қызметін ұсынуға қол жеткізуіміз қажет» деген тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыс жайын айтып өтті. Қазіргідей дамыған кезеңде ұрпақтың білікті болуы аса маңызды. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Сыр өңірінде демографиялық өсу басым. Соған орай балабақша, мектеппен қамту – уақыт талабы. Бұрынғы мектеп ғимаратына келесі жылы күрделі жөндеу жасалады. Мемлекеттік мекемелер орналасады. Осылайша 5-кварталдың тұрғындары құжат дайындауда, өзге де жайттарда қиналмайды.

Шарада еңбек ардагері Ботабай Рысты­ғұл өз лебізін жеткізді. «Техноснастка» ЖШС директоры Илларион Ли №204 мектеп директоры Болат Жолтаевқа білім оша­ғының символикалық кілтін тапсырды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 07 қазан 2014 г. 1 166 0