Кеше облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің кезекті
отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды мәселелермен бірге сол жағалаудағы жаңа
қоныс түсетін аумақты түбегейлі жоспарлау жобасы кеңінен талқыланды.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралатынын жеткізген аймақ
басшысы кеңес мүшелерінің назарын
алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты түбегейлі жоспарлау
жобасына аударды.
Сол жағалау жобасы туралы «Урбостиль» ЖШС директоры
Любовь Нысанбаева хабарлама жасады. Айта кетейік, екі ғасырға жуық тарихы бар
шаһар күні бүгінге дейін өзеннің оң
жағалауын бойлай салынды. Яғни, бұған дейін өзеннің іргесіндегі қаланың
сәулеттік келбетін дамытуға Сырдария секілді ірі су артериясының мүмкіндігі
пайдаланылмады. Енді бұл олқылықтың орнын сол жағалауды түбегейлі жоспарлау
жобасы толтырмақ.
Бүгінде қалада 233 мыңға жуық халық тұрады. Ал,
бекітілген бас жоспардың есептік мерзіміне дейін, яғни 2025-2035 жылдары халық
саны 350 мың адамды құрайтын болады. Қарқынды өсуді есепке алсақ, қала
тұрғындарының саны 2050 жылдарға қарай 400 мыңға жетуі мүмкін. Бұл – шаһарға
тұрғын үй құрылысын жүргізуге қосымша аумақтар қажет болады деген сөз. Осы
күрделі мәселенің шешімін табу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен қаралған
қаржыға аталған өзеннің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа
инженерлік-геологиялық және геодезиялық тексеру жұмыстары жүргізілді. Ал биылға
бөлінген 107 млн. теңге қаражатқа осы мың жарым гектар аумақтың жоспарлау
жобасын әзірлеу ісі қолға алынды. Осы жылдың 27 маусымы мен 2 шілдесі күндері
өткен Кеңес отырысында аталған аумақтың даму тұжырымдамасы қаралып, кеңес
мүшелері тиісті ұсыныстар берген еді. Хабарламашының айтуынша, бүгінгі жобада
сол ұсыныстар мен тапсырмалар толық ескеріліпті.
Аталған қоныста
көпқабатты тұрғын үйлер ғана бой көтеретінін жеткізген Л.Нысанбаева жаңа
мекенде салынатын ғимараттардың бәрі қазіргі заман талабы мен халықаралық стандарттарға
сәйкестендірілгенін, салынуы жоспарланған әлеуметтік, тұрғын үй, сауда-саттық
және басқа да нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен кешенді қамтамасыз етудің
тиімді жолдары қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, жағалауды абаттандыру,
аллеяларды, бульварлар мен жасыл аймақтарды, жаяу жүргіншілер мен велосипедке
арналған жолдарды салу жөніндегі жұмыстар да кеңінен қарастырылған. Бір сөзбен
айтқанда, сол жағалаудағы жаңа қоныс ендігі уақытта Есіл өзенінің екі
жағалауына орын тепкен Астана қаласы секілді ірі өзеннің жайлы микроклиматын,
табиғи әсем көрінісі мен тартымдылығын пайдаланатын болады.
Мұнан соң хабарламашы Л.Нысанбаева Байқоңыр қаласы мен
Төретам кентінің бас жоспары туралы да баян етті. Аймақ басшысы атап өткендей,
жалдық сипаттағы жұлдызды қалашықты жанындағы Төретам кенті және Ақай ауылымен
кешенді түрде дамытуға тиіспіз. Алдағы уақытта Төретам кенті Елшібай бағыты
бойынша қалыптасады. Яки, кенттің жаңа орталығы салынады. Ал, Байқоңыр қаласы
мен Ақай ауылының кешенді дамуын Сырдария өзенінің сол жағалауында қарастыру
жоспарланып отыр.
Ал, «Бизнес орталығы бар қонақ үй кешенінің» эскиздік
жобасы туралы «Нұр Төбе» ЖШС директоры Тимур Берғалиев хабарлама жасады. Бұл
кешенді Бейбарыс сұлтан көшесінің бойында салу көзделіп отыр. Оның құрылысын жүргізу
үшін 1,4 га
жер телімі қажет. Төрт жұлдызды қонақ үй кешені «Хаят» компаниясының
басқаруында болады. Сонымен бірге, мұнда бизнес орталық пен 176 орындық
тәуліктік мейрамхана және 50 орындық арнайы мейрамхана, конференцзал,
СПА-орталық және тағы басқа да тиісті қызметтер көрсетіледі.
Кеңесте күре жолдың бойынан бой түзейтін кәсіпкерлік
нысанның жобасы да қаралды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық
автодәлізінің бойында салынуы жоспарланған жол бойы кешенінің эскиздік жобасы
туралы жеке кәсіпкер Шәмшаддин Қарабаев баян етті. Оның айтуынша, заманауи
талаптарға сай келетін кешен «С» санатына жатады. Кешеннің құны 150 млн. теңге.
Қаражаты кәсіпкердің өзінен. «Диірментөбе» бекеті тұсындағы күре жолдың бойында
қазір «Нұр» шайханасы жолаушыларға қызмет етіп тұр. "Яғни, кешенге қажетті
инфрақұрылым желісі бар” дейді кәсіпкер. Керегі – жел телімін ұлғайту. Аталған
эскиздік жоба бекітілген талаптарға сай болғандықтан оны кеңес мүшелері
бірауыздан мақұлдады. Жалпы, басқосуда ұсынылған барлық 4 жоба да комиссия
мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Кеңес отырысын қорытқан аймақ басшысы аталған
автожолдың бойынан салынатын түрлі кәсіпкерлік нысандар жобасы халықаралық
талаптарға толық жауап бере алғанда ғана қолдауға ие болатынын жеткізді.
Сонымен бірге, Қ.Көшербаев сол жағалауда бой көтеретін ғимараттар мен Бейбарыс
сұлтан көшесі бойынан салынатын кешендегі құрылыс нысандарының қасбетіне ерекше
мән беру қажеттігін айрықша атап өтті. Ғимараттардың осы беті бірдей үлгіде
болуын, онда шығыс пен ұлттық үлгі, әсіресе, ұлттық бояу қанық болуы тиістігін
қадап айтты.
Кеңес төрағасы
сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаровқа алдағы
уақытта облыста салынатын барлық құрылыстық жобаларда ұлттық сәулет өнері
мен нақыштардың молынан қамтылуын және
оның шығыстың классикалық үлгімен үйлесім табуын басты назарда ұстауды
тапсырды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.