ӨНДІРІСІ ӨРЛЕГЕН ӨҢІР

ӨНДІРІСІ ӨРЛЕГЕН ӨҢІРБейсенбі күні «Қазатомпром» ҰАК» Басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров өңірімізге алғашқы жұмыс сапарымен келді.
Аймағымызда ел экономика-сының басым бағыт-тарының біріне айналған уран өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар баршылық. Олар «Қазатомпром» ҰАК» қарасты "№6 кен басқармасы”, "Бәйкен-У”, "Қызылқұм” және "СКЗ-У” серіктестіктері. Аталмыш кәсіпорындардағы жұмыс ауқымын бағдарлау мақсатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен "Қазатомпром” ҰАҚ басқарма төрағасы Н.Қаппаров Жаңақорған, Шиелі аудандарында орналасқан өндіріс орындарын аралап көрді.
Бүгінде еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Шиелі ауданында орналасқан "№6 кен басқармасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі уран өндірісіне ерекше екпін қосып отырған мекеменің бірі. "Қарамұрын” кенішін игеріп жатқан серіктестік дүниежүзінде ең терең қабаттан өнім өндіруімен ерекшеленеді. Табиғи уран өндіру геотехнологиялық жүйемен 450-680 метр тереңдіктен қатарымен немесе ұялы орналасқан ұңғылар жүйесі арқылы көтеріледі. Яғни, экологиялық ахуалға зиян тигізбес үшін барлық жұмыс жер астында, тау жыныстары орналасқан нүктеде жүреді. Ауқымды жұмыстарды атқарып жатқан серіктестік қарамағында 425 қызметкер бар. Олар жыл ішінде 1021 тонна уран өндірген. Өндіріс орнымен және жұмысшылармен тілдескен Н.Қаппаров қызметкерлердің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жаңақорған ауданында орналасқан «Бәйкен-У» серіктестігі "Қорасан-2” кенішін тиімді технологиямен игеріп жатқан мекеме. Серіктестік басшысы О.Ізбасханов облыс әкімі мен ұлттық компания төрағасына уранды су арқылы өндіру үдерісін таныстырып шықты.
Ол сілтілендіру реагенті негізінен тек жер астында жүргізілетінін,  ерітіндіні сору мен құю циклында тепе-теңдік сақталатынын айтты. Кеніштің іші мен сыртындағы бұрғылау ұңғыларының сулары әр тоқсан сайын сорылып алынады. Зертханаларға жіберіліп, тексерілген су құрамында қышқылдану мен уранның көбеюі байқалмаған.
Ал "Қорасан-1” кенішінде қызу жұмыс жүргізіп жатқан «Қызылқұм» серіктестігі 2008 жылдан бастап уран өндіріп келеді. Қазақстан, Жапония, Канада мемлекеттерінің өзара келісімі арқасында құрылған серіктестік, биыл өндірісті 850 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Негізі бұл мекеменің қуаттылығы 3 мың тонна. Жоспар бойынша бұл межені 2021 жылы орындайды. Өткен жылы жалпы облыс көлемінде 3320 тонна өндірілгенін ескерсек, 6-7 жылдың көлемінде бір мекемеде осындай өнім өндіріледі деген сөз. Өндірістік бағдарламаларды дер мезгілінде орындауды басты мақсат тұтқан мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы жергілікті тұрғындар. 
***
Бейсенбі күні түс ауа облыс әкімшілігінде Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген «Қазатомөнеркәсібі» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаровтың қатысуымен қорытынды жиын өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен «Қазатомөнеркәсібі» компа­ниясының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ролін атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы «Қазатомөнеркәсібі» ҰК» АҚ-ның  басшысы Нұрлан Жамбылұлының облысқа сапары кезінде оңтүстіктегі Шиелі және Жаңақорған аудандарында болып, ұлттық компанияға қарасты бірнеше кәсіпорындардың жұмысымен танысқанын, бұған дейін де облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпалын тиізіп келе жатқан компанияның басшысымен әлеуметтік саланы қолдауға қатысты алдағы уақытта қол қойылатын келісім-шартты жан-жақты талқылағанына тоқталды.
Аталған құжат тараптардың ынтымақ-тастық қатынасын нығай­та түсетінін, алдағы уақытта әріптестіктің жемісті жалғасын табатынын атап өткен аймақ басшысы облыстың әлеуметтік саласын қолдауға қатысты меморандумға биылғы жыл соңына дейін қол қойылатынын жеткізді.
Бұған қоса, Қ.Көшербаев ұлт­тық компания басшысымен өңірде кәсіптік-техникалық колледж, перзентхана және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысын салуға алдын ала келісімшарт жасалғанын мәлім етті.
Мұнан соң аталған ұлттық компанияның басшысы Нұрлан Қаппаров сөз алып,  облыстың әлеуметтік саласына қолдау таныту «Қазатомөнеркәсібі» ұлт­тық компаниясының негіз­гі бағыттарының бірі болып қала беретінін, беделді ком­­пания­ның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінетінін атап өтті. Сөзінің соңында Нұрлан Қаппаров мырза облыс әкімдігімен әріптестік байланыстың нығая беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, ұлттық компания 1997 жылдан бері, әсіресе облыс­тың оңтүстіктегі аудандарының дамуына тұрақты қолдау білдіріп келеді. Осы компанияның демеу­шілігімен мұнда бірнеше әлеу­меттік нысандар бой көтерді. Бұған қоса, қамқорлық жасау сынды қайырымдылық шараларының ұйытқысы болып келеді.
 
Нұрбек Дәуренбеков,
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 27 қыркүйек 2014 г. 1 040 0