Кеше Астана қаласы Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінде "Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен
мәдениетін дамытудағы Т.Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы” атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны Қызылорда облысының
әкімдігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды.
Конференцияның пленарлық мәжілісіне
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Білім және ғылым
министрі Аслан Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,
Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, сондай-ақ Қазақстан
Республикасы Үкіметі мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдарының
өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, жас
ізденушілері қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер
саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет
қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін халқына,
еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында «Темір Нарком», «қазақтың
Луначарскиі» атанып, үлкен құрметке, зор беделге ие болды. Амал нешік, өзі
құрысқан үкіметтің солақай саясатының кесірінен репрессия құрбаны болды.
Алайда, тұғыры биік тұлғаның есімі ел есінен өшпек емес. Осы ретте мемлекет
және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің өмірі мен рухани мұрасын кең көлемде
дәріптеу, Орта Азия мен Қазақстанның ғылымы мен білімін, мәдениеті мен өнерін
қалыптастырып, дамытудағы еңбегіне арналған ғылыми зерттеп-зерделеу, жаңа
мұрағаттық құжаттарды саралап, ғылыми айналымға ендіру – бүгінгі ұрпақтың
міндеті. Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі мақсаты
да осы.
– Қазіргі таңда қазақ өнеріне қанат
бітіріп, ұлттық мәдениет пен әдебиетті, өнерді, ғылымды жаңа сатыға көтерген
Алаштың арда ұлы Темірбек Қараұлының мемлекет қайреткері ретінде тұлғасын
жан-жақты ашу, оның мемлекеттік қызметімен бірге әдебиет пен мәдениетте алатын
орнын айқындау – басты міндеттердің бірі болмақ. Темірбек Жүргенов ұлттық
тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған айтулы тұлға. Ол өз дәуірінде шығыс
пен батыстың мәдениетін тең меңгерген, қазақ халқының жан-жақты білім алып,
өсіп-өркендеуіне, дамуына бар күш-жігерін арнаған жанашыр жаңа толқын
өкілдерінің бірі еді. Ол – Қазақстан ғана емес, исі түркі жұртына белгілі ортақ
тұлға. Мәдениет пен өнер мамандарын даярлауға көп көңіл бөлген, ұлттық
құндылықтарымыз бен асыл мұраларымыздың сақталуы жолында еңбек етті. Сондықтан,
оның есімін ұлықтау – біздің, бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ардақты тұлғаның өмірі
мен қызметіне арналған ғылыми конференциялар, көрмелер, мұражайлар
ұйымдастырылуда, деректі фильм түсірілуде, Қызылорда қаласынан салынған
шығармашылық үйіне есімі беріліп, ескерткіш орнатылды. Бұдан былай да елімізде
Темірбек Қараұлы дәріптеу мақсатында қыруар шаралар атқарылатын болады, – деді
Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.
Жиында сөз алған Ресей ғылым академиясы
Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Тамара Красовицкаяның пайымдауынша, 20-30 жылдары тарих сахнасына
шыққан қазақ елінің зиялылары, оның ішінде Т.Жүргеновтің алдында өз халқының
өмір сүру қалпынан мүлде өзгеше жаңа қоғам, жаңа заман жасау міндеті тұрды.
"Бұл шаруа олардың қолынан келді. Мектептер ашты, университеттер салды, ұлттық
мәдениетін театр сахнасына алып шықты. Өз елінің мүддесін көксейтін жобаларды
жүзеге асыруға талпыныс жасады. Бірақ бұл сол кезеңде Мәскеудің ұстанып отырған
саясатына жақпады. Әлбетте оның соңы репрессияға ұласқаны өкінішті-ақ”, – дейді
мәскеулік ғалым.
Тәжікстан Республикасы Ғылым
академиясының А.Дониш атындағы Тарих, археология және этнография институтының
ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Абдулло Гафуров болса Темірбек
Жүргеновтің 1929-1930 жылдары Тәжікстан үкіметінің Қаржы комиссары,
Статистикалық басқармасын басқарған қызмет жолы туралы баяндады. "Біздің ел
Кеңес үкіметінің автономиясы ретінде құрылып, қиын-қыстау дәуірді бастан
өткеріп жатқан тұста Т.Жүргенов статистика, қаржы жүйесінің дамуына үлес қосып,
экономика органдарын құрып, қалыптастырды. Сонымен бірге тәжік ұлтының
өкілдерінен қаржы саласының мамандарын даярлауды жолға қойды. Темірбек
Жүргеновтің ерекшелігі тәжік тілін еркін меңгерген. Халықпен етене жұмыс жасай
білген. Сол үшін де тәжік елі қазақтан шыққан қайраткерді ұлықтап, оның есімін
елімізде жаңғыруына күш салады”, – деді ол.
Конференцияның секциялық отырыстарында
90-нан астам баяндама тыңдалды. Ғалымдар, белгілі мемлекет және қоғам
қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметін, тұлғалық болмысын
жан-жақты қырынан ашып көрсетті. Баяндамаларда ХХ ғасырда орын алған мәдени
жаңғыру үдерісін тәуелсіз көзқарас тұрғысынан пайымдау мәселелері зерделенді.
Конференция барысында мемлекет және
қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің "Астана” атриумында "Білім
тарихы музейінің” салтанатты ашылуы болды.
Бұдан бөлек, конференцияға қатысушылар
25-қыркүйек күні "АЛЖИР” мемориалды мұражайында болып, саяси қуғын-сүргін
құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Олар Т.Жүргеновтің
зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ
Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекованың осы "АЛЖИР-дегі” тауқыметті
тағдырымен танысты. Дәмеш Ермекова Темірбек атылған күні абақтыға жабылып, 8
жыл ғұмырын Қарлагта өткізген.
Сонымен қатар, конференция қарсаңында
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ғылыми басқосудың еңбектер жинағы және
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының құрастыруымен
"Темірбек Жүргенов – мұрағат құжаттарында” атты құжаттар жинағы жарық көрген
болатын.