Халықаралық
қарттар күніне орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың бір топ
ардагерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады.
Әр саланың аға буын
өкілдерінің басын қосқан жиында аймақ басшысы өңірімізде атқарылып жатқан
жұмыстар барысымен таныстырып, алда тұрған міндеттерді тілге тиек етті,
қазыналы қарттарды атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қадірлі ардагерлер, бүгінгідей атаулы күнде
өздеріңізбен кездесуді дарияның бойынан бой көтерген облыс әкімдігінің жаңа
ғимаратында өткізуді жөн көрдік. Ондағы мақсат
өңірімізге қатысты шешімдер қабылданып, алқалы жиындар өтетін ғимаратпен
таныстыру. Оның үстіне аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып,
өздеріңізге есеп берейін деп ойладым. Бүгінгі таңда өңірде өндірісті
әртараптандыру бойынша жан-жақты жұмыстар жасалуда. Бұл – заман талабы. Осы
бағытта түрлі жобалар қолға алынуда. Биыл шыны зауытына қатысты да біраз
тірліктер жасалды. Осы орайда экономикалық ахуалды айта кетейін, «Батыс Еуропа-
Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысының негізгі жұмысы қазан айында аяқталады
деп отырмыз. Мұның игілігін тұрғындар көретін болады. Сондай-ақ,
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құрылысы да бітіп қалды. Енді елді-мекендерді газдандыруға кірісеміз.
Осы екі жобаның өзінде 365 млрд. теңге облыстың экономикасына құйылған
екен. Шағын және орта бизнесті дамытуға
да күш салынып жатыр. Бізде шағын кәсіпкерлік ішкі жалпы өнімнің 20 пайызына
әрең жетіп отыр. Басқа өңірлерде бұл 50 пайыздан асады, біз де осы көрсеткіштен
көрінуіміз керек. Айта кету керек, орта, кіші бизнестен түсетін салықтың көлемі
бір жылда 15 пайызға артты. Ал, облыстың республикаға түсетін салық көлемі бір
жылда 102 млн. теңгеге өсті. Яғни, 2013 жылы біздің облыс төртінші орыннан көрінді. Ауыл шаруашылығына келсек, былтыр күріштен
жақсы өнім алдық, биыл да егіннің шығымы жаман емес. Сол секілді денсаулық сақтау, білім
салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қызылорда облысы республикада әлеуметтік саланы дамытуға ең көп қаржы
жұмсайтын аймақ ретінде аталып отыр. Соңғы бір жарым жылда 34 денсаулық сақтау
нысаны, 37 білім нысаны жаңадан салынды, 25 басқа да әлеуметтік нысанның
құрылысы жүргізілді. Осының негізінде бізде үш аусымда оқыту жүйесі жойылды.
Мектепке дейінгі білім беретін орындар бойынша да республикада алда келеміз.
«Балапан» бағдарламасы аясында көптеген балабақшалар салынып, мектепке дейінгі
білім берумен қамтуды 86 пайызға жеткіздік, – дей келе, облыс әкімі Қырымбек
Елеуұлы әлі де атқарылар талай
жұмыстардың бар екенін атап өтті және қазыналы қарттарды мерейлі мерекелерімен
құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағанбетова
ардагерлер кеңесінің жұмыстарына қолдау білдіріп, үнемі көмек қолын созуға
дайын тұратын аймақ басшысына алғысын айтты және кеңес жұмысынан хабардар
етті. Жалағаш аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы Садық Әлиев үлкенге құрмет көрсетіп, атаулы күнде мерекелік
көңіл күй сыйлаған облыс әкіміне ризашылығын білдірсе, ардагер Тәнеш
Оразов ақ батасын арнады.
Мерекелік шара жергілікті
өнерпаздардың ән шашуымен өрнектелді, қарияларға сый-сияпат жасалды.
Айнұр БАТТАЛОВА.