АЙМАҚТА ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ

АЙМАҚТА ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫОблыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевтің төрағалығымен аймағымызда салынатын ферроқорытпа зауытының құрылысы жобасының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағамдау жайында қоғамдық тыңдау болып өтті. Онда «Қазақстан-Қытай Мұнай Газ Энерго Жоба» қоршаған ортаны қорғау секторының топ жетекшісі Светлана Большакова баяндама жасап, зауыттың жобасымен таныстырды.
Өңірімізде салынатын, төмен алюминийлі ферросилиций өндіретін ферроқорытпа зауытының құрылыс жобасын «Байқоңыр» ӘКК әзірлеуде. Аталмыш зауыттың құрылысы үшін индустриялдық аймақта 50 га жер телімі белгіленген. Зауытта әрқайсысы жылына 33 мың тонна ферросилиций шығаратын қуаттылығы 33 МВт-тық 6 пеш орнатылады. Сондай-ақ, жобада ең жаңа энергия үнемдейтін жабдықтар қойылып, заманауи технологиялар қолданатын болады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co, Ltd» атты Қытай компаниясымен жасалған келісімге сәйкес әзірленген. Жиын барысында баяндамашы С.Большакова зауыттың барлық экологиялық нормаларға сәйкес келетіндігін, сонымен қатар, рудотермикалық пештен шығатын қоқыс шлакоцемент өндірісінің шикізаты болып табылатындығын жеткізді. 
Еліміздің экономикасының дамуына серпін беретін бұл жоба турасында жиналған көпшілік түрлі сауалдар жолдады. Облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев зауыт өңірімізде салынатындықтан онда жұмыс істейтін кадрлардың жергілікті жерден алыну керектігін баса айтты.
 
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2014 г. 1 105 0