Атырау. Форумда "Көмірсутегі саласындағы
инновациялар” атты көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмеде "Қор” мұнай компаниясы
Қызылорда өнімдерін таныстырды. Мұнай компаниясының бас директоры Марат
Нұрпейісовтің атап өткеніндей, Қызылорда облысының жер қойнауында
көмірсутегінің азайып бара жатқаны көптеген түйінді мәселелерді шешуге
мәжбүрлік етуде. Бұл орайда қазіргі қолданып жүрген ескі технологиялармен алысқа
бара алмайсың. Ал форум көптеген мәселелерге жауап беретін пайдалы басқосу
болып табылады.
– Біз бірқатар Ресей
компанияларымен, нақты айтқанда "Стабнефть” компаниясымен қызу қатынас орнаттық,
– дейді М.Нұрпейісов. – Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бізге әрдайым жаңа
технологияларды игеру қажеттігін еске салып отырады. Ал бұл, сайып келгенде,
біздің аймақта көмірсутегі шикізатының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Біз
қазір бассейндік модельдеу, геохимия салаларын дамытуға назар аударып, жаңа
байланыстар іздестірудеміз. Осы орайда біздің Татарстанның өкілдерімен жасалған
меморандум бірқатар мәселелерді шешуге көмектесер деп ойлаймын. "Стабнефть”
компаниясының технологиялары үлкен жұмыс көлемін атқаруға мүмкіндік береді.
Форумда Қызылорда
облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Татарстан президенті Рустам Миниханов
сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық
жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл осыдан біршама уақыт бұрын негізі қаланған
ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады. Өткен жылы Қызылорда облысының
делегациясы Татарстанда болғанда қол қойылған меморандумда аталған мәселелер
көрініс тапқан.
Форумның барысында
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жалпыресейлік қоғамдық
ұйым "Деловая Россия” арасында аймақаралық ынтымақтастықтың тағы бір құжатына
қол қойылды. Оның негізгі мақсаты – екі
ел арасындағы кәсіпкерлікті нығайтуды көздеуде.