КӨПТЕН КҮТКЕН КӨПІР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ

КӨПТЕН КҮТКЕН КӨПІР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫСырдария өзенінің Тереңөзек кентін жанай ағатын тұсынан көпір салу жарты ғасырдан астам өз шешімін таппай, аудан тұрғындарын абыржытумен келе жатқан мәселенің бірі болатын. Осыдан 2 жыл бұрын көпірдің қазығы қағылып, күні кеше ел игілігіне пайдалануға берілді.

Көпір құрылысын пайдалануға беру салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ел қуанышына ортақтасты.

Кешегі Кеңес Одағының кезін­де шешімін таппаған көпірдің, тәуел­сіз Қазақстанның тұсында салынуы болашаққа басқан қарыш­ты қадамның керемет бір көрінісі іспеттес. Бұл көпір арқылы 13 ірі елді мекен тұрғындары аудан орталығымен тікелей қосатын жаңа жол өткелімен жүрсе, жол қозғалысының қауіпсіздігіне де тоқтам жасалмақ. Оның салынуына Үкімет тарапынан 2 млрд. 511,0 мың теңге қаржы жұмсалған. Аудан тұрғындарының көпір құрылысы жұмыстарын жүргізген арнайы мамандандырылған ”Мостостройтельныйотряд-25” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен бас жобалаушы "Институт Геопроект” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне айтар алғыстары шексіз.

Көпір құрлысының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:

КӨПТЕН КҮТКЕН КӨПІР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ– Қуаттылығы 180 тонна, ұзындығы 220 метрді құрайтын көпір ендігі жерде Сырдария ауданының дәулетін арттырып, тыныс-тіршілігін кеңейте түседі. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі, ел үшін жасалып жатқан жасампаз істің жемісі. "Біріккен білек – тау қопарады” дегендей, қиналған халықтың қамы үшін Елбасымыз аталған жобаның бір бөлігін республикалық бюджеттен қаржыландыруға тапсырма берсе, біз де өз тарапымыздан жобаны барынша жандандыруға күш салдық. Бұған дейін 13 елді мекендегі 21000 адам аудан орталығына жету үшін 120-180 шақырымды айналатын еді, енді осы көпір арқылы бар-жоғы 20 шақырым ғана жол жүретін болады.

Жаңа көпіріміз жақсы істердің жалғасы, жаңашыл істеріміздің бастамасы болсын, – деген жүрекжарды лебізін алғаусыз жеткізіп, халқымыздың "Біз қалай іргетасын қаласақ, болашақ солай болады” деген ұлағатты сөздің маңызын жиналғандар жүрегіне жеткізді.

Аймақ басшысы Елбасының Сыр өңіріне деген қамқорлығының арқасында Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев көшесі бойымен Сырдария өзені арқылы өтетін өткел құрылысы басталғанын, сондай-ақ, келесі жылы "Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс” автожолының бойындағы Әлсейіт елді мекені тұсынан өтетін көпір құрылысын салуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Тереңөзек көпірінің салынуына күш салған сол тұстағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бүгінде еліміздің Бас прокурорының орынбасары, жерлесіміз Жақып Асановқа шексіз алғыс сезімін білдірді.

Көпірдің ашылу салтанатында мемлекет қайраткері, еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев сөз алып, сырдариялықтар атынан Елбасымызға, облыс әкіміне, осы құрылысты салуға өз үлестерін қосқан барша жұртшылыққа рахметін айтты.

Келесі сөз кезегін алған Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов:

КӨПТЕН КҮТКЕН КӨПІР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ– Мен көпір құрылысын салуға азғантай да болса өзіндік ықпал еткенімді азаматтық парызымның өтеуі деп есептеймін. Облыс пен аудан әкімдігінің, жерлестерімнің бір адамның баласындай бірлікпен еңбек етіп, жаңа нысан жақсы нышан бастауы болғандығына қуана қол соғамын, – деді.

Салтанатты шараға жиналған­дар­ға Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Яхия Тасыров ақсақал ақ батасын беріп, облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған ел ағалары көпір лентасын қиды.

Мерекеде "Қоңыр” тобы мен ҚР Тұңғыш Президенттік қорының грантын иеленген "Тұран” тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетовалар, басқа да өнер жұлдыздары көпшілікке ән мен биден шашу шашты.

Еркін ӘБІЛ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 23 қыркүйек 2014 г. 1 409 0