ЖАТАҚХАНАҢ – ЖЫЛЫ ҰЯҢ

ЖАТАҚХАНАҢ – ЖЫЛЫ ҰЯҢКеше қала орталығында соңғы үлгіде салынған 200 орындық Студенттер үйі пайдалануға берілді. Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің шалғай ауылдардан келген тәлімгерлерге арналған жатақханасы әлеуметтік жоспар аясында салынып отыр. Жаңа нысанның іргетасы былтыр маусым айында қаланған. Төрт қабатты зәулім ғимараттың құрылыс-монтаж жұмысын "ГрандТехноСтрой” мердігер мекемесі жүргізді. Жалпы аумағы 2800 шаршы метрді құрайтын құрылысқа колледж құрылтайшылары 135 млн. теңге жұмсапты.

Кең сарайдай Студенттер үйінде білім қуған жас талапқа барлық жағдай жасалған. Онда кітапхана, акт залы, студенттер асханасы, компьютер бөлмесі оқушылардың сабақ оқуы мен демалуына толық мүмкіндік береді.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қ.Баймаханов, М.Бақтиярұлы, "Қазақстан теміржолы” ҰК АҚ президентінің кеңесшісі Б.Досманбетов, "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Болатбеков және тәлімгерлер мен олардың ата-аналары қатысты.

Елбасы Н.Назарбаев «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым мен білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деген болатын. Мемлекет басшы­сының осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында елімізде «Студенттік баспана» бағдарламасы жасалды.

– Студенттерге арналған заманауи жатақхана Елбасы тапсырмасын өңірімізде жүзеге асырудың жарқын көрінісі болды, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова. – Бұл алда білім сапасының жақсаруына да өз әсерін тигізеді.

Ақмарал Шәріпбайқызы "Мәңгілік ел жастары – индустрияға”, "Серпін–2050” мемлекеттікбағдарлама­лары аясында министрлік тарапынан техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына бөлінген 1000 мемлекеттік гранттың 470-ін, жоғары оқу орындарына бөлінген 1050 орынның 320-сын Сыр жастары иеленгенін де атап өтті.

Жатақхананың ашылу салтанатында ата-аналар сөз алып, студенттерге жасалып жатқан қамқорлыққа алғыстарын жеткізді.

Нұрбек САҒАТҰЛЫ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 20 қыркүйек 2014 г. 875 0