ӨЗІ ОРЫП, ӨЗІ БАСТЫРАТЫН ДАЛА КЕМЕЛЕРІНІҢ ӨНІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

ӨЗІ ОРЫП, ӨЗІ БАСТЫРАТЫН ДАЛА КЕМЕЛЕРІНІҢ ӨНІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ"Сыр салысы жайқалар жел тербесе...” демекші, аймақтағы күріш атыздарына орақ түсті. Ақмешіттің күзгі ажарына сән беріп тұрған Сыр салысы ел әлеуетін көтеріп тұрған негізгі дақыл болса, ақ күріштің арқасында дəулеті артқан ауылдар Сырдария ауданында молынан кезігеді. Соның бірі Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» серіктестігінің күріш танаптарына алғашқы орақ түсті.

Күріш өсірудің де қилы ауыртпашылығы бар. Жас баладай мәпелеп, 120 күн қажетті қорегі мен түрлі дәрумендерін беру керек. Күрішке де "көз” тиетінін ескерсек, түрлі ауруларға қарсы "екпе” де егіледі. Осының барлығы бейнеткеш диқанның маңдай тамшысына айналады. Ала жаздай атыз жағалап, дақылын баптаған егіншілеріміз бұйырған ел ырзығын төкпей-шашпай жинап алуды көздейді. Ал, ол мезгіл еңбегінің еленіп, тамшы тердің өтеуіндей болған кез егінге орақ түскен мезгіл.

Батыр ауылындағы орақ салу рәсімі жылдағыдай лента қиюмен шектелмей, семинар-кеңес түрінде өткізілді. Орақ науқанына аудандық мәслихат хатшысы Б.Маншарипов, аудан әкімі орынбасары Б.Лекеров, Қазақстанның Еңбек Ері «Абзал және К» ТС директоры А.Ералиев, ауыл әкімі Г.Әбілдаева және «Мағжан және К» ЖШС директоры Д.Ералиев, ауыл ардагерлері мен күрішші-механизаторлар қатысты.

Аймақ бойынша егін жинауды жоғары дәрежеде ұйымдастырып жүрген сала мамандары алтын дәнді ысырапсыз жинап алуға 20-25 күн кетеді дейді. Бұған қоса, бүгінде шаруашылықтың техникалық әлеуетті екен­дігін атап өткен жөн. Жылда облыс бойынша бас бәйгені бермейтін серіктестік, биыл да егін жинау науқанына тастүйін дайын. Кеңестік «Енисейден» төрт есе қуатты, күрішті орып әрі дестеге салатын «MacDon» жаткасының екеуі (өткен жылы біреуі, биыл тағы біреуі) егістікке шығарылды. Сондай-ақ, Джон Д-да науқанға сақадай сай. Бұл дала кемелері №7 бригаданың күріш алқабына биылғы алғашқы орақты салды. Сондай-ақ, былтырғы ауыл және аудан чемпионы №4 бригада жетекшісі Ө.Қалиев биыл да былтырғы межеден кем түспек емес. Жаткалардың күріш оруы жойқын, озық технологияларда комбайншыға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Көңілі тоқ, техникасы сай механизатор еңбек өнімділігін арттыра түсері ақиқат.

Биыл аудан тарихында мол күріш егілді. Оның жалпы көлемі 20 мың гектардан асады. Ал Н.Ілиясов және Бесарық ауылдарында 5 мың гектардан аса егіс отырғызылды. Қазіргі таңда шаруашылықтарда техника, адам күші, жанар-жағармай толық дәрежеде жеткілікті. Күріштің негізгі қорегі судан тапшылық көрмей, күріш орағына жан-жақты дайындық жасалды – дейді, «Мағжан және К» ЖШС директоры Дархан Ералиев.

Адал кәсіппен нәсіп терген сырбойылық диқандар алты ай жазғы жанқияр еңбектерін баянды етуге біркісідей жұмыла кірісіп кетті. Диқандардың ең басты ұстанымдары – Сыр салысы – ақ маржанды дер кезінде ысырапсыз жинап алып, аймақта биік дәрежеден көрінуге аянбай тер төгу.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 18 қыркүйек 2014 г. 1 210 0