АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕР МЕН БАСПАХАНАҒА АВТОКӨЛІКТЕР БЕРІЛДІ

АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕР МЕН БАСПАХАНАҒА АВТОКӨЛІКТЕР БЕРІЛДІСенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық басылымдар мен баспаханаға қызметтік автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Бұл аймақ тарихында тұңғыш рет қолға алынған шара.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған «Сыр медиа» ЖШС 3 облыстық, 7 аудандық, 1 қалалық және интернет газеттері мен ақпараттық талдау орталығының басын қосқан бірегей құрылымға айналды. Бүгінде 300-ге тарта адамның басын біріктіріп отырған мекеменің ақпарат айдынындағы алар орны ерекше.

Салтанатты шарада облыс басшысы Қырымбек Көшербаев мемлекет тарапынан ел үшін жасалып жатқан игілікті істер мен шынайы ақпараттарды жұртшылықтың назарына жеткізіп жүрген БАҚ өкілдері екенін атап өтті.

– «Сыр медиаға» қарасты басылымдар өңіріміздің күнделікті тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын облыс, респуб­лика көлемінде үздіксіз таратуда. Сондықтан, қажетті материалдық-қаржылық қолдау көрсету жақсылықтың жаршысына айналған құрылым жұмысына оң әсерін тигізері сөзсіз, – деді аймақ басшысы.

Қазақтың ұлттық мәдениеті мен оқу-ағарту саласын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан қайраткер Т.Жүргеновтің есімі берілген Шығармашылық үйі де заманауи ғимараттардың бірі. Облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа ғимаратқа көшкен серіктестіктің қазір өз баспаханасы бар, онда оннан астам газет түрлі-түсті сапада басылып, оқырмандарға тұрақты жол тартып отыр. Сыр елі шығармашыл жастарының басын біріктіретін, жалпы жастардың ойларын ортаға салар басылымы болсын деп «Ақмешіт жастары» газеті ашылды. Сонымен қатар, аудандық басылымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуда нақты шаралар жүзеге асырыла бастады.

Салтанатты шарада 7 аудандық басылым мен баспахана басшыларына «Нива» автокөліктерінің кілттері тапсырылды.

Шара барысында ардагер-журналист, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Әскербек Рахымбекұлы журналистердің қаламына қанат бітірердей қолдау көрсетіп отырған облыс басшысына ұжым атынан алғыс білдірді.

Дәурен ОМАРОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 16 қыркүйек 2014 г. 1 068 0