« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Сәл шегініс жасасақ, биылғы көктем айында аймақ басшысы Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен өткен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің
отырысында Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласының таяу болашақтағы
сәулеті, әсіресе, бас жоспар бойынша Сырдария өзенінің солтүстік жағалауына
салынатын жаңа қаланың архитектуралық келбеті кеңінен талқыланған-ды. Осы
жиыннан соң көп ұзамай облыс әкімінің тапсырмасымен қала басшысы Н.Нәлібаев
бастаған делегация Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласына сапарлап, тәжірибе
алмасып келді. Ал, жуырда облыс әкімдігінің қолдауымен аталған елдің астанасына
баспасөз туры ұйымдастырылды. Соңғы 10 жылдың бедерінде қарқынмен дамып келе
жатқан Баку қаласында болып, туыстас жұрттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен
танысқан сырбойылық бір топ журналистердің арасында облыстық «Сыр бойы»
газетінің тілшісі де болды.
ӘЗІРБАЙЖАН – ШЫҒЫС ПЕН БАТЫСТЫҢ ҚАҚПАСЫ
Қорқыт ата әуежайынан көкке көтерілген ұшақ ақшамда Алматыға қонды. Ертесіне Алатау асып, қарт Каспийді көктеп, Кавказға жеткенде түс ауып кеткен еді. Ұшақта отырып, шаһар төбесінен қарағанда қиыр шетін көру мүмкін емес. Ресми статистика елдің астанасында 4 миллионнан астам халық тұратынын айтады.
Баку қаласының аумағы – 2,430 шаршы шақырымды құрайды. Климаты – субтропикалық яғни, қысы жайлы. Жалпы, бұл елдегі халықтың саны 9,3 млн.-ға жуық. Әзірбайжан азаттық алғаннан кейін де Баку қаласы бұрынғы әкімшілік бөлінісін сақтап қалды. Астана 11 қалалық ауданнан тұрады. Астаналық тұрғындарының 95 пайызы әзірбайжандар. Ел тұрғындардың тең жартысынан астамы 23 аудан мен елді мекендерде тұрады. Бұл 5 млн.-ға жуық халықтың кәсібі ауыл шаруашылығы саласының төңірегінде деген сөз. Әзірбайжан мен біздің елдің ең үлкен ұқсастығы – екі ел де ірі мұнай және мұнай өнімдерін экспорттаушылар болып табылады. Ескеретіні, қазақстандық «қара алтынның» экспорттағы үлесі 55-60 пайыздан аспайды. Әзірбайжан болса, осы мұнайдың арқасында күнелтіп отырған ел. Сыртқы саудаға шығаратын өнімдерінің 94 пайызын осы мұнай құрайды.
Қызылордалық делегацияны еліміздің Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Амангелді Жұмабаев қабылдады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Әзірбайжан мемлекетімен қарым-қатынасты дамытуға әрдайым айрықша маңыз береді. Өйткені, біз бұл елмен жақын көрші ғана емес, туыстас халықпыз, түбі бір түркі жұртының ұрпағымыз. Сондықтан да бұрынғы достық әрі әріптестік қатынасымыз кейінгі жылдары туыстық сипат алып келеді. Ал, Баку қаласы XX ғасырдың соңындағы экономикалық дағдарыстан кейін дамудың жаңа қарқынды жолына түсті. Бұл елде біздегідей бірнеше мемлекеттік бағдарлама қолға алынған, – дейді елші мырза.
Әлемде 30-ға жуық түркі тектес халықтар болса, соның 7-і ғана тәуелсіздік алған. Түркілердің достығына дәнекер болатын бірнеше ірі ұйымдар бар. Өткен жылы Әзірбайжанның Габала қаласында түркітілдес халықтардың саммиті өтті. Ал, Сыр бойында мәңгілікке байыз тапқан түркі дүниесінің ұлы ойшылы Қорқыт атаның Ватикан мен Дрезденнен табылған «Китаби деде Коркыт» атты дастаны қазақ пен әзірбайжанға ортақ мұра. Жалпы, түркі мәдениетінің негізі Қазақ жерінде қаланғанын әзірбайжан мен түрік ғалымдары жиі айтып жүр.
Біз көршілес елдермен экономикалық һәм мәдени ынтымақтастықта дамуға мүдделіміз. Сондықтан да суда-саттықтың көлемі жыл сайын артып келеді. Территориясының 5 пайызға жуығы Еуропада жатқан Әзірбайжан әсіресе, Түркиямен байланысты дамытқан ел. Кезінде осы елдің үшінші Президенті, жалпыұлттық батыры Г.Әлиевтің «Екі мемлекет, бір халық» деген сөзін бүгінде әзірбайжандық әріптестеріміз нақыл ретінде айтып отырады.
Елші А.Жұмабаевтың айтуынша, экономикалық жағынан
жақын болу екі жақ үшін де өте маңызды. Әзірбайжан үшін Қазақстан транзитті ел
болып табылады. Шығыстан Ақтау портына жеткен жүк Бакуға бет түзеп, әрі
қарай Кавказ бен Еуропа елдеріне тұмсық тірейді. Мемлекет басшылары арасында
мұндай келісім бар. Бұған қоса, жуырда Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және
Түркия мемлекет басшыларының кездесуінде үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Алдағы жылдан бастап 4 елдің аумағындағы темір жол арқылы Шығыстан шыққан
тауар Еуропаға бұрынғы Жібек жолының бойымен тасымалданатын болады. Жалпы,
екі ел мемлекет басшылары бұған дейін 10 келісім-шарт жасасқан. Қазақстаннан
Әзірбайжанға негізінен астық экспортталады. Олардың 300-ден астам
компаниясы біздің елдің нарығында жұмыс атқаруда. Қазір әзірбайжандық «АзерСу»
холдингі Ақтау қаласында сыйымдылығы 10 мың тонналық логистикалық терминал
салып жатыр. Жобаның құны – 20 миллион еуро. Қойма құрылысы 6 айдан соң, яғни
2015 жылдың басында аяқталады. Сол кезде Әзірбайжаннан Каспий теңізі арқылы
еліміздің батыс аймақтарына жеміс-жидек тасымалданады деп күтілуде.
Орайлы тұста айта кетейік, 2002 жылы Баку қаласына тарихи сапар жасаған Рим папасы Иоанн Павел ІІ Әзірбайжанды «Шығыс пен Батыстың ортасындағы қақпа және толеранттылықтың үлгісі» деп бағалаған.
КАВКАЗ «ПАРИЖІНДЕГІ» БАЙЫРҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕР
Баку туралы сөз қозғалғанда оның тарихи ескерткіштерге бай қала екендігі айтылады. Бір қызығы, осы жолдардың авторына кеңестік кезеңде Кавказдағы Ереван, Тбилиси, Махачкала сынды астаналардың, оның ішінде бүгін тақырыпқа тамызық болып отырған Баку қаласын көрудің сәті түскен еді. Алайда, бүгінгі қаланы осыдан ширек ғасыр бұрынғы шаһармен салыстыра алмайсыз. Бакуға жолы түскен жанның бәрі осынау көзтартар көрікті орындарға бай әсем қаламен 3-4 күнде түгел танысып шыға алмасын өкінішпен жеткізер еді. Өйткені, бүгінгі Баку – түбі бір туыстас жұрттың астанасы ғана емес, сонымен бірге Каспий теңізіне 20 шақырым сұғына енген Апшерон түбегіндегі және бүкіл Кавказ аумағындағы ең ірі мегаполис.
Қаланың көрікті жерлерін аралап, танысқанымызда астананың сәулетіне сәулет қосатын жаңа ғимараттардың көптеп салынып жатқанына куә болдық. Мемлекеттің кейінгі кезде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөле бастағанын пайымдадық. Өткен жылы Минскіде өткен мемлекет басшыларының кездесуінде 2014 жылды «Туризм жылы» деп жариялағаны белгілі. Биылғы жылдың басында ТМД-ға мүше елдердің Парламентаралық ассамблеясы «2014 жыл – туризм жылы» аясында Достастық елдеріндегі ең маңызды әрі көрікті жерлердің тізімін жариялаған еді. Осы «Достастық інжулері» атты туристік тізімге елордамыз Астана қаласындағы «Дөңгелек алаң» енсе, Әзірбайжаннан Баку теңіз жағалауы желегі кіріпті. Қаланы аралауды дәл осы теңіз жағалауы желегінен бастадық. Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттік ту алаңы, оның жанындағы Хрусталь сарай секілді Баку қаласының бірнеше көрікті орындарында болып, мемлекеттік университетке ат басын тіредік. Айта кетерлігі, бұл елде білім күні 15 қыркүйектен басталады, сондықтан астаналық студенттер мен оқушылар жазғы демалыстан әлі оралмаған. Бакуда 30-дан астам ЖОО мен осынша мұражайлар, 7 театр, мемлекеттік филармония, опера және балет театры, киностудия, кинотеатр мен кітапханалар бар. Ал, 1967 жылы ашылған Әзірбайжан мемлекеттік халықтық қолданбалы өнер мен кілем мұражайы әлемдегі тұңғыш кілем мұражайы болып есептелсе, мұндағы миниатюралық кітаптар мұражайы жер бетіндегі жалғыз мұражай болып саналады.
Баку қаласы жоғарыда атап өткеніміздей, алып құрылыс алаңына айналған. Әзірбайжан елі «қара алтынды» экспорттаудан түсетін мол қаржыны қаланы көркейтіп, төбесі көкпен таласқан биік ғимараттар салуға жұмсап жатыр. Қала құрылысын дамытуға арналған ауқымды сәулеттік жобалардың ішінде «Баку – ақ қала» жобасының орны айрықша. Жоба бойынша, бұрын «қара қала» атанған астананың шығыс бөлігін қайта жаңғырту және дамыту қолға алынып отыр. Баку қаласын дамытудың жаңа бас жоспары 2030 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Осы орайда, мұнай экспорты арқылы мол табысқа кенеліп отырған Әзірбайжан елінің бас шаһары – Баку қаласының дамуына Дүниежүзілік Банктің қаражаты тартылғанын да айта кетейік.
Жалпы, Бакудың бүгінге дейінгі тарихы сан мыңдаған жылдарды қамтиды. Ең ғажабы – сол ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қала құрылысының тарихи келбеті мұнда әлі сақтаулы. Байырғы жәдігерлерімен мақтана алатын ескі шаһар уақыт өте келе жаңа құрылыстармен толығып отырған. Осылайша, қаланың тарихи орталығына іргелесе салынған осы заманның зәулім ғимараттары бүгінде шеті-шегі көрінбес алып шаһардың келісті келбетін қалыптастырған.
Бакуда халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық форумдар,
мәдени шаралар, шоу-концерттер мен батыс суретшілерінің, мүсіншілерінің
көрме-галереялары жиі өтіп тұрады. Мәселен, «Еуробайқау-2012» ән додасының
кезекті елу жетінші байқауы теңіз жағалауындағы «Баку хрусталь сарайында» өткенінен
көзіқарақты жұрт хабардар. Осы ән байқауы үшін арнайы бой көтерген ғажайып
ғимаратта маңызды мәдени шаралар өтеді екен. Әрине, мұндай мүмкіндікке кез келген өнерпаз ие бола
алмайды. Өйткені, сарайды жалдау құны өте жоғары көрінеді.
Сонымен бірге, Баку қаласы спорттық ойындар өткізумен де танымал. 2012 жылы 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы футболдан әлем біріншілігі аталған елдің астанасында ұйымдастырылғаны мәлім. Келер жылы мұнда Еуропа елдерінің бірінші олимпиадалық ойындары өтеді. Қазір аталған спорт додасына арналған үлкен Олимпиада сарайы, спортшылар мен жанкүйерлерге арналған көпқабатты тұрғын үйлер кешені салынуда. Мұндағы ғимараттардың қасбеті ғана емес, ескісі бар, жаңа бой көтеріп жатқаны бар, бәрі-бәрі түгелге жуық Апшерон түбегіндегі кеніштерде өндірілетін табиғи төзімді тас – аглаймен қапталады. Қала құрылысын дамытып, ғимараттарды безендіруде тамаша архитектуралық құрылыс материалы болып саналатын аглай тасын қолданысқа енгеніне бірнеше ғасырдан асыпты. Жерлікті билік құнды құрылыс материалын экспортқа шығаруға тыйым салған. Бұл, аглай ұлттық байлық есебінде көздің қарашығындай сақталады деген сөз.
Әзірбайжан тілінде «Ичери-Шехер», бізше ескі шаһар, 2000 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген Ширваншахтар сарайы секілді көне ғимараттар кешені астананың қақ ортасына орын тепкен. «Қыз қаласы» деп аталатын ескі мұнара да осында, теңіз жағалауынан алыс емес. Ғимарат ХV ғасырдан да бұрын салынған. Мұнда келген өзге ел азаматтарының қай-қайсысы да қала орталығынан орын тепкен осы ескі шаһар мен шахтар сарайына бас сұқпай кетпейді. Бұлардағы көне құрылыстар уақытылы жөндеуден өткізіліп, жаңартылып, жарықтандырылып, осы заманғы озық технологиямен қамтамасыз етілген. Яғни, елге келген қонақтар мен туристерге байырғы жәдігерлермен мұқият танысуға барлық жағдай жасалған. Тіпті, ежелгі христиан мәдениетінің ескерткіштері мен зоорастризмге қатысты қоныс-мекендерін (отқа табынушылардың «Атешгях» атты храмын) мемлекет сол күйінде сақтап отыр. Бұл әзірбайжан ағайындардың көне жәдігерлерге байыпты көзқараспен қарап қана қоймай, туризмді дамыту арқылы онан пайда табуға деген ниетін білдірсе керек. Бір сөзбен айтқанда, мұнда Шығыстың үлгісі мен Еуропаның классикалық дәстүрі берік жымдасқан.
Қарт Каспийдің арғы жағалауына жасаған саяхатымыз туралы газетіміздің алдағы нөмiрлерінен оқитын боласыздар.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Қызылорда-Алматы-Баку-Алматы-Қызылорда.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |