ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР МЕРЕКЕСІ

Сырда театрлар фестивалі басталды

ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР МЕРЕКЕСІКеше қаланың орталық алаңында КСРО Халық артисі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІІ республикалық фестивалі салтанатты түрде ашылды.

Театр өнерінің майталмандарын қарсы алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, өресі биік өнер мерекесінің шымылдығын ашып берді.

– Әр дәуірдің өз таланттары, дара тұлғалары, самғар саңлақтары бар. Солардың әрқайсысы Сыр өнерінің ұлттық, әлемдік деңгейде қалыптасып, дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар туралы әділ сөзімізді айтып, насихаттап, есімдерін ұлықтап, мәңгі есте қалдыру – біздің елдік парызымыз,-деді аймақ басшысы. – Қазақ театрының іргетасын қаласып, сахнада сан түрлі тағдырлар мен аналар рөлін сомдаған әйгілі өнер иесі Сәбира Майқанова – театр өнеріндегі саңлақ есімдердің бірі де бірегейі. Қазақтың төл театрының тарихи бастауында Қаллеки, Қапан, Серағаңдар тұрғаны баршаға мәлім. Олардың заңды жалғасы іспеттес Сәбира, Шолпан, Бикен, Хадиша апаларымыз – халқымыздың мақтанышы. Қазақтың театр өнері тарихында алтын әріппен жазылған Сәбира Майқанова есімін ұлықтау мақсатында бүгінгі күні де жасалып жатқан шаралар аз емес.

Өнер мерекесінің ашылуында аймақ басшысы алдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа театр ғимараты салынып, оған Сәбира Майқанованың есімі беріліп, ескерткіш орнатылатынын айтты.

КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, "Қаллеки қазақ театрының әкесі болса, Сәбира біздің театрларымыздың Анасы” –деп, қазақ өнерінің майталманына өз бағасын берді.

ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР МЕРЕКЕСІСыр өңіріне еліміздің 8 аймағынан келген драма театр майталмандары 5 күн бойы өз өнерлерін көрермен назарына ұсынады.

Көрермендер Сәбира Майқанова сомдаған дара бейнелерді енді әр аймақтың театрлары ұсынған жаңа образымен, өзге қырынан көретін болады. Фес­тиваль шымылдығын Н.Бекежанов атындағы драма театры «Қарагөз» спектаклімен ашты.

***

Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі ұйымдастырған С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІІ фестиваліне келген қонақтар баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Облыстық мәдениет басқарма­сының басшысы Ержан Абдрахманов театр фестивалінің бағдарламасы және оған келген ұжымдар, қонақтар туралы мағлұмат берді.

Одан кейін сөз алған КСРО Ха­лық артисі, фестивальдың қазылар ал­қа­сының төрағасы Асанәлі Әшімов қойылымдарға баға беретін әріп­тес­терін таныстырды. Белгілі театр сыншылары мен өнертанушы ғалым­дардан, драматургтардан құрал­ған қазылар фестивальға қатысушылар өнеріне лайықты баға­сын беруге әзір.

– Қазақ өнерінің анасы атанған Сәбира Майқанованың ғасырлық мерейтойынан өнер адамдары қанатта­нып, шабыттанып қайтуы керек. Осы фестивальда С.Майқанова атындағы жүлде, «Ең үздік спектакль», «Ең үздік әйел образы», «Ең үздік ер адам образы», «Үздік суретші», «Үздік режиссер» деген номинациялар беріледі. Оған қоса, қоғамның бастамашылдығымен тағайын­далған сыйлықтар болады, – деді А.Әшімов.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева Сәбира Майқанованың 100 жылдығын атап өту Үкімет қаулы­сымен бекітілгенін, мерейтойлық шаралардың рет-ретімен өткізіліп жатқанын айтты. Жыл соңына дейін өнер шеберлерінің қатысуымен үлкен еске алу концерті ұйымдастырылмақ. Театр фестивалі ұлы актрисаны ұлықтау шараларының бірі саналады.

ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР МЕРЕКЕСІ– Фестивальға қатысуға еліміздің көптеген театрлары ұсыныс берген. Соның арасынан 9 театр іріктелді. Сыр еліне Астана қаласының жас­тар театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық музыкалық драма театры ұжымдары келді. Олар классикалық шығармалармен қоса заманауи шы­ғар­маларды да сахналайды. Өйт­кені өнер бір орнында тұрмай­ды. Мұнда «тек Сәбира апамыз ойнаған спектакльдерді қою керек» деген шарт болған жоқ. Жыл сайын өтетін фес­тивальда театр саласының дамуы бағамдалады, – деді министрлік өкілі.

Фестиваль аясында актрисаның туған жері – Сырдария ауданында ол туралы фильмнің тұсаукесері өтеді. Деректі фильмде фотошежіре, спектакльдерден көріністер, көзкөрген­дердің естеліктері баяндалған.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 11 қыркүйек 2014 г. 1 379 0