ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫН БАЙЛАНЫСТЫРҒАН

ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫН БАЙЛАНЫСТЫРҒАНБейсенбі күні Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінде «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған кезекті брифинг болып өтті. Бұл жолы 5-шақырылған облыстық мәлихаттың атқарған жұмысы жайлы облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмырза Еламанов журналистерге айтып берді.

Бекмырза Қайыпұлы 5-шақырылған облыс­тық мәслихаттың депутаттарыөздеріне Конституциямен және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген депутаттық міндеттерін адал атқарып келе жатқанын айта келе, мәслихаттың құрамына тоқталып өтті. Жиырма тоғыз округтан сайланған депутаттардың барлығы да білікті, білімді, тәжірибелі азаматтар, олардың арасында бір ғылым докторы, үш ғылым кандидаты бар.

Халық қалаулыларының барлығы дерлік мекеме басшылары, сонымен қатар, кәсіпкер азаматтар. Бесінші шақырылымда облыстық мәслихат құрамы 30 пайызға жаңарды. Мәслихатта әртүрлі салаларға жауапты төрт тұрақты комиссия және «Нұр Отан» партиясының фракциясы жұмыс істейді.

Облыстық мәслихат хатшысы 5-шақырылған мәслихаттың бүгінге дейін 30 сессиясы болып өткенін жеткізді. Мәслихаттың негізі міндеті облыстық бюджетті бекіту болғанымен, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелердің ешқайсысы депутаттар назарынан тыс қалған емес. Олардың ұсынысымен өзекті деген мәселелер талқыланып, солар бойынша арнайы шешім қабылданып, тиісті қаржы бөлініп отырды. Мәселен, облыста өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралып, оны дамытуға бөлінген қаржы көлемі 3 млрд. теңгеден 8 млрд. теңгеге өсіп отыр. Сол секілді, мемлекеттің қолдауынан бөлек, жергілікті бюджеттің қарастырып отырған мүмкіндігін пайдалану көзделген. Ауыл шаруашылығына, оның ішінде күріш егуге, сонымен қатар, асыл тұқымды мал өсіруге атқарушы билікпен бірлесе қолдау жасауға жұмыс жасалды. Нәтижесінде, аймағымызда облыстық бюджеттен 1 гектар жерге күріш егуге 24 мың теңге субсидия қаралды. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал өсіруге де жергілікті бюджеттен 450 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Б.Еламанов денсаулық сақтау саласында жасалған реформалардың әсерімен бұған дейін облыс бойынша елді мекендерде 32 аурухананың басым бөлігі жабылып, бар болғаны 9-ы ғана қалғанын еске салып өтті. Халық қалаулылары осы мәселені көтеріп, арнайы зерделеді. Заңдылығын қарап, жергілікті билік денсаулық сақтау саласын дамытудың жол картасын жасады. Нәтижесінде 13 аурухана ашылатын болды. Оның 9-ы былтыр пайдалануға берілсе, төртеуі биыл пайдалануға берілмек. Келер жылы тағы да бірнеше аурухана ашылмақ. Бір сөзбен айтқанда, 32-нің барлығы түгелдей қайтадан ашылатын болады. Облыстағы мектеп алдыңдағы даярлық пен балабақшалардың жағдайы оларды жақсарту шаралары арнайы қаралды. Соның нәтижесінде балалардың 87 пайызы қамтылып отыр. Алдағы жылдары 100 пайыз қамту межесі бар. Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарын депутаттар арнайы зерттеп, аудандық маңыздағы жолдардың біраз бөлігін облыстық маңыздағы жолдар санатына өткізуге қол жеткізді. Сондай-ақ облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде оң өзгерістер депутаттар ұсынысымен жүзеге асырылған. Бекмырза Қайыпұлы «қай ауылға мектеп саламыз» деген талас-тартыстар туындаған уақыттар болғанын еске алды. Ал бүгінгі күні апатты мектептер мен үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі толығымен дерлік шешімін тауып отыр.

Мәслихаттар құзыретіне заңмен бекітілген басты мәселелердің бірі –жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Брифингте облыстық мәслихат бюджетке 2012 жылы 9 рет, 2013 жылы 8 рет нақтылаулар жасалғандығы туралы мәлімет берілді. Ал үстіміздегі жылы «2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде 2014 жылға арналған бюджет 124 млрд. теңгеден бүгінгі күні 163 млрд. теңгеге өсіп отыр. Яғни, өсім көлемі 39 млрд. теңгеге тең. Облыста бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді игерілуін бақылау мақсатында құрылған облыстық тексеру комиссиясы өткен 2,5 жыл ішінде облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша мәслихат сессиясында 3 рет есеп берген.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістерге байланысты, сондай-ақ облыс тіршілігіндегі маңызды мәселелер бойынша 5-шақырылған мәслихаттың сессияларында бірқатар шешімдер қабылданған. Б.Еламанов оның бірқатарына тоқталып өтті. Мәселен, 2012 жылы кезекті 3-ші сессияда «Қызылорда қаласы бойынша жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкасы» бекітілді. 2013 жылы «Қызылорда облысының аумағында иттер мен мысықтарды күтіп-ұстау және қорғау қағидасын бекіту туралы», «Мемлекеттік орман қорында орман пайдалану үшін төлем ставкаларын бекіту туралы» шешімдер қабылданды. Ал өткен жылы «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық Стратегиясы туралы» қабылданса, биыл Қызылорда облысының бірқатар білім беру және өнер мемлекеттік мекемелеріне атау беру туралы» шешім шығарылды.

Мәслихат хатшысы былтырғы жылдан бастап мәслихат комиссияларының атқарған жұмысы туралы елдің алдында есеп беретінін жеткізді. Бұл мәслихат үшін үлкен жауапкершілік. Облыстық мәслихаттағы төрт тұрақты комиссия жыл сайын сессияларда өз қызметі туралы бір реттен мәслихатқа есеп береді. Ал депутаттар жылына екі мәрте сайлаушыларының алдында есеп беріп отырады.

Осыдан кейін журналистер сұрақтарына жауап берген облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Қайыпұлы биыл мәслихаттардың 20 жылдығы аталып өтуде екенін жеткізді. Осыған орай, республикада, облыста бірқатар шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстағы мәслихаттардың қысқаша тарихына арналған арнайы кітап баспадан шықты. Сөз соңында облыстық мәслихат хатшысы халық пен атқарушы билікті байланыстырып отырған депутаттар елдің мұң-мұқтажын жоқтаушы ретінде өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқара беретінін мәлімдеді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 06 қыркүйек 2014 г. 880 0