
Қармақшы ауданында дзюдодан 1994-1995 жылдарда өмірге келген жастар арасында ауыл шаруашылығының ардагері Болатбек Сүлейменов атындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. Оған еліміздің бірқатар өңірлері мен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан 150-ден астам балуан қатысты.
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы атанған Б.Сүлейменовті еске алуға арналған турнир биыл ХІІІ мәрте өткізілді. Татами төріндегі тайталаста шыңдалған шымырлар кейіннен түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Олардың қатарында дзюдо, самбо және қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Бауыржан Райысов, Айбек Серікбаев, Бауыржан Жауынтаев, Азия чемпионы Мейіржан Қуанбаев, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Ержан Абдуллаев, Еламан Ерғалиев сынды балуандар бар.
Биылғы жарыста да Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының атынан қатысқан спортшылар жүлделі орындардан көріне білді. Атап айтқанда, қызылордалық Саламат Жұрқабаев (81 келі) және қармақшылықтар – Мақсат Исағабылов (90 келі), Нұрым Сәлімгереев (100 келі) алтыннан алқа тақты. Осындай жетістікке түркістандықтар – Ерболат Омарқұл (66 келі), Дидар Хамза (73 келі), атыраулық Шынболат Хасанов (60 келі), Шығыс Қазақстан облысынан келген Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) және өзбекстандық Сүйіндік Жұманов (55 келі) ие болды.
Әділжан ҮМБЕТ.