ЫМЫРА ЫНТЫМАҚҚА БАСТАЙДЫ

ЫМЫРА ЫНТЫМАҚҚА БАСТАЙДЫСейсенбі күні Беларусь астанасы Минскіде Кеден одағы елдерінің басшылары, яғни Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко, Владимир Путин, сондай-ақ Украина басшысы Петр Порошенко мен Еуропалық одақтың өкілдері бас қосты. Үлкен маңызы бар бұл жиынға Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, Еуропалық одақтың энергетика мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Гюнтер Эттингер және Еуропалық одақтың сауда мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Карел де Гюхт қатысты.

Ауқымды пішімдегі жиын басталмас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жан­дан­дыруға бағытталған маңызды қадам­дар­ды қарастырды.

Мемлекет басшысы Украинаға, Украина экономикасына қолдау көмек көрсету қажеттігін айтты. «Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Егер де, гуманитарлық конвой болса, біз бұл мәселеге қазақстандық Қызыл крест тетігін іске қосуға әзірміз», деді Қазақстан Президенті.

Украина басшысы өз елінің осы бірлескен кездесуге елеулі үміт артып отырғанына тоқталды. П.Порошенко сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Донбаста бейбітшілік орнату жөніндегі берік ұстанымы үшін ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін Кеден Одағы елдері көшбасшылары мен Украина, Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуі өтті.

Кездесуге қатысушылар Украина мен Еуропалық Одақ арасында жасалған Қауымдастық туралы келісімді орындау мәселелерін, сондай-ақ Донбастағы жағдайды тұрақтандыру жолдарын талқылады.

Қазақстан Президенті мұндай кездесу өткізудің маңыздылығы мен қажеттігін айтты.

– Украинадағы ахуал бір елдің аясынан әлдеқашан асып, халықаралық ауқымға шығып, қатерлі шекке жетті. Жағдайдың бұдан әрі ушығуы өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы болжаусыз салдарларға соқтыруы мүмкін, бұл бүкіл әлемге қауіпті, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев алға ілгерілеу үшін шешім қабылдаудағы жауапкершіліктің маңызды екенін айтты.

– Өзара мәміле мен шегініс болмайынша, қандайда бір нәтижеге жету мүмкін емес. Көп нәрсе Украинаның, Ресей мен Еуропалық одақтың сындарлы ұстанымына байланысты. Біз Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен бірге бастамашылық еткен бүгінгі кездесуге зор мән беріп отырмыз. Бәрі бізді оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеді. Қазақстан өз тарапынан айтарлықтай күш-жігер жұмсады, ұсыныстарын айтты, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты кідіріссіз шешуге шақыратынын хабарлады.

Қазақстан Президенті қақтығысып отырған тараптарды зардап шеккен адамдарға көмек көрсету кезінде бітім жариялауға шақырды.

Қазақстан Президенті жанжалды ушықтырмау және дағдарыстан шығудың күш қолдану амалдарынан бас тарту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы барша халықаралық қоғамдастықтың толыққанды көмегі Украи­на­ның тек оңтүстік-шығысына ғана емес, бүкіл Украина экономикасына қажет екенін айтты.

Қазақстан Президенті Украина мен Ресейдің арасындағы газ жеткізуге байланысты келіссөздердің дұрыс шешілуіне халықаралық қоғамдастық септігін тигізуі тиістігін, бұның қыс маусымы қарсаңында өте маңызды екенін атап өтіп, Украина мен ЕО арасындағы қауымдастық туралы келісімшартты талқылау ниетін Қазақстанның құптайтынын мәлімдеді.

– Өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау және мәмілеге келу маңызды. Оңай шешім жоқ екені айқын. Біз өзара тиімді шешім әзірлеу үшін жоғары деңгейдегі келіссөздер форматын сақтауды ұсынамыз. Кейбір қатысушылардың ұсынғанындай, біз келіссөздердің келесі кезеңін Қазақстанда ұйымдастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев басталған диалог Украина мен жалпы өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қызмет етеді деген үмітін білдірді.

Үш мемлекеттің көшбасшылары Украина Президенті мен Еуропалық одақ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесудің қорытындысын талқылады. Президенттер Украинадағы ахуалды тездетіп реттеуге бағытталған күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, мемлекет басшылары Кедендік одақ пен 2015 жылы іске кірісетін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыт­та­рын қарастырды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 28 тамыз 2014 г. 876 0