« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
...Маңдайдан суық тер бұрқ етті. Әр секунд сағатқа, тіпті тәулікке теңдессіз еді. Қапелімде қылмыскердің қаруы өзіне кезеледі деп ойламады. Бірер сәтте дереу шешім қабылдау керек болды. Жан екпінмен ұрыстың жетік айла-тәсілін қолданып, қолын қайырды да кісендеп тастады. Сонадайда қарсыластың қолынан ұшқан суық қаруға бір сәт ойланып қарады. Мүлт кетсе, түбіне жететін де сол еді...
Осыдан біраз жыл бұрын ҚР ҰҚК облыс бойынша шекара қызметі департаментінің десанттық шабуылдау заставасының бастығы Айдын Есенбаев пен застава қызметкерлері 30 мың түп есірткі алқабын тапқан еді. Сол кезеңдегі жігіттердің ерлігі мен жанкештілігін тұтас Қазақстандағы әріптестері мақтанышпен айтып жүрді. Иә, қызылордалық сарбаздар әлі де сол тұғырдан түскен жоқ. Күні бүгінге дейін заңсыз есірткі айналымының, қару-жарақ, адам, радиоактивті заттардың заңсыз тасымалдануының жолын кесіп келеді. Әлбетте, шекара шебіндегі ерлікке пара-пар не бар дейсіз?! Тіпті алты ай бойына бір күн демалыссыз мемлекеттің шекарасын күзетеді. Қажет болғанда бар болғаны екі сағатта сақадай сай тұрады.
– Біздің жігіттердің еңбегін көзбен көрмесе, сөзбен айтып жеткізу қиын. Шекара сызығы табиғаты қолайсыздау, шөлді, шөлейтті аймақтарда орналасқан. Олар жоспарлы, жоспарсыз тексерудің талайында заңбұзушылықтарды анықтап жүр. Мемлекеттік құпия болғандықтан көпшілігін ел біле бермейді. Ал екі
маусымда осында Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастардың ішінен ең мықтыларын іріктеп аламыз. Оларды әкеле сала бірнеше сатылы тексеруден өткізіп, нағыз сайыпқыран сарбаз етеміз. Ұрпақты әскери тәртіпке баулып, елдің айбынын арттырар азамат ету – біз секілді аға ұрпақтың міндеті, – дейді десанттық шабуылдау заставасының бастығы Айдын Есенбаев.
Айдын Таңатұлы туған жері – Алматы болса да, қызметте өскен жерім – Қызылорда өңірі дейді. ҚР Қарулы
күштерінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдары мен І, ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Департамент 2019 жылы облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін спартакиаданы жеңіп алған. Қазақтың қаһарман ұлдарын жиған әскерилер ордасында бұдан да көп жетістіктер бар.
– Біздің міндетіміз – шекараны қорғау. Заңсыз өтетін тасымалдарды дер кезінде құрықтау. Міндет межесінен шығып жүрміз. Жігіттердің рухани тәрбиесі мықты болуы керек. Еңбекке ерте араластырып, отаншылдық сезімін ояту керек. Елдегі әрбір жағдайға бейжай қалмайтын, өзгенің басындағы қуаныш пен қайғыны өзінің басындағыдай түсінетін тұлғалар дайындауымыз керек. Кейде «әттеген-айларымыз» бар. Жаңа заманда қол еңбегі
азайып келеді. Ал Қазақстанды қорғайтын ер азаматтар. Олардың физикалық дайындығына баса мән беруіміз керек. Сол себепті, Отанымыздың қорғаушыларын отбасынан бастап тәрбиелеген жөн, – дейді А.Есенбаев.
Департамент қызметкерлері, оған қоса сарбаздар әрдайым оқу-жаттығу үстінде жүреді. Ату дайындығы, шекаралық шеберлік, тактикалық дайындықтар қашан да назарда болады. Ал арнайы еңбек сабағы ұмыт қалдырылған емес. Өйткені, адамды тәрбиелейтін – еңбек
– «Ат тұяғын тай басар» деген қазақпыз. Ертең біздің орнымызды кейінгі жас сарбаздар басады. Олардың бізді жерге қаратпай жүруі өзімізге байланысты. Біз алдыңғы кезекте өзімізден бастап тәрбиелейміз. Олардың сайыпқыран болуына тікелей біз жауаптымыз, – дейді Айдын Таңатұлы.
Мемлекеттің ең маңызды бірнеше элементі болады.
Солардың қатарында шекара да бар. Ал шегенделген шебіміз қаншалықты берік болса, елдігіміз де соншалықты нық болмақ. Күннің ыстық-суығы мен боран-дауылына қарамай міз бақпастан, кірпік қақпастан олар елді қорғап жүр. Ендеше, отан қорғаушы азаматтарға құрмет те толастамасы анық.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |