« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылжарма ауылына кіреберіс. Айналасы мықтап қоршалған үлкен ғимарат бірден көзге түседі. Төбедегі бақылау орнында қырағы сарбаз тұр. Ол айналаны жіті қадағалайды. Қолына қару ұстаған бұл жігіт – «Ұлттық ұланның» сарбазы, яғни, 55/47 әскери бөлімде тәжірибесін шыңдап жүрген жас. Мұнда 800-ге жуық әскери қызметші мен сарбаз бар.
Кирилл Лосицкий – батыстағы Ақтөбе облысының тумасы. Ол мұнда Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген. Әскерге аттанған жанның «Ұлттық ұланға» барсам деген мұраты болады. Кирилл мақсатына жетті.
– Әскерге барған жан басқалардан ерекшеленіп тұрады. Өйткені, әскерде бойдағы артық әдеттер мен қылықтардан арыласың. Өмірлік мақсатыңды түсінесің. Есейесің. Әсіресе, ата-анасының жанынан ұзап шықпағандар бұл жақта демде өзгеріп кетеді. Бізде барлық жағдай жасалған. Сондықтан, уайымдайтын ештеңе жоқ. Ұланға барам деп жүргендер келсін, бізде барлығы талапқа сай, – дейді К.Лосицкий.
Мұнда Кирилл сияқты 300 сарбаз бар. Олардың көпшілігі төтенше жағдай кезеңінде елде қоғамдық тәртіпті
сақтауға атсалысып келеді. Таңның атысынан күннің батысына дейін облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен бірге. Екі сарбазға бір полиция қызметкері бекітіліп, өздеріне тапсырылған аумақты аралайды.
– Қазір біздің 150 қызметкеріміз облыс орталығында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүр. Олар екі ауысымға бөлінген. Екі үлкен шараға атсалыссақ, оның бірі – осы. Екіншісі, түзету мекемесінде сотталғандарды бақылау. Төтенше жағдай кезінде бірінші болып көмек көрсетеміз. Сарбаздарымыз Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан келген. Күн сайын олардың жауынгерлік дайындығын пысықтаймыз. Ату, саптық дайындықтар кезектестіріліп, өткізілуде, – дейді ҚР Ұлттық ұланы 55/47 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрлан
Шегебаев.
Қолқанат Мәлік – Қызылорда қаласының тумасы. Ол бес жылдан бері әскери бөлімде қызмет атқарып келеді. Әскери қызметші болу – кіші сержанттың бала күнгі арманы.
– Отан алдындағы азаматтық борышымды Алматы облысы Шонжы ауданы Қалжат ауылында шекара қызметінде, 25/34 әскери бөлімінде өтедім. Туған жеріме келген соң осында жұмысқа орналастым. Одан бері де бес жыл зулап өтіп кетіпті. Кішкентайымнан теледидардан әскери тақырыптағы фильмдер мен бағдарламаларды көріп өстім. Сайдың тасындай іріктелген сақа жігіттердің өміріне қызығатынмын. Олар қашан да алда. Өйткені, олардың мойнында – ел намысы. Қазақтың ұланғайыр атырабын жаудан қорғайды. Сол сәттен бастап мен әскери қызметші болам деп алдыма мақсат қойдым. Мақсатыңа шынайы еңбек етсең, жетесің. Өйткені, бойдағы талап мақсат үдесіне жетпей тыншымайды. Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды, – дейді Қолқанат Ғалымжанұлы.
«Ұландағы» ұландар сапқа тұрды. Олар бүгінгі жаттығуына кірісті. Ал Нұрлан Жұмабайұлы сырттай бақылап, олардың әрекеттерін бағамдаса, Қолқанат Мәлік сарбаздарға пәрмен беріп, жаттығуды бастап кетті.
Иә, әскери өмірдің қиындығы мен қызығы мол. Бұған тек көңіл түкпірінде шынайы мақсаты барлар ғана төзеді.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |