Ұлы мұрат жолында

Алтай мен Атыраудың арасындағы Ұлы дала – бүгінгі ұрпақтың игілігі. Отанына арқа сүйеген ер үшін туған жерден киелі ұғым жоқ. Ата-бабасы ат тұяғын тоздырып сақтап қалған атамекенін қорғауды әр азамат парыз санайды. Ұрпағының жадына батырлар жырын құйып, «Отан үшін отқа түс», «Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның берік болса, жауың алмайды» деп тәрбиелегенде бір ғана мақсат көздегені айқын. Ол – бейбіт заманда да, ел басына күн туғанда да ел қорғаны болуға дайын тұру.
Отан қорғаушы! Бұл – кәме­лет жасына жеткен жігіттің барлығына айтылатын теңеу. «Отан» деген ұғымның аясына отбасы, ата-анасы, достары, туған жері, өскен ұясы – бәрі-бәрі сыятынын осылайша ұғын­дырады. «Отан қорғаушы бол­дың» деп аманат артып, міндет жүктейді. Патриоттық тәрбие беру­дің бір құралы – кино десек, кеңестік кезеңдегі «Офицерлер» фильмі еске түседі. Бас кейіпкер айтатын «Отанды қорғау» деген мамандық бар» атты тіркес – жарты ғасырдан бері экраннан түспей келе жатқан туын­дының өзегі. Соғыстың бетін әрмен қылсын, бірақ бүгін­гідей әрбір офицердің, әскерде міндетін өтеп, запасқа шыққан әскери міндеттілердің, әрбір ер азаматтың мерекесінде олар­дың «Отанды қорғау» деген мамандыққа адалдығы үшін алғыс айтамыз. 
Әскер қатарына алынған әр жігіт «Мен, Қазақстан Респуб­ликасының азаматы, Қарулы Күш­тердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақ­стан халқы мен оның заңды сайлан­ған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзім­нің егемен мемлекетімнің Конс­титуциясы мен заңдарын қас­терлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін. Өзіме жүк­тел­ген міндеттерді, әскери жар­ғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұл­жытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табан­ды­лықпен көтеруге ант етемін. Әскери істі дәйекті оқып-үйренуге, әскери және халық мүл­кін мұқият ұстауға, әскери және мемлекеттік құпияны қа­таң сақтауға ант етемін. Мен өз Отанымның, тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттік мүд­де­лерінің ержүрек әрі батыл қор­ғаушысы болуға ант етемін. Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Републикасының зандарында бел­гіленген қатаң жазаны кешуге әзірмін» деп ант береді.
Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Бұрынғылар «Анттан аттаған, ардан аттайды» деген нақылды адамзат нормаларының қалыптасқан шегін бұзу опасыздыққа жататын болғандықтан айтып кеткен. Антқа адалдық – азаматтың сыналар тұсы, шыңдалар шағы.  
Туған халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабалар, фашизмнің отын өшірген майдангер аталар аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету  –  ең ұлық қызмет, мәртебе.  Ал 7 мамыр – еліміздің қорғаныс қабілетінің жылдар бойы кемелденгенін білдіретін күн. Аздаған шегініс жасасақ, 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер  республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Бұл күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылғандықтан «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.
Сол жылы  үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінде өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді.
Қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтуге аянбай еңбек етуде. Әскердің күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Ғасырдан ғасырға сабақтасқан жауынгерлік дәстүр осы күні заңды жалғасын тауып әскери атақтар тағайындалады, әскери қызметкерлер марапатталады.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарып, 470-тен астам әскери міндеттілер арнаулы әскери жиынға келді. Олардың арасында офицерлер мен сержанттар, запастағы сарбаздар бар. Басым бөлігі –  еріктілер. Қазіргідей сындарлы шақта арнайы жиынға келіп, қиындықты көтеріскен азаматтардың қай-қайсысы да құрметке лайық.
Еліміздің Ата заңының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады» делінген. Азаматтарымызға қасиетті парыз бен міндетті тек бейбіт заманда атқаруға жазсын!
Мереке құтты болсын!

Гүлжазира Жалғасова,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 мамыр 2020 г. 533 0