Жас сарбаздар Отан қорғаушыларды құттықтады (ФОТО)

Бүгін Отан қорғаушылар мерекесіне орай әскери қызметкерлерге сый-сияпат тарту етіліп, құрмет көрсетілді. «Мерекеңмен, қорғаушым» атты бұл акция И.Ильин атындағы саябақта Ұлттық ұлан қызметкерлерін құттықтаудан бастау алды.

Мұнан әрі шаралар легі ҚР Тұңғыш Президенті саябағы маңындағы блокпостта жалғасын тапты. Қырағылықпен жұмыс істеп, елдің тыныштығы мен денсаулығын күзеткен әскери қызметкерлерге деген елдің құрметі осы кездері еселеп артқан.

 Ауа-райына, күн мен түнге қарамай блокпостта жұмыс атқарушылардың арасында бұрын Отан алдындағы борышын өтеп,  төтенше жағдайға байланысты шақырылған әскери міндетті Әкімберген Рақымжан да бар. Оның бұл жерде еңбек еткеніне 1 айға жуық уақыт болған.

- Ел алдындағы борышымды  атқарып, осындай қарбалас сәтте халыққа көмектескеніме қуаныштымын. Қазіргі міндетім жаяу жүргінші азамат, азаматшалардың куәлігін, анықтамасын, карантин кезінде өтуге рұқсат берілген анықтамаларын қарап, тексеру. Жұмыс уақыты 12 сағат. Таңертең 8-де басталған жұмыс кешкі 8-ге дейін созылады, – деді ол.

Акцияны ұйымдастырушы – облыстық жастар басқармасы мен «Жас сарбаз» жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы. Олар блокпосттағы шара барысында дамыл таппай еңбек еткен медбикелерді де, жалпы саны 70-ке жуық мереке иелерін құттықтап, сыйлық үлестірді.  

Акция бұдан әрі әскери комиссариатта жалғасты.


А.НҰРТАЙҚЫЗЫ


 




















 





















 





















 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2020 г. 472 0