Мақтаралға Қызылордадан гуманитарлық көмектің алғашқы легі аттанды

Бүгін Қызылордадан бір топ азамат су тасқынынан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Түркістан облысының Мақтарал ауданына аттанды. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жазды.
"Алла деп Мақтаралға Сыр елінің көмегін алып жолға шықтық. Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының ұйымдастыруымен, ерікті кәсіпкерлердің қолдауымен 15 тоннаға жуық азық-түлік, қосымша құрылысқа қажетті жабдықтар, көрпе-төсек, тағы басқа заттар бар. Бұл - Сыр елінен шығатын көмектің басы ғана. Бұйырса, әрі қарай жүйелі түрде жалғасатын болады. Жол амандығын берсін!" - делінген жазбада.
Айта кетейік, Өзбекстандағы су қоймасының бұзылуы салдарынан аталған ауданының бірқатар ауылын су басқан еді. Осыған байланысты Қызылорда облысының волонтёрлар штабы жанынан гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі облыстық штаб құрылды.
Гуманитарлық көмек көрсету пунктінің мекен-жайы: Қызылорда қаласы сол жағалау 15 А, "Жастар орталығы" ғимараты.

Сб-ақпарат.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2020 г. 678 0