« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Коронавирус инфекциясы дәл бүгінгідей салдарға әкеп соқтыратынын ешбір ел күткен жоқ, сәйкесінше дайын болмады. Бірақ бірқатары жағдайды бақылауға алды, кейбір елдер індеттің таралуына тосқауыл қоя алмай қалды. Әзірге вакцинасы табылмаған кеселді ауыздықтау үшін көптеген елдер карантин шараларын қатаңдатқаннан басқа амал таппады. Халықаралық медицина кластері қорының сарапшылары Я.Ашихмин мен Ф.Филинаның баяндамасындағы деректерге қарағанда, пандемиямен күресте адамдардың өз-өзін қалай ұстайтыны маңызды.
Бізде «егер мен ауру таратушы болсам, кездескен адамдарға жұғады-ау» деген жауапкершілік әлі де жетіспейді. Оқшаулану арқылы өзін, отбасын қорғайтынын жете түсінбейді. Бір адамның тәртіпке бас имегенінің, талаптарды жиып қойып, өз білгенімен жүргенінің соңы қаншама жанды физикалық, моральдық қиындықтарға ұшыратты. Пандемияның таралу ауқымы туралы ақпараттарға сенбей, өзімбілемдікке салыну кездеседі. Түптің түбінде ауру жұқтыру-жұқтырмау адамның өзіне, тек өзіне байланысты екенін түсінетін уақыт жетті. Төменде әлем елдерінің пандемия кезіндегі карантин талаптарын орындауына, жауапкершілік ұғымына қалай қарайтынына талдау жасап көрдік.
Аурудың ошағы саналатын Қытайдағы халық саны бәрімізге белгілі. Қатаң карантин шараларын енгізген бұл ел ауру жұқтырғандар санын 100 мың адамға шаққанда 5,85-ке дейін шектей алды. Сырттан келген жолаушыларды арнайы орындарға орналастырды. Жазылып шыққандарды қайтадан тексеруден өткізді. Салыстыру үшін айтсақ, карантинді кеш жариялаған Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 35 есе, Испанияда 81 есе көп.
Талаптарды бұзу оны сақтамаған адамға ғана зиянын тигізіп қоймайды. Симптомдары байқалмайтын таратушы көшедегі кез келген жүргінші үшін қауіпті. Сондықтан үйден шығарда осыны ойлану керек. Карантин аурудың таралуын тұсаулау үшін тиімді қадам болғандықтан, ережеге бағыну маңызды. Бағынбағандарға қолданылатын шаралар туралы айтсақ, АҚШ-та міндетті оқшаулану тәртібіне мойынсұнбай, басқаларға жұқтырған адамға 100 мың доллар айыппұл немесе 1 жыл түрме жазасы белгіленген. Испанияда үйінен себепсіз шыққандар төлейтін айыппұл сомасы 600-ден 10,4 мың еуроға дейін. Мұндай айыппұлдар Италияда, Францияда, Ұлыбританияда да бар. Ең ауыр жаза – Қытайда. Егер адам өз диагнозын біле тұрып, қоғамдық орындарға барса, оған өлім жазасы кесіледі.
Көптеген мемлекеттерде инфекцияның таралуына тосқауыл болып отырған бір фактор бар. Ол – жоғары әлеуметтік жауапкершілік. Мәселен, шведтер ресми түрде оқшаулану тәртібі енгізілмесе де, әлеуметтік арақашықтықты сақтайды және тәртіпке бағынады. Көлік компаниясының мәліметіне қарағанда Стокгольм метросында жолаушы тасқыны 2 есеге дейін азайған. Көптеген театрлар мен кинотеатрлар өз еркімен жабылған.
Кореяда ауру жұқтырған адам саны 100-ге жетпей-ақ жұртшылық маска тағып, қолғап киіп, арақашықтық сақтай бастады. Мұндағы өлім көрсеткішін басқа елдермен салыстырғанда өте төмен деп бағалауға болады. Ауру жұқтырған адамның кіммен байланыста болғаны жіті зерттелді. Детектив сериалдардағыдай билік пен полиция бірігіп жұмыс істеді. Мегаполистер арасында Сеулдің ауру ең аз тараған қала болуы бекер емес. Қала карантинге жабылмаған, мектептер мен мейрамханалар жұмысын тоқтатпаған. Бірақ столдардың арасы көрінетін материалмен қалқаланып, әр келушіден кейін залалсыздандырылады.
Немістер пандемия еліне жетпей тұрып, қаңтар айында тест дайындап қойды. Жалпы Берлин эпидемияға дайын болған қалалардың көш басында тұр. Тестілеуден ауру табылған адаммен қатынаста болғандардың барлығы өткізіледі. Супермаркеттерге адамдар кезекпен кіруге, арақашықтық сақтауға дағдыланды. Қазір билік карантин шараларын жеңілдете бастағанмен, маска тағуды міндеттеп отыр.
АҚШ-та әр штат өз еркімен шектеу шараларын енгізді. Көлік қатынасы тоқтамады. Тек түнгі рейстер жолаушылардың аздығына байланысты азайды. Карантин енгізілген штаттарда адамдар үйден шығу үшін салмақты себебі болу керек.
Енді Еуропадағы ең қауіпті ошаққа айналған Италиядағы жағдайға жасалған сараптамаларға зер салсақ. Профессор Марина Делла Джуста итальяндықтардың өмір салты пандемияның кең тарауына әсер етті деп жазды. Халықтың сауықшылдығын, тактильді, яғни жанасу мәдениетін сынады. «Адамдардың бір-бірімен өте жақын араласып, құшақтасып, сүйісіп амандасуы да вирустың таралу ауқымын кеңейтті» дейді.
Израильде пандемия кезінде өткен үкіметке қарсы бейбіт шерудің бейнежазбасы желіде жүр. Екі мыңнан астам адам Тель-Авив көшелеріне маскамен шығып, 2 метр арақашықтықты сақтап, талаптарын қоюда. Арақашықтық талабын бұзып, өзіне белгіленген шеңберден шығып кеткен бір адам жоқ. Бұл тәртіп пе әлде халықтың менталитеті ме?
Төтенше жағдай және карантин режимінде өмір сүріп жатқанымызға бірталай уақыт болды. Әрине, мұндай жағдайды бұрын-соңды бастан өткермегесін қиындықтар, түсініспеушіліктер көп кездесуде. Вирус қаупі туралы шынайы ақпарат та жеткілікті. Бірақ, «өзімді де, өзгені де сақтау үшін өзім ғана жауаптымын» деген ойға тоқтағандар тым көп емес.
Қай елден сабақ алғанымыз абзал?
М.Мерей.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |