« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Қан майданда қарша бораған оқ пен оттың ортасында болған майдангерлерге облыстық ардагерлер кеңесі құрмет көрсетті. Қызылорда қаласында көзі тірі 8 ардагер бар. Кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған азаматтар олардың әрбірінің шаңырағына барып, сый-сыяпат табыстады.
Шөберенің қолынан су ішкен
Ардагерлер кеңесі алғашқы қадамды Қожахмет Бектан ақсақалдың шаңырағынан бастады. Майдан даласына 20 жасында аттанған ол бүгінде 98 жаста. Алла берген 10 баладан 32 немере, 8 шөбере көріп отыр. Шөберенің қолынан су ішкен қария әскери жолын Өзбекстанның Самарқанд қаласында бастады. Берілген тапсырманы бұлжытпай, тыңғылықты орындауымен көзге түскен сарбаз әскерде қатарының алды болды.
Қожахмет Бектан Украина, Белоруссия, Венгрия мемлекеттерін жау қолынан азат етуге қатысып, ерлік көрсетті. Ол қашықтан ататын қару арқылы фашистердің талай танкісін, ұшқыр ұшақтарын сұлатып түсірді.
Біз барғанда майдангер үнсіз ғана ойлы көзқараста отыр екен. Сірә, Жеңіс күнінің жақындағанына қарап, сол күнді ой елегінен өткізіп отырған болар. Көнекөз жүрген әрбір жол тарих беттерінде сайрап тұр. Еңбегін де, ерлігін де ел біледі.
Облыстық ардагерлер кеңесі ардагердің иығына шапан жауып, гүл шоғын табыстады.
– Ақсақал, біз алда келе жатқан мерекелерге орай сізді құттықтай келдік. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын. Ерлігіңіз ұмыт қалмақ емес. Төл мерекеңіз құтты болсын. Бақ-ғұмырлы болыңыз, – деді Серік Дүйсенбаев сыйлықты табыстай жатып.
«Мен вирустан қорықпаймын»
– Ассалаумағалейкум! Хал-жағдайыңыз жақсы ма? Әлемді жайлаған індеттен сақтанып, топталып жүруге болмайды. Сол себепті өзіңізді арнайы құттықтай келдік. Жыл басында Жеңіс күніне жоспарымыз көп еді. Оның бәрін вирус бұзды. Әттең... Әйтпесе, сіздерге құрметтің шексіз екенін білесіз ғой, – деген Серік Әбішұлының сөзіне кілт бұрылған майдангер Әбдірахман Бәйтіков:
– Мен сол вирусыңнан қорықпаймын. Қорқынышым – ұлы мереке аталмай қалатын болды-ау, – деп ойда жоқ жауап қатты.
Тәйірі, жаумен қойын-қолтық шайқаста міз бақпаған сарбаз вирустан қалай сескенсін?! Майдан дегеніңіз ажалмен бетпе-бет келу емес пе?! Қызылорда қаласынан әскер қатарына алынған ол 1942 жылы Ашхабадтағы командирлер дайындайтын курсқа қабылданады. Оқу аяқталмастан майдан шебіне кеткен ол 1943 жылы Курскдегі шайқаста ауыр жарақат алып, туған жерге ІІ топ мүгедегі болып қайтты. Иә, ол соғысқа кеткенде небәрі 18 жасқа толар-толмас кезі еді. Жасы жиырмаға жетпей, мүгедек атанды.
– Қорқыныш болмады. Ненің не екенін енді ұғына бастаған кез ғой. Алды-артымызға қарамай, соғысқа кеттік. Біздің бала күніміз де бал дәмді деп айта алмаймын. Ел басындағы қиын кезеңдердің бәрін көрдік. Бүгінгі ұрпақ ол күндерді көрмесе деп тілейміз. Бір үйді баласынан, бір үйді әкесінен айырған қатыгез соғыс қой ол. Қазір құлақ естімейді. Бар ойлайтынымыз – балалар. Солар аман болсын, болашағы жарқын болсын, – дейді қарт жауынгер.
Әбдірахман Бәйтіков өзінен тараған 10 баладан 30 немере, 35 шөбере сүйіп отыр. Әулеттің алтын көмбесіндей. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп шежіре қарияның көңілін баққан немере-шөбере де бәйек боп қасынан шықпайды. Еліңде кімің бар деп үлкенін сұрайтын қазақ қазыналы қазықтың қайда екенін ертеден ұғынған ғой.
– Өткен жылы келгенде де осы қалпыңыз ғой. Ақсақал, алла қуат берсін! Ауырмаңыз, – деген меймандар көңіліне қария да марқайып қалды. Батасын беріп, ақжолтай тілегін жеткізді.
«Ерлікті ешкімнен кем жасамадық»
– Траншеяда жатамыз. Танкке қарай ұмтылудың кезегі маған келді. Орыс командир «Жунисов, давай!» деді. Салмағы бес келілік танкке қарсы гранатаны қолыма ұстаған күйім жау атқышының тұсына жүгіре бердім. Үстімнен өткен танкке қос қолдап лақтырған гранатам шойын жаудың күлін көкке ұшырды. Осылайша екі танктің көзін жойдым. Тағы бірде төбемізден оқ сеуіп жүрген фашист ұшағынан көз жазбадым. Тура маған беттей бергенде ұшқышты анық көрдім. Мен атқан оқ оның кеудесін тесіп өткендей болды. Ұшақ біздің төбемізден құлдилай өтіп, жау бетке барып құлай жарылды. Мұндай ерліктерді біз ешкімнен кем жасамадық, – деген Төлеген Жүнісовтің сөзінен біз қан майданды көз алдымызға келтіргендей болдық.
Шіркін, біздің ата-бабаларымыздың рухы мықты ғой. Жау қанша жерден бекінгенмен сағын да сындыра алмады. Білесіз бе, майдангердің ерліктерін естігенде құйқам шымырлап, бетім дуылдады. Бойымды ерекше сезім биледі. Әрине, бұл – мақтаныш сезімі болатын.
Ол Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1942 жылы қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста оқыды. Сержант шенін алды. Украинада 688-атқыштар полкінде ұрыста болған.
Жауынгер Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Фашистерге қарсы күрестегі жауынгерлік ерлігі үшін майдангерге «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» секілді медальдар табысталды.
Бүгінде қарт сарбаздың 2 қыз, 1 ұлынан 8 немере, 2 шөбере тарады. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі өлшеусіз қарттың пейілі де қазақтың дархан даласындай кең. Өзі ата-анадан ерте айырылған соң ба, балаларына әкелік ақыл-кеңесі мен қамқорлығын, мейірін ерекше төкті.
– Ашаршылық жылдарында ата-анам өмірден өтті. Ал мені осындағы балалар үйіне жіберді. Араға біршама уақыт салып Өзбекстанға бас сауғалап кеткен туыстарымыз елге келіп, мені қолдарына алды. Осында Қызылөзек ауылында тұрдық. Соғысқа сол жерден аттандым. Иә, менің балалық шағымды ешкімнің басына тілемеймін, – дейді қарт жауынгер.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев майдангерге сый-құрмет көрсетті. Ал біз ақсақалдың батасын алып, жолға шықтық.
«Өмірге күле қараймын»
Жүзінен нұр төгіліп, бізді жымия қарсы алған майдангердің жары Любовь Сергеевна келгенімізге қуанып қалды. Біздің алдымызда ғана телеарна түсіріп кетіпті. Жеңіс мерекесі жақындаған сайын көңілінде ерекше бір леп пайда болатынын жасырмады. Ақжарқын. Тілі басқа болса да тілегі бір жан. Қазақпен қай-қашаннан жүрегі бір жан. Иә, оның ерекшелігі де сонда. Ол өмірге күле қарайды.
– Сіз ауырмаңыз. Қартаймаңыз да. Бізге Жеңіс сыйлаған сіздерді құрметтейміз. Ерліктеріңізге мың тағзым, – деді ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Сағындыққызы.
Любовь Колесник 1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында әскери қызметшілер отбасында дүниеге келген. Жұбайы Николай Севастьянович Колесник те соғыс ардагері. Жергілікті медициналық техникумда оқып, кәмелет жасқа толысымен 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Белорусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ержүрек батылдығымен көзге түскен. Жасаған ерлігі мен зор еңбегі үшін Л.Колесник көптеген орден және медальдармен наградталған. Ол 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.
Ерлікке құрмет толастамайды
Мұнан соң кеңес ұжымы жастайынан жетімдіктің зардабын тартқан Бөрібай Құлманұлының шаңырағында болды. Ата-ананың мейіріне қанбай өскен ол ашаршылық, қуғын-сүргін тәрізді қазақ басына үйірілген қара бұлтты қасқайып тұрып қарсы алды. Еңбекпен ер жетті, бейнетпен есейді.
Зұлмат соғыс жылдарында Беларусь майданында ерлік көрсетті. Жеңісті Польша жерінде қарсы алған ол елге келген соң бірқатар салаларда басшылық қызмет атқарды.
Ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» және «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткен Әбдірахман Әбішев те назардан тыс қалмады. Ардагерлер кеңесі қарт майдангердің шаңырағында болды. Қазалыдан шыққан қаһарман ұлағатты ұрпағының қызығын көріп отырған батагөй қария. Серік Дүйсенбаев бастаған кеңестегілер қос соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен Мақсұт Сырғалиевтің, Ленинградты қорғаудағы ерен ерлік иесі Әбдірауық Сатыбалдиевтің шаңырақтарында аялдады. Оларға да сый-сыяпат табыстап, мерекелерімен құттықтады.
«Жеңісті жақындатқандарға жылу сыйлаймыз»
– Біздің мақсатымыз – оларға құрмет көрсету. Карантин уақытында топтасып жүруге, қыдыруға болмайды. Бірнеше мерекемен құттықтап, сый-құрмет жасағанымыз – ерлікке тағзым. Біз үшін басын қатерге тігіп, кейінгі ұрпақ қамымен қарша бораған оққа кеудесін тосқан батырларды бұдан да зор етіп құрметтеп, арнайы шара ұйымдастырар едік. Бірақ, мына уақытқа тап келгені. Сондықтан, олар ешқашан елеусіз қалмасын деген ниетпен жүрміз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.
Олардың қай-қайсысынан кейінгі ұрпаққа не айтасыз деп сұрасаңыз да, «енді соғыс болмасын» деп қайырады. Өйткені, олар майданның қандай болатынын көрді, сезінді. Біз үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, жау алдында қасқайып тұрды. «Артымызда Мәскеу, шегінерге жол жоқ!» деп еді ғой батыр Бауыржан. Міне, олардың артында қалың ел тұрды. Ал қалың елді ешқашан жау қолында қалдырмау – олар берген серт еді...
Дәулет ҚЫРДАН.
«Сыр бойы».
Суреттер автордікі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |