Президент сұхбаты: Әкеге сүйіспеншілік, зұлмат соғыс, Жеңіске жетудегі Қазақстан үлесі, ЕАЭО, ТМД болашағы

«МИР» телеарнасына сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық саясатқа қатысты нық ұстанымдары жайында сөз қозғап, Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі туралы айтып берді. 
«Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды. Ерте жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Көп уақыт өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткерді, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем басқа майдангерлер сияқты соғыс туралы, әсіресе өзінің ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Өзінің сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайлы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты өмірбаяндық кітабында айтып берді», - деп еске алды әкесін Қасым-Жомарт Тоқаев.
 Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ржев түбіндегі қанды шайқаста көз жұмған әкесінің үлкен ағасы Қасым жайында да сыр шертті. Мемлекет басшысы әкесін де, көкесі Қасымды да отбасы болып еске алатынын, бейбіт өмір үшін майданда мәңгі қалған батырлардың бәрі ұмытылмайтынын айтып өтті. 
«Менің есімім де сол Қасым көкемнің құрметіне қойылған. Менің әкем орны толмас қазасына қабырғасы қайысып, үлкен ағасының рухына құрмет көрсетті. Әкем оны қатты сағынды, барлық хаттар мен фотоларды сақтап, өмір бойы жерленген жері туралы кез-келген ақпаратты табуға тырысты. Кейде әкем ағасының қайта тіріліп келетінінен де үміттенетін сияқты көрінетін маған», - деп қосты Мемлекет басшысы. 
Сұхбат барысында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске Қазақстанның қосқан үлесі туралы пікірін білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға соғыстың алғашқы айларында Ресей, Украина, Беларусь аймақтарында оккупацияланған ірі өндірістік кәсіпорындардың бәрі көшірілгендігін еске алады. Қазақстан армияны жарақтандыруда негізгі рөлге ие болғанын да баса айтады. 
«Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан жерінде шығарылды. Майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жібердік. Басқаша айтқанда, жеңіске жету жолында біздің қосқан үлесіміз айқын еді. Қазақстанда театр қайраткерлерінің көбі шығармашылықпен айналыса алды. Кинематографистер мен музыканттар, ақындар мен жазушылар көп болды. Дәл осы елде кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді, Совет одағының танымал мәдениет қайраткерлері театр қойылымдарын қойды. Оның ішінде Сергей Эйзенштейн, Алексей Толстой, Константин Симонов, Сергей Прокофьев, Галина Уланова мен тағы басқа адамдар бар еді. «Александр Невский» атты әйгілі фильм де Алматыда түсірілді», - деді Президент.
 Президент Қазақстан - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясындағы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық және басқа да байланыстардың нақты жақтасы болып қала беретіндігіне назар аудара келе, интеграцияның классикалық үлгісі бойынша құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың өзге мемлекеттер үшін де тартымды болып келе жатқанын айтты. 
«Вьетнам, Иран, Сербиямен сауда келісімдері бекітілді. Мысырмен және Үндістанмен дәл осындай келісім орнату мәселелері шешіліп жатыр. Жақында ғана ЕАЭО құрамына бақылаушы ретінде Сингапур енді. Біздің Тұңғыш Президентімізге тиесілі осынау еңбекті ескере келе, Владимир Владимирович Путин Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын берді. Мұны кеңестің барлық мүшесі мақұлдады», - деп атап өтті Президент. 
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы басты міндет - экономикалық және сауда байланыстарын сақтау екендігіне, одақ аясында капиталды ілгерілету, қызметтер, жұмыс күші, және сауда еркіндігі бар екеніне баса назар аудартты. 
«Ендігі уақытта сауда 4 еркіндіктің бастысына айналады. Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде ішкі нарықтарда жаңа кедергілер пайда болады. Қазіргі кезеңде одан қашып құтыла да алмайтын сияқтымыз. Бірақ, олардың уақытша екені және қарым-қатынастарымыздың нормасына айналмауы маңызды. Бірлескен жобаларды қаржыландыру үшін біріккен жобамыз - Еуразиялық даму банкінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Әсіресе, постдағдарыс кезеңінде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Қытай Халық Республикасымен жаңа өзара тиімді қарым-қатынас құруға ниетті екендігін жасырмады. 
«Қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі стратегиясы көп жағдайда түйіседі және тұспа-тұс келеді деуге де болады. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру идеясы 2013 жылы Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында алғаш рет айтылған еді. Өткен жылдың күзінде Бейжіңге сапарым барысында төраға Си Цзиньпинмен сауда байланыстарымызды кеңейту тақырыбына үлкен назар аудардық. Бүгінгі күні Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі және эконимикалық серіктесі саналады», - деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстан Президентінің дерегінше, екі елдің арасындағы тауар айналымының көлемі шамамен 14,5 млрд долларды құрайды. Соңғы жылдары да тауар айналымы екі мәнді сан төңірегінде болып отыр. 2018 жылы өсім қарқыны 11,5, ал 2019 жылы 23 пайызға жетті.
 «Қазақстан үшін Қытай нарығы үлкен мүмкіндік береді. Мұны қазір ғана айтып өттім. Қытай қазақстандық энергия ресурстарының дәстүрлі тұтынушысы саналады және соңғы жылдары терең өңделген қазақстандық тауарлар жеткізілімі артып келе жатқаны байқалады. Біздің шығыстағы көршіміз Қазақстанның экологиялық таза азық-түлік өнімдерін үлкен сұраныспен пайдаланады. Бұған қоса, біз Қытайды Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің нарығына тауарларымызды шығару үшін транзиттік аймақ ретінде қарастырамыз. Қытайдан тауарлар теңіз жолы арқылы Еуропаға 40 және одан да көп күнде жеткізіледі. Ал Қазақстан мен Ресей арқылы құрлық жолымен не бәрі 15 күнде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Кәсіби мансабы Азия аймағымен тікелей байланысты болған Қазақстан Президенті Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайға пікір білдіріп, жаһандық ойыншылар арасындағы бәсекелестік, тарихтың күрделі кезеңдерін түсіндіру мен шекара айналасындағы даулар, сондай-ақ қазіргі әлемдегі пандемияның таралу қаупі мен осы індеттің кері салдары және өзге де факторлар тұрақсыздық туындатып отырғанын атап өтті.
 Сонымен қатар Қазақстан әрбір елдің ұлттық егемендігін құрметтеуді, дауларды бейбіт жолмен шешуді басты назарға алатынын, ұдайы алу дипломатиясын ұстанып келгенін және бұл ұстанымды жалғастыратынын баса айтты


 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 мамыр 2020 г. 396 0