Дүниеде уақыт пен кеңістік деген ұғым бар. Адамзат өз тіршілігінің осы екі факторға тәуелді екенін ұмытып кетеді. Әлемдік пандемия сол кемшіндігімізді еске салды. Көп адам өзінің көрдім деп жүрген қиындығының желді жаңбырдай екенін ғана ұғынды. Кенеттен көтерілген коронавирус кеселі жаңбырдан емес, бұршақтан қорғанғандай қиын күйге түсірді. Сонымен бірге барлық адам баласының мүддесі бір екенін, ол – бейбіт, салауатты өмір сүріп, еңбек бақытына бөлену екенін түсіндірді.
Қиын шақта мемлекетіміз Ата заңымызда айтылғандай ең қымбат қазынасы адам және оның өмірінің кепілдігі үшін барлық сақтық шаралары мен қолдауларды бірінші кезекте іске асырды.
Карантиндік шектеу енгізіліп, қоғамдық орындар жұмысы мен көпшілік жиындар тоқтатылды. Бұл бірден-бір дұрыс шешім болды. Олай болмаған күнде кеселдің қоғаға тиген өрттей қаулап кететіні кәміл еді. Қаншалықты шектеу қойылғанымен, мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмаудың тетіктерін де шешті. Азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржының бөлінуі – осының анық айғағы. Шынайы қолдауды сезінген азаматтарымыз ат үстінен түспей, қауіпке кеудесін тосып халық қызметінде жүрді. «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы ұстанған егіншілер науқан міндеттерін тоқтатпай, белгіленген тәртіп аясында өз жұмыстарын атқара білді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің апта басындағы жасаған мәлімдемесінде карантиндік шектеуді мамыр айының 11-не дейін ұзартуға шешім қабылдағанын айтып, халықты түсіністікке шақырды. Осы кезеңнің асыл мұраты шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін еске салды.
Сонымен бірге оқу орындары мен мектептердің қашықтан оқытуды жалғастыра беретіні айтылды. Мен ғылыми жетекшілік жасайтын «Болашақ» университеті мұндай қадамға бұрыннан да дайын болатын. Біздің студенттеріміздің 30 проценті қашықтан оқуға әлдеқашан үйренген. Жақында «facebook» әлеуметтік желісі арқылы студенттерге мемлекеттік сынақтардың қашықтан алынатынын тағы бір пысықтадық. Бұл тәсіл бойынша алдымен студентке үш сұрақ жіберіледі, ол жауабын 45 минут ішінде кері қайтаруға тиіс. Оның жауап беру сәті қажетті жағдайда тексеріледі, сонымен бірге көшірілмегендігі жөнінен «антиплагиаттық» сүзгіден өтеді. Біз бұл бағдарламаны Мәскеуден алдырған едік. Қазір оның оқытушыға да, студентке де тиімді екені көрініп отыр. Шәкірт еркін жауап беруге дағдыланады және ешқандай қысымға ұшырамайды.
Дәл осы секілді бүгінде мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу тәсілін меңгеру үстінде. Мұны алдағы уақытта да жалғастыруға тұрарлық әдіс деп есептеймін.
Президент өз мәлімдемесінде «Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын. Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін. Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын», – деп ризашылық сезімін паш етті.
Ал, енді осы жанкешті еңбекті бағаламай, тәртіпті белден басып, шектеу ережелеріне бағынбай жүрген қисық-қыңырлар да бар. «Қисық арба жол бұзар, қыңыр адам ел бұзар» дейді халқымыз. Дәл осы күні өзіңе жақсылық жасау арқылы өзгеге де жақсылық жасаудың маңызы артып тұр. Талап пен тәртіпке мойынсұнуды біз жеке бастың шектеуі емес, кеселдің кең жайылып кетпеуіне қосып жатқан үлесім деп білуіміз керек. Бүгінгі таңда әлемдік ақпар коронавирус жұқтырғандар санын 3 миллионға жетті деп отыр. Жер бетіндегі жеті миллиард адамның бірі өзіміз екенімізді, олардан жұмысымыз бөлек болғанмен, тынысымыз ортақ екенін естен шығармауымыз қажет. Егер терең ойлап қарасақ, осы күндердегі жеке іс-қимылымызбен келешек ұрпаққа қызмет етіп жатқанымызды сезінер едік.
Бастан өткеріп отырған кезеңнің сипатын санамен ұғатын көпшілік қауым мұны бұратартатындарға барынша түсіндіре білейік. «Әр нәрсенің бір қайыры бар» демеуші ме еді, мұсылман. Сол айтқандай, алдымызда жақсы, жарқын күндеріміздің күтіп тұрғаны күмәнсіз.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі,
экономика ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА академигі.