Қызылордада соғыс ардагерлері 1 млн 111 мың теңгеден алады

 Ресейдің «Евразийский инвестиционный союз» коммерциялық емес ұйымы Қазақстанда тұрып жатқан ІІ дүниежүзілік соғыс қатысушыларына 75 мың рубльден бермек. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қаржы ардагерлердің есепшотына аударылатынын мәлімдеді.
Қан майданда от кешкендерден қазір Қызылордада 16 адам ғана қалды. Олардың 9-ы – соғыс ардагері де, 7-уі – мүгедегі. Жеңістің 75 жылдығы биыл төтенше жағдай режиміне тура келіп отыр. Сондықтан патриоттық байқаулар мен көрмелер онлайн форматында өтеді. Бірақ бұл ел тарихындағы ең маңызды мерекеге мән берілмейді деген сөз емес. Президент айтқандай, соғыс ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды, бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.
Сырбойылық соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге біржолғы материалдық көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 452 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Басқарманың мәліметінше, бұл санатта 4335 адам бар. От пен оқтың ортасынан есен-сау оралған, ортамызда жүрген 16 қарияға біржолғы материалдық көмек ретінде 1 млн 111 мың теңгеден беріледі. Тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен, медальдарімен марапатталғандарға – 183 мың, тылда кемінде жарты жыл жұмыс істегендерге, екiншi рет некелеспеген, қайтыс болған соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерiне немесе күйеулерiне 100 мың теңгеден тиесілі.
Соғыс сұрапылын көрген тарих куәгерлері сондай-ақ «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 мың теңге алады. Жеңісті жақындатуға еселі еңбегімен елеулі үлес қосқан жандарға қаржылай қолдаудан бөлек, Жеңістің 75 жылдығына арналған медаль табысталады.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы». 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2020 г. 510 0