Қысылтаяң шақта жұртшылықты ғаламторға жіпсіз байлаған онлайн жүйенің тиімділігін көрдік пе? Шалғай ауылдағы тірлік шалағай боп жатқан жоқ па? Карантин дегеннен «Қазақтелекомның» алдына қаздай тізілген жұртшылықтың мәселесі шешімін тапты ма? Алыстағы ауылдарда терезенің алдына телефонын іліп қойып, «сеть» іздеп секіріп кететін тұрғындардың түйткілі қалай шешіледі? Қысқасы, байланысқа байланысты біраз мәселе бар. Біз бірқатарын назарға алып көрген едік.
Аптасына 20 мың теңге
Жазира Жүгінісова Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. Ол да карантинге байланысты қашықтан оқимын деп сенген. Онлайн оқу оңай емес екен. Қармақшы ауданына қарасты Жаңақала ауылында интернет дегеніңіз үлкен бір арман болды. Туған ауылдағы өз үйінде білім аламын деген студент қазір көршілес Майлыөзек ауылына қатынап жүр.
– Күніге барып-қайтуды есептегенде төрт мың теңге жолға кетеді. Аптасына бес күн сабақ өтеміз. Майлыөзекте интернет бар дегенмен әлсіз. «Жоққа жүйрік жетпейді» деп талпынған түріміз. Соның өзінде оқыған сабағым уақытында бармай, оқытушылардан алған бағам төмен болып жатыр. Қашықтан оқытудан көріп отырған қиындығым аз емес, – дейді студент.
Бұл бір ғана мысал. Студенттер өз күштерімен осылай қам-қарекет жасап жатыр. Ал мектеп мұғалімдері Whatsapp желісінің мүмкіндігін пайдаланып отыр. Оны мектеп жасындағы баласы бар үй жақсы түсінеді. Білім ошақтары оқушыларға қолхат арқылы компьютерлерді бере тұрғанмен, олар оны пайдаланып отырған жоқ. Әйтсе де білім саласындағылардың талпынысын жоққа шығаруға болмайды. Аралға қарасты Жаңақұрылыс деген елді мекен бар. Ол ауылдың халқы үшін де байланыс мәселесі бас ауруға айналған. Емі әзірге табылмай тұр. Әріптесіміз Ержан Қожас та әлеуметтік желіде бұл түйткілді тақырыпқа тиек етіп еді, желі қолданушылары расымен де жылдам шешілу керек екенін жарыса жазды. Ал аудан әкімдігі бұл мәселені назардан тыс қалдырмады.
«Аталған мәселе аудан әкімінің назарында. Қысқа уақыт ішінде өтініш иесіне жазбаша жауап беріледі» деп жазба жазылды.
Ұядай ғана ауыл ұялы байланысқа әлі қол жеткізбепті. Иә, телефоны антенна ұстау үшін терезе алдына іліп қоятын халықтың мәселесі қазіргі жағдайда айқын көрініп қалды.
Жақын ауылдар жарқын жақта
Облыс орталығымен іргелес аудандар цифрлы технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып отыр. Десе де, халық жаппай жұмылып, «Қазақтелекомның» клиенті кенет артып кеткен кезде бұрын секундына талай дүниені көз алдыңа әкелер жылдамдық ғайып болды. Бұл ауыл тұрмақ, қалада да көптеп кездесті. Ал байланысшылар тапсырысқа үлгермей жатқанын айтты. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, жұрттың жанайқайы «вирус» емес, желі тәрізді. Әйткенмен, интернеттің білім алу үшін бірінші орынға шыққанын ескерсек, ол жағы орынды да шығар?!
Ләззат Медетова №44 орта мектепте ұстаздық етеді. Директордың орынбасары. Тәжірибелі ұстаз түлектерді ұлттық тесттен сүрінбей өтуі үшін оларды жоғары сыныпқа аяқ басысымен дайындайды. Осы кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде шәкірттері мемлекеттік грант негізінде білім алып жүр. Онысына мақтанған емес. Бұл – менің міндетім деп ұғады.
– Қашықтан оқыту – ақпараттық технологияның дамуымен пайда болған жүйе. Біз бүгін оның тиімді екеніне көз жеткізіп отырмыз. Мұғалім де, оқушы да өз уақытын тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар, мұғалімнің шығармашылық ізденісі артады. Әріптестерім әр сабағын жүргізу барысындағы түрлі әдіс-тәсілдерді қашықтықтан оқыту жүйесіне оңтайлы қолданып жүр. Мектеп бітіруші түлектер де назардан тыс қалған жоқ. Олар үйлерінде отырып-ақ, тегін сынама тест тапсыруда. Бұл жүйені қазір біз заман талабы ретінде емес, тығырықтан шығар жол ретінде қолданып отырмыз, – дейді Л.Медетова.
Халыққа қызмет – алдыңғы кезекте
Махаббат Кенжеғұлова карантинге дейін төртінші перзентін өмірге әкелді. Десе де, баланың құжатын тапсыруға үлгермей қалды. Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанмен, ондағылар енді мекеме онлайн жұмыс істейтінін айтты. Бұрын-соңды egov.kz сайтын қолданбаса да, электронды цифрлық қолтаңбасымен емін-еркін кіріп, баласының құжатын тапсырды.
– Бұл қызметті онлайн тапсыру бұрыннан бар екен. Негізі тілін білсең, барлық жұмыс жеңілдетілген. Біздің өзімізден ғой, интернеттен тапсырғанға әлі де болса сене бермейміз. Көлікті пультпен құлыптап, төрт есігін ашып тексеретін халықпыз ғой. Өз аяғымызбен барып, қолына тапсырғанды жөн көріп тұрамыз. Енді электронды үкімет порталын қолданатын болдым, – дейді ол.
Қолда бар дерекке жүгінсек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 26 наурыз бен 22 сәуір аралығында 9413 азаматқа дайын құжаттар тапсырылған. Бұл бағытта Қызылорда қаласындағы №3 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Дайын құжаттарды беру аудандарда да жүзеге асырылып жатыр. Айта кетейік, мемлекеттік қызметтер реестрі бойынша 694 қызмет түрі бар. Оның 642-сі мемлекеттік коорпорация арқылы жүзеге асады. Ал жалпы қызметтің 608-і, яғни, 87 проценті электронды форматта қолжетімді.
Тариф те тығырыққа тіреді
Карантин кезінде Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін тұтынасың, коммуналдық төлемдерді онлайн жасайсың, ал балаларыңыз қашықтан білім алып жүр. Мұның бәрі, түптеп келгенде ұялы байланыс операторларына тікелей байланысты. Осы сәтті ұтымды пайдаланғысы келді ме, әлде басқа ма, операторлар бір айға деп алынған тарифіңізді мерзіміне жетпей тыйып тастайтын болды. Бұған дейін бір айдан аса уақытқа жетеғабыл мегабайтыңыз он күнге жетпейтінді шығарды. Өзіңізге керек, балаңыз ілім алады, амалсыз тағы шығындаласыз. Осылайша шақшадай басы шарадай болып жүргендердің бірі – Алмат Доспенбетов.
– Мен – Beeline ұялы операторының клиентімін. Интернетке мүлдем тиімсіз. Сөйлесуге жақсы еді. Соңғы кездері қалтамды қаға бастады. Хабарлассам, түсініксіз бірдеңелерді айтады. Осылайша мен мүлдем бірлік салуды қойдым. Қазір «Қазақтелекомнан» берген Аltel байланыс нөмірім бар, соған көштім. Көшуге мәжбүр болдым. Әйтпесе, тұрақты болған өзіме де жақсы, – дейді ол.
Шешемнің жасы алпысқа таяған. Ұялы телефоннан интернетке кірмек түгілі, жазған хатыңды да оқымайды. «Мен дауыс естісем болды. Жақында менің тарифімді өзгертіп жіберіпті» дейді. Операторға хабарлассам, өздеріңіз ауыстырғансыздар деп отыр. Не істейсіз?! Кімге дәлелдейсіз? Амалсыз қып-қызыл ақшаға қымбат тарифтің ақысын төлеп отыр.
Айтпақшы, бұл тақырыпты қозғарда біраз мекеменің есігін қақпасақ та, телефонын шырылдаттық. Бірақ жауап жоқ. Қысқасы, осындай түйткілдердің мән-жайын ашып айтып, жұртшылыққа жеткізу тап қазір маңызды болып тұр. Тиісті орындар түсіндірер деп білейік!
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».