Көшетке сұраныс көп

Бүгінде кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Талапкерлерге де мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Бастысы – ынта мен ниетте.

Жалағаш ауданының тұр­ғыны Нұржан Жүсіп ауласына жылыжай салуды 2013 жылы бастаған. Жылыжайдың аума­ғы 5 сотық. Алғашында түр­лі қиындыққа тап болып, жы­лу жүйесін ретке келтіре ал­май ісі бір жылдай тоқтап тұ­рыпты. Дегенмен, оның жі­гері мұқалмады. Жылыту құ­рылғысын қолдан жасады.  Оны­сы іске асты. Жылыжайға қа­жетті жабдықтарды Шымкент қаласынан алдырып, көп ұза­май-ақ, жұмысын дөңгелетіп әкетті. 

Ісін бастағалы бел жазбай еңбек етіп келе жатқан Нұр­жанның жылыжайында бүгінде сан алуан көшет түрлері бар. Жеміс-жидек ағаштары, көк­өністер мен гүлдердің кез кел­ген түрін табуға болады. Жергілікті халық қыста қызанақ сатып алса, күн жылынғанда көшеттерге тапсырыс береді. Ауданға жыл сайын 30 мың түп гүл көшеті жіберіледі. Қал­ғанын жақын ауыл-аймаққа өт­кізеді. 

Бұл отбасының тіршілігі бо­зарып атқан таңнан басталады. Отағасы мен балалары жылы­жайды суарып болғаннан кейін, тапсырыстарды дайындайды. Одан бақшадағы көкөністерді жинап, жаңадан отырғызылған көшеттерді баптап күтеді. Есе­сіне, еңбегі адал. Табысы уақыт өткен сайын еселеніп келеді. 

– Егін шаруашылығымен ба­ла күнімнен айналыстым. Сон­дықтан бұл кәсіп аса қиындық тудырмады. Тұқымдарды Өз­бекстаннан алдырамын. Се­бебі, ол кәдімгі тұқымдарға қара­ған­да 2-3 есе өнім береді. Мұны жергілікті халық та түсінді. Сондықтан сұраныс жоғары. Бізде жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Күзде егілген қызанақ қыста өнім береді. Оның келісін 700 теңгеден сатамын. Көктемге көшет дайындаймыз. Бұл істің бәрінде отбасым қолқабыс ете­ді, – дейді ол.

Қазір жұмыс қауырт, үстін-үстін келген тапсырыстарды дер кезінде орындап, тұтыну­шы­ларының сенімін жоғалтып алмауды көздейді. Оның үстіне биыл  жылыжай жабындысын ауыстырған. Оны арнайы Оң­түстік Кореядан алдырды. Се­бебі, жарамдылық мерзімі 4 жыл. Бұдан бөлек, шаруаның ауыл сыртында 10 гектар жерге орналастырған бақшасы бар. Онда түрлі жеміс ағаштары өнім беріп тұр. Сонымен қа­тар, картоп, жуа, сәбіз се­кіл­ді көкөністер де егілген. Жылы­жай мен бақшаға   тамшылатып суару әдісін қолданады. Ісін дамытуда үнемі ізденіп жүре­тін кейіпкеріміз 2017 жылы 500 мың теңге көлемінде қай­тарымсыз грантқа қол жет­кізген. Оған қажетті жабдық­тарын түгендеген. Органикалық тыңайтқыштар алып, уақытылы жерді тозаңдандырып, қара­жа­тын мақсатты жұмсаған. Со­нымен бірге, Нұржан ­Сары­а­­ғашқа жыл сайын барып тұрады. Мұнда жылыжай ісі жақсы дамығандықтан, он­дағы шаруалармен  тәжірибе алмасып,  жаңа технологияларды игеруді үйреніп жүр. Оның жоспары көп. Ауыл сыртынан жер алып, екінші жы­лыжайын  ашқысы келеді. Сон­дай-ақ, жеңілде­тілген несиеге қол жеткізсе, ша­руа­сының біршама алға ілгерілейтінін ойлап жүр.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 сәуір 2020 г. 484 0