Облыс әкімі: "Рамазан айындағы құлшылықты, ауызашарды отбасында өткізуге шақырамын"

     Қымбатты жерлестер!

 Барша мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын, ниеттеріңіз қабыл болсын!

Рамазан – сабыр мен төзім, береке мен бірлік, мейірім мен шапағат айы, отыз күн ораза тұтып, соған шүкіршілік ететін шуағы мол мереке. Адамдарды бауырмалдыққа, кешірімді болу мен төзімділікке тәрбиелейді. Азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге ниеттейді.

Өкінішке қарай, биылғы Рамазан мерекесі елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезеңіне сәйкес келіп отыр. Қатерлі індет біздің өңірді де айналып өтпеді.

Қазіргі таңда халқымыз сын сағаттарды бастан кешуде. Бауырмалдығы мен қонақжайлығы, дархан көңілі мен жомарт жүректігі күнделікті өмірінің мән-маңызына айналған азаматтарымызға бұл жағдайдың оңай соқпай отырғаны анық. Алайда, Сыр жұртшылығы талай сүрлеулі соқпақты да, сұрапыл кезеңді бастан өткеріп, даналығымен, сабырлығымен, төзімділігімен жеңген. Бұл сынақты да бірге еңсеріп, жеңіп шығамыз деп сенемін!

Сондықтан, Сіздерді қауіпсіздік шараларын толық орындап, сақтап, қасиетті Рамазан айындағы құлшылықты, ауызашарды отбасында өткізуге шақырамын.

Бұл ай – рухымызды көтеріп, тазалық пен имандылыққа шақыратын кезең.

Бұған дейін істеген істерімізді таразылап, қанағат пен сабырдың, ынсаптың мән-маңызын сезіндіріп, қадірлеуге үйретеді.

Иманға ұйыған халқымыз жетім көрсе жебеген, әлсізге әл-қуат беріп, демеген жанды «жомарт» атап, ерекше қадірлеген, төріне оздырған.

Осы айда бір-бірімізге деген жүрек жылуымыз, мейіріміміз азаймасын, бақ-берекеміз ортаймасын, қайырымды істеріміз көп болсын!

Адамзатты жақсылыққа тәрбиелейтін Рамазан айында індетті бірге жеңіп, Сыр елі өркендей берсін!

Ел игілігі үшін қызмет етіп, індетпен күресіп, сауабы мол істер атқарып, алдыңғы шепте жүрген медицина, полиция және әскери қызметкерлерге, жомарт жүректі кәсіпкер азаматтарға Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтқым келеді.

Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болсын.

Тұтқан оразаларыңызды, еткен ғибадаттарыңызды, тілеген тілектеріңізді қабыл етсін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, бауырымыз бүтін болсын!

Рамазан айы қабыл болсын!


Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
облыс әкімі.

 

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2020 г. 618 0