Іске сәт, Сыр диқаны!

Облыстың бірқатар шаруашылықтарында күріш егісі басталды. Жылдағы үрдіспен даланы дүбірге бөлейтін диқандар таң шапағы көрінген сәттен егін алқабына келіп, бейнеті мен берекесі мол кәсіптің өрісін кеңейте түседі. Қазір дала қосына бара қалсаңыз, дәл осындай керемет көріністі көзіңіз шалып, көңіл-күйіңіз әдемі әсерге бөленері анық.

Сыр өңірі жұртшылығы «Түгіскен тәжірибе шаруа­шы­лығын» жақсы біледі. Жаңа­қорған ауданына қарасты іргелі құрылым ұзақ уақыттан бері күріш егу ісімен айналысып келеді. Қай кезде де алдыңғылар қатарынан көрініп, берекелі тір­шіліктің қазанын қайната түсті. Елдегі еңбекшілер әдетін­ше биыл да ертерек қамын жасады.

– Оңтүстік өңірде ауа райы ертерек жылиды ғой. Қазір диқандық кәсіпке әбден қолайлы шақ. Ендігі кезекте күріш егісіне көңіл бөліп жатырмыз. Барлығы жоспар бо­йынша атқарылуда. Әрбір сәтті тиімді пайдалана білсек ертең егініміз бітік шығатыны сөзсіз,  – деді шаруашылықтың бас агрономы Манас Ибрагимов.

Биыл түгіскендік диқандар сорт жаңарту жұмыстарына назар аударып отыр. Солардың бірі – аудан жеріне қолайлы «АйКерім» сортының ауқымын кеңейте түспекші. Бұл сортты ұзақ жылдан бері агросала­да қызмет атқарып келе жат­қан жергілікті агроном Керім­хан Егізбаев шығарған. Бұ­рын­ғы жылдарда көршілес «Келінтөбе» ауылында егілді, басқа да шаруашылықтарда сы­нақ­тан өтті. Өнім деңгейі көңіл көншітеді.

– Расын айту керек, облыс­та қаншама уақыттан бері сорт жаңартылмай келді. Бұл өнім деңгейіне біршама әсер еткені рас. Былтыр «АйКерім» сортын 50 гектарға егіп көрген едік. Бітік шықты. Биыл осы сорттың көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді бас агроном.

– Шаруашылық қанша гектар күріш егеді?

– Біз биыл 500 гектардан астам алқапқа басты дақылды орналастыруды жоспарладық. Оның ішінде бұрынан егіліп келе жатқан «Маржан» сортынан бөлек Ресейдің «Лидер» сорты да бар. Жылма-жыл еңбегіміздің өтеуі қайтып келеді. Биыл да үлкен үміттеміз...

Шиелі ауданындағы «Ақ­мая» шаруа қожалығы да жылма-жыл өнімді жұмыс жасап келеді. Шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбековтің айтуынша, олардың күріш егуді бастап кеткеніне біршама уақыт болған. Қазірдің өзінде 300 гектарға жуық күріш егілді. Оны суға бас­тыру жұмыстары да жасалуда.

– Жылына 1500 гектардай күріш егіп келеміз. Биылғы жос­парымыз да сол шамалас. Десе де су мәселесі біршама қол байлайтын секілді. Бұл жөнінен бірқатар проблема болуы мүмкін деген ақпараттарды көзіміз шалды. Ендігі кезекте суды тиімді пайдалану жағын ойластырып жатырмыз. Ішкі су жолдарын тазалап, олардың су өткізу деңгейін арттыра түстік. Сондықтан жаз айларында судан таршылық көре қоймаспыз деген ойдамыз. Біз «Янтарь», «Лидер» сорттарын егіп келеміз. Бұл жөнінде Қызылорда қаласындағы күріш ғылыми-зерттеу институты мамандарымен ақылдасып отырамыз. Қуантарлығы, соңғы жылдарда облыста күріштің жаңа сорттары шығарылуда. Жергілікті ғалымдардың нә­тижелі еңбегінің арқасында олар өндіріске енгізіле бастады. «Сыр сұлуы» сорты сынақтан өткізіліп жүрген болатын. Алдағы уақытта біз сол сортты егіп көрсек деген ойымыз бар, – дейді шаруа қожалығының төрағасы.

Күні кеше шағандық шаруалар қым-қуыт тірлікке білек түре кірісіп кеткен. Мұнда  3100 гектар алқапқа күріш егу жоспарланып, дән себу науқаны басталды.

Шараға арнайы келген облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов егіншілерге сәттілік тілеп, алғашқы дән себілді.

«Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген бар. Шағандықтар  ырзық-несібесін жерден теріп, атакәсіпті кеңінен дамытып келеді. Еңбекке шы­ныққан бригадир, механизатор мен күрішшілер ала жаздай егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Диқандар биыл да егіннен мол өнім жинауға үмітті.

Еңбек ардагерлері диқан­дардың жұмысына сәттілік тілеп, егіншілерге ақ батасын берді.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­­ме­тінше, биыл 88 мың гектардан астам алқапқа күріш егу жос­парланып отыр. Оның ішінде әдеттегідей Сырдария және Жалағаш аудандарының үлесі басым.



Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2020 г. 458 0