Ұрпақ тәрбиесі қашан да өз маңызын жоймақ емес. Өйткені бүгін біз тәрбиелеп отырған ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, ұлт үмітін ақтайтын айтулы азамат болмақ. Сондықтан жоғары оқу орындарының алдында бәсекеге қабілетті, отансүйгіш, креативті тұлға тәрбиелеу міндеті тұр. «Қазақтың таным-түсінігінде Қыдыр ата ақ түйесіне мініп, қыр қыдырып, су сыдырып, құдық қазған, жол салған, бидай сепкен, мал баққан шаруақор жандарды бақылап, оларға сақы мырзалықпен ақ бата береді екен. Ақжолтай Қыдыр ата түйесінің аяғы тиген жерде жайқалып-толқындап егін өседі екен» (С.Негимов). Мен, бүгінгі қоғам дамуына жанкешті еңбек етіп жүрген арнайы мамандық иелерін осы бір қасиетті тұлғаға балар едім. Өйткені салауатты қоғам дамуын сауатты ұрпақ қана жетілдіре алады.
Бір ғана мысал келтіре кетейін. Табаны күректей 80 жылдан астам тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бакалавриаттың – 80, магистратураның – 59, докторантураның – 12 бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Әлбетте әрбір білім ордасы өзінің танымал түлектерімен мақтанады. Еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, университет мәртебесін жоғары ұстап келе жатқан түлектерімізді біз де әрдайым мақтан тұтамыз. Қазіргі күні жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудің оңай емес екендігін қашықтан жұмыс істеу тәртібі одан әрі дәлелдей түсті емес пе? Ал белгілі бір мамандықты игеріп жатқан бүгінгі білім алушыларымызға келсек, олар да алдыңғы буын түлектерімізге ұқсап келешекте ел мақтанышына айналып жатса, нұр үстіне нұр болмай ма?
Орайы келгенде, университеттің қазіргі атқарып жатқан жұмыстарының жай-жапсарын ортаға салсам деймін.
Біріншіден, студенттерге қолайлы орта қалыптастырылуда. Осы ретте «Коворкинг» орталығы ашылуда. Орталық жастардың бір-бірімен еркін араласуына, шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысуына, университеттің, аймақтың, сондай-ақ, еліміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысуына үлкен септігін тигізетін болады.
Екіншіден, алдымызда түлектерімізді жұмыс берушілердің талабына, сұранысына жауап беретін білікті маман етіп дайындау міндеті тұр. Осы бағытта білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға сай және жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып қайта даярлау, сондай-ақ, зертханалық, практикалық сабақтарды салалас өндірістер мен мекемелерде ұйымдастыру, кәсіптік және оқу іс-тәжірибелерін ыңғайлы мерзімге қою сынды жұмыстар атқарылуда. Наурыз айында «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қызылорда» телеарнасында қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының филиалы ашылғаны – соның жарқын мысалы. Қай салада болмасын «бірлесе көтерген жүк жеңіл» екені белгілі.
Үшіншіден, 2020-2021 оқу жылында қабылданатын түлектерге ректордың білім гранттарының және өндіріс орындары мен кәсіпкерлер тарапынан да сондай гранттардың бөлінуі. Білім гранттарына кімдер ие бола алады деген сұрақ өз-өзінен туындайды?! Ең алдымен біз аймақтағы еңбек ресурстарының балансына және мектеп бітірушілердің таңдауына талдау жасадық. Нәтижесінде біздің өңірде орыс сыныптарында педагог мамандардың, оның ішінде орыс тілі, физика, химия, биология, математика пәндерінен мұғалімдердің жетіспеушілігі айқындалып отыр. Аймақтың сұранысын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету аясында үстіміздегі жылдың 25-29 сәуір аралығында онлайн режимде мектеп бітірушілер арасында облыстық пәндік олимпиадалар өткізіледі. Білім гранттарының басым бөлігі жоғарыда аталған мамандықтарға берілетін болады. Бұны өңірдің талантты жастарына көрсетілетін үлкен қамқорлық, олардың заманауи білім алуына жасалатын зор мүмкіндік деп бағалаймыз.
Қолға алынып отырған төртінші мәселе – мектеп бітірушілерді алдағы сынаққа дайындау әрі оқу орнының мамандықтарымен, оқытушы-профессорлар құрамымен таныстыру мақсатында университеттің жетекші ғалымдарының дәрістері мен тегін курстардың өткізілетіндігі. Оқушыларға арналған онлайн курстар бір жағынан, оларға моральдық-материалдық тұрғыдан көмек болса, екінші жағынан, өздерінің болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға үлкен септігін тигізбек.
Бесіншіден, кәсіби бағдар беру жұмыстарының мектеп оқушыларына 7-8 сыныптан бастап жүргізілуі. Арнайы дайындалған жол картасы үкілі үмітімізді ақтайды деп ойлаймыз.
Көп жағдайда оқушыларға болашақ мамандығының бейінді пәнін таңдату 11-сыныпта ғана жүргізіліп келгенін несін жасырамыз. Біздің пікірімізше, мамандық – әрбір жастың өмірлік таңдауы болғандықтан, мектеп түлектері өзінің болашақ мамандығын ерте бастан таңдап, соған бейімделуі керек. Сонда ғана ол өзі таңдаған кәсіптің иесі бола алады. Міне, кәсіби бағдар беру жұмыстарын тұрақты жүргізу және оқушыларға көмек көрсету, психологиялық қолдау білдіру мақсатында наурыз айының 1-нен бастап бізде «Рекрутинг» орталығы ашылды. Орталық шетел азаматтарын оқуға шақыруды іске асырып, бизнес-компаниялармен бірлесе жүргізілетін жұмыстарды үйлестіреді.
2020-2021 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұлты қазақ шетел азаматтарына арнап: бакалавриат мамандықтарына – 490, магистратураға – 50, докторантураға 10 грант бөліп отыр. Қазіргі таңда осы стипендиялық бағдарламаға қатысуды ұйымдастыру қолға алынуда.
Ұстаздарымыздың мәртебесін асқақтату – ең басты міндетіміз болып табылады. Өздеріңізге белгілі, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мектеп мұғалімдерінің жалақысы көтерілді. Бізде өз тарапымыздан оқытушыларымыздың айлық жалақысын 20-30 пайызға көтердік. Алдағы оқу жылында біз бұл көрсеткішті жоғарылатуды жоспарлап отырмыз.
Университетте қолға алынып жатқан іргелі мәселенің бірі – шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау, қос дипломды білім бағдарламасын жүзеге асыру. Біз маман даярлау ісінде өз тәжірибемізбен қоса үздік әлемдік тәжірибелерге сүйенуіміз қажет. Шетелдік әріптестермен байланысты одан әрі нығайту бағытында бакалавриат мамандықтары бойынша Оңтүстік Кореяның Каннам университетімен, Пекиндегі Қытай мұнай университетімен, Польшаның Жоғары Силез экономикалық университетімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асып жатса, Ұлыбританияның Роберт Гордон, Австрияның Зальцбург, Бельгияның қолданбалы ғылымдар университеттерімен магистратура бойынша қос диплом бағдарламасы қолға алынуда. Яғни, біздің түлектер екінші жоғары оқу орнының дипломын иеленбек.
Сонымен бірге, бакалавриаттың химия, ІТ саласы бойынша, магистратураның экономика, ағылшын тілі, информатика бағыттары бойынша ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары әзірленді.
Ғылым саласы бойынша да біздің ғалымдарымыз жемісті еңбек етуде. Ағымдағы жылы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен 9, келісім-шарт негізінде 4 ғылыми жоба орындалуда. Web of Science, Scopus базасына енетін шетелдік жоғары рейтингілі журналдарда біздің ғалымдарымыздың 50-ден аса мақаласы жарияланды. Асқаралы межеміз – зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, ғалымдардың тың идеяларын ілгерілету, қорыта айтқанда, ғылыми қызметті жаңа сапалық деңгейге көтеру.
2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары өздерінің жеке үлгідегі дипломдарын береді. Өйткені, әлемдік тәжірибе осылай. Біздің ұжым университеттер арасындағы бәсекелестікке төтеп беретініне нық сенімді. Білім беру үдерісіндегі, халықаралық деңгейдегі, ғылым саласындағы және тәрбие бағытындағы жүйелі қызмет, жасампаз жетістіктеріміз жеке үлгідегі дипломымыздың ең түйінді нәтижесі болмақ. Өткен айдың 16-нан бастап еліміздегі төтенше жағдайдың орын алуына байланысты қашықтан оқыту жүйесіне көштік. Оқыту форматы Платонус ақпараттық жүйесінде чат дәрістер негізінде бастау алған болса, екінші аптадан оқу үдерісін одан әрі сапалы және тиімді ұйымдастыру үшін университет педагогтары мен студенттері түрлі ZOOM, Google Classroom.com, Moodle, Telegram, Скайп ақпараттық платформаларында еркін жұмыс істей бастады. Сондай-ақ оқытушылар мен студенттерге Coursera, Лекториум, МООК сияқты білім порталдарында орналасқан видеодәрістер мен онлайн курстар ұсынылды.
Қашықтан білім беру жағдайында туындаған барлық сұрақтарға жауап беру мақсатында университет сайтына Call орталығы туралы ақпарат орналастырылып, онда келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап берілуде.
Қашықтан оқыту технологиясын пайдалануды – біліктілік пен білімнің сыналатын уақытында өзіміздің бәсекеге қабілетті екенімізді байқатуға жасалған бірден-бір мүмкіндік деп сезіндік.
Қорыта айтқанда, өзінің сан-салалы қызметін мемлекет пен қоғам қойып отырған жаңа талаптар үдерісінде дамытуда, заманымыздың сындарлы сынақ-шақыруларына лайықты жауап беруде – атқарып жатқан істеріміз бен шараларымыз ұшан-теңіз. Игілігі мол әрбір ісіміз жүйелі жалғасады.
Алға қойған мерейлі мұратымыз – қасиетті Қорқыт ата есімін иеленген осынау киелі оқу ордасының озық дәстүрлерін одан әрі жалғастыру, ұжымның қалыптасқан бірлігін бекемдей, қуатын еселей түсу, рухы жоғары, парасаты кенен мамандар даярлауда биік белестерді бағындыру.
Бейбіткүл КАРИМОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры.