ОҢТҮСТІК АУДАНДАР: күрделі жағдайда тәртіп қатаң сақталуы тиіс

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық ахуалы күрделенген Жаңақорған және Шиелі аудандарында болды. Тосқауыл бекеттеріндегі карантин талаптарының орындалуын тексеріп, ауруханаларда ем алып жатқан науқастардың және медициналық бақылауға алынған азаматтардың жағдайымен танысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңақорған кентінде 4 санитарлық тосқауыл бекеті жұмыс істейді. Медицина, полиция және әкімдік қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұр. Тұрғындардың жүріп-тұруына қатаң тыйым салынған. Қызметкерлер ыстық тамақ және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Ауданда вирус жұқтырған адамдар жұқпалы аурулар ауруханасында, ал олармен қарым-қатынаста болғандар Жаңақорған шипажайына жатқызылған. Қазіргі таңда 80 адам дәрігерлердің бақылауында.

Кент орталығындағы 15 сауда орны, "Қазақтелеком", "Казпошта" ғимараттары, 20 аялдама, негізгі көшелер және науқастар тіркелген Әлімкөл, Бегайдар Аралбаев, Жеңіс, Әлшекей көшелерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы көлемі 527 667 шаршы метр аумақ дезинфекцияланып, адам көп шоғырланатын жерлерде қозғалыс шектелген.

Аймақ басшысы аудан әкіміне жағдайды ұдайы назарда ұстауды және карантин ережелерін мүлтіксіз орындауды тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімінің сапары Шиелі ауданында жалғасып, кіреберісте орналасқан тосқауыл бекетіне барды.

Жалпы ауданда 11 санитарлық бекет құрылып, бірқатар ауылдық округте қатаң шаралар енгізілген.

Короновирус індеті анықталып, карантинге жабылған Ортақшыл, Қодаманов, Бала би, Жиделіарық елді мекендерінің тұрғындары жергілікті кәсіпкерлер есебінен тегін азық-түлік және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуде.

Облыс әкімі Шиелінің индустриялды аграрлық колледжіндегі медицина мамандарымен сөйлесті. Олардың дәрі-дәрмек және қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілгені баяндалды.

Аудандық аурухананың ескі ғимаратында вирус жұқтырған 4 адамға тиісті ем жасалып жатыр. Мұнда науқастарға арнайы оқшау орын қарастырылған. Емделушілердің жағдайы қанағаттанарлық.

Ал "Гежуба Шиелі цемент" зауытының жатақханасы қазір дәрігерлерге оқшау орын ретінде тынығып, демалуларына берілген.

46 жағдай тіркелген Қодаманов ауылы – маңызды назардағы қоныс. Елді мекен толыққанды оқшауланған. Осы ауылдан шыққан науқастар облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Осы ауылда болған аймақ басшысы тұрғындарды сабырлы болуға шақырып, жағдай тұрақталмайынша, қатаң карантин ережелерін сақтау керектігін ескертті.

"Біз үшін қазір ең бастысы – дендеген дертті тоқтату. Азық-түлік, дәрі-дәрмек арнайы көліктермен жеткізіледі. Ауылдан ешкімді шығармай, сырттан ешкімді кіргізбеу керек. Вирус жұқтырған адамдардың тезірек жазылып шығуына бар күш-жігерді жұмылдырамыз", – деді облыс әкімі.

Ауданда осы күнге дейін 1 млн 262 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылып, 28 млн теңгеге антисептик, хлор, қорғаныш киімдері және басқа да медициналық бұйымдар сатып алынған.

Сапар қорытындысында облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың тиісті деңгейде емес екенін, талаптардың уақытылы орындалмауы салдарынан көпшілік шаралар өткізіліп, аурудың тез таралуына жол берілгенін айтып, аудан басшылығына ескерту жасады.


"СБ" ақпарат
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2020 г. 723 0