"Қымбатты жерлестер!
Сіздерді жарқын мереке – Пасхамен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күнді сан мыңдаған православ өкілдері ерекше сезіммен күтетіні рас.
Пасха - ізгілікті де игілікті істерге шақыра отырып, адамға жаңа леп пен үміт алып келетін мереке.
Ежелгі заманнан бері келе жатқан, жаңару мен қайта өрлеудің белгісі саналатын Пасха мерекесін қазақстандықтар діни көзқарастарына қарамастан шын ниетімен бөліседі.
Бүгінгі күні еліміз ғана емес, дүниежүзі күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бірақ, талай сүрлеулі соқпақты сәтті де, қиын-қыстау заманды да бастан кешкен халқымыз бұл қиындықты да жеңіп шығары анық. Өйткені, халқымыздың дархан көңілі мен жомарт жүрегінің, досқа айқара құшақ ашатын ақ пейілінің, еліміздегі сындарлы саясаттың арқасында этносаралық және конфессияаралық келісім мен татулық сақталғаны белгілі. Ал, бірлігі берік, тірлігі түзу ел ғана кез келген ауыртпалықты еңсереді.
Қазіргі уақытта карантиндік жағдайда храмдарға кіру уақытша шектеліп отыр. Биыл приходшылар Пасханы өз отбасында, оқшаулау жағдайында атап өтеді. Алда әлі жарқын күндер бар. Жүрегімізде ертеңгі күнге деген сенім бар. Сондықтан, отбасымыздың, жақындарымыздың, өз денсаулығымыздың қауіпсіздігін сақтап, айтулы күнді отбасылық қуаныш ретінде атап өтейік.
Жоғары адамгершілік және рухани құндылықтарды дәріптейтін христиан әлемінің басты және құрметті мейрамы- Пасха мерекесі тағы да құтты болсын!
Шаңырақтарыңызға шаттық, елімізге тыныштық пен татулық, халқымызға амандық тілеймін!
Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!", - деп жазды аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Фейсбук" желісінде.