Жаңақорғандық Ақмадияр Жүсіпбеков әкесінен қалған шаруашылықты жандандырып келеді. Кәсіпкер Ойсылқара тұқымын өсіруге әбден машықтанған. Бала жасынан шаруаға бейім ол бүгінде кәсібін отбасылық бизнеске айналдырған. Шаруаның қорасында 20-дан астам түйесі бар. Әзірге қолда бағып отырғаны осы.
Түйекештің сөзінше, көктемде шұбатқа сұраныс артады. Себебі, бұл сусын адам иммунитетін көтереді. Расында, шұбаттың пайдасы бесенеден белгілі. Әсіресе, ел ішіне таралған індеттен кейін шұбат сұрап хабарласатындардың саны артқан. Кейде бір-екі айға дейін алдын ала тапсырыс алып қояды екен.
Түйе өсірудің қиындығын білетіндер бұл шаруаға селсоқ қарайтын. Ал, бүгінгі жағдай ескі көзқарасты өзгертті дейді шаруа. Бұрын бір түйенің бағасы 500 мың теңге болса, қазір 1,5-2 млн теңгеге дейін көтерілген. Тіпті, сатып аламын дегендер де көбейген. Бірақ, Ақмадиярдың сататын ойы жоқ.
– Түйе бағу оңай шаруа емес. Атакәсіп болған соң еңбек етіп келеміз. Көктемде жұмыстың қызатын уақыты. Мал төлдейтін кезең. Төрт түліктің ішінде түйенің ботасы әлсіз келеді. Осы кезде оларға ерекше күтім қажет. Қазіргі кезде боталайтын түйелерді ұстап отырмыз. Ал, жасы келгенді бордақылап, сатамыз, – дейді ол.
Шаруаны дөңгелентіп, қолғабыс етіп отырғандардың бірі – отанасы. Қазір оннан астам түйе сауады. Үлкен ұлы да анасының жанына жалау болып жүр. Күнделікті 10 литрден астам өнімді жергілікті тұрғындар алып кетеді. Гүлназ арасында күбі де шайқап, майын алады. Құртын жаяды. Отағасы үйде болмай қалған кезде балаларымен шаруаны өзі жайғап, қора-жайын пысықтап қояды.
Расында, түйе бағу – білгенге табыс көзі. Оның адамзат баласы үшін пайдасы ұшан-теңіз. Еті мен сүті – азық, жүні – киім. Кейіпкеріміз шалғайдағы төрт түліктің пайдасына кенелген ауылдардың қайта жанданып, Қаратаудың қойнына қойын өргізген шаруалардың тіршілігі біртіндеп жолға қойылып келе жатқандығына риза. Малдың қай түрін өсіремін десең де мемлекет тарапынан проценті төмен несие, мал басына берілетін субсидия барын да тілге тиек етті. Тек тынымсыз еңбектену керек. Түйекеш жігіт те енді шаруашылығын жандандыру үшін жайылымдық жер алып, кәсібін дамытуды көздеп отыр.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».