Ғани ауылы газға қосылады

 Қысы қытымыр, көктемі шұбалаңқы Қазалыда газ келгенге дейін қатты отын түсіріп, тамызық қамдау қыруар шаруа болатын. Енді бұл қиындық кент тұрғындарының басым бөлігі  үшін (кенттің  77 проценті газ желісіне қосылған)  артта қалды.

Аудан орталығынан 5,3 шақырым қашықтықта орна­ласқан Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда 275 үй бар. Жыл өткен сайын халық саны өсіп, демография жақсаруда. Елді мекенде ауыз су желісі, электр желісі, жол салу мәселелері, көшені түнгі жарықпен қамту жолға қойылған.

Елді мекенде көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапқан. Тұрғындардың басым бөлігі «Рза-Агро» ЖШС-да, бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Төрт түлік өсіріп, шар­уа қамын күйттегендер де бар­шылық. Жолаушылар тасымалы, кәсіпкерлік саласы ай­тарлықтай дамыған.

Ауылды табиғи газға   қосу кезек күттірмейтін мәсе­лелердің бірі еді. Аудан ор­талығына жақын орна­лас­қанмен, жылу маусымында қиындық туындайды. Ауылға табиғи газ құбыры жүргізілген жағдайда экологиялық ах­уал дұрысталып, халықтың тұрмыс-тіршілігі арта түседі. Экологиялық ахуалды тым төмендететін күл-қоқысты сыртқа шығару түбірімен жо­йылады. Оған қоса ауылдағы тал-ағаштарды шабу азайып, экологиялық апат аймағында тұрып жатқан халыққа түрлі жұқпалы аурулар тудырып отырған сор-шаңдардың ауаға көтерілуі тоқтайды.

Жақында Қазалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шар­­уашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бө­лімінің тапсырысымен жеке кәсіпкер «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Ж.Тәңірбергеновтің демеушілігімен  елді мекеннің орамішілік газ желілерінің құрылыс жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттары әзір­леніп, «Оңтүстік Сарап­тама» ЖШС тарапынан оң  қоры­тынды алынды. Жалпы сметалық құны – 270 425,68 мың теңге. Құрылыс жұмыстарының ұзақ­тығы – 4,5 ай. Жоба іске асы­рылғанда Ғ.Мұратбаев ауы­лындағы тұрғын үй секторы газбен үздіксіз  қамтамасыз етіледі. Бұл жаңалық ауыл тұрғындарын қуанышқа бө­леді.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы» .

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2020 г. 663 0