« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында індеттің таралуын барынша бәсеңдету үшін дер кезінде қабылданған қажетті шараларды баяндап, елорда мен Алматыдағы жағдайдың тұрақтанғанын, есесіне Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандар санының күрт өсіп кеткенін айтты.
Қызылорда атының аталуы неліктен? Бұл өңір тұрғындарының сақтық шараларына салғырт қарау деректерінің орын алғанын айғақтайды. Шиелі ауданында бір ауылдан 45 адамнан ауру белгісінің анықталып, 140-тан аса тұрғынның үй жағдайында бақылауға алынуы – өте өткір мәселе.
Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова індетке қарсы күрес төңірегіндегі нақты істерге байланысты үндеу жариялады. Бірақ, басы тасқа тимесе өрлей беретін бекіре балықтай кейбір жерлестеріміз бұл мәселеге біржақты көзқараста болды. Базбіреулер ойын-сауығын тоқтатпай, ойға алғанын жасап бақты. Кей ағайынымыз карантин талаптарынан тығылып той жасады. Ауыл арасындағы тосқауылды айналып, жолсызбен өтетіндер өзін ғана емес, өзгені де қауіптің қақпанына салып беретінін түсінбеді. Тәртіп сақшылары шектеуге бағынбағандарды көшеден ұстап, оқшаулауға мәжбүр болды. Құзыретті орындардың өкілдері мен блок-посттардың кезекшілері адамды коронавирустан емес, коронавирусты адамнан қорғағандай әбігер күй кешті. Осы күні әлеуметтік желілерден «бізді жазықсыз ұстап әкетті» деген бейнежазбаларды да көруге болады. Олардың жазығы – ортақ талапты аяққа таптап, бас амандығына немқұрайы қарауы.
Бізге, жалпы көпке, дәл осы күндері қойылып отырған басты талап, ол – өз амандығыңды ойлау. Ал, біздің бас амандығымызды қорғап қауіппен бетпе-бет келіп жүрген азаматтардың еңбегін құрметтеу – намысы барға басы ашық дүние. Себебі өз басын сыйламайтын адам, өзгені де құрметтемейді.
«Індеттен қорғанбаймыз. Тек сақтансаң ғана сақтайтынын естен шығарғандаймыз. Міне, осындай көзқарас санамызда тұрақтап қалған. Қазір көшеде жүрген адам да, көлік те көп. Тәртіп біркелкі орындалып жатқан жоқ», – деп аймақ басшысының ашына сөйлеуінен де біраз жайды көрмей-білмей сезуге болады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері, 200 полицей мен 230 әскери қызметкер коронавируспен үздіксіз күресіп келеді. Тіпті бұл жұмыстарды жеңілдету үшін аймағымызға Тараз әскери шекара бөлімінің жауынгерлері де шақыртылған. Солардың бәрі біздің қорғанышымыз болып жүр, ал, олардың қорғанышы қолғап пен бетперде ғана.
Осындай жандарды қалай құрметтемейсіз? «Кім адамдарға алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені», – дейді Пайғамбар хадистерінде. Бұған қоса: «Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар», – деп міндеттейді.
Бұл мұсылманның ғана ұстанымы емес. Біз – адамбыз, ібіліс кейіпті індет адам баласының әртүрлі мақсаттың жолында болса да, бір тағдырдың жазуында жүргенін паш етті.
Көптеген отандық тауарлар ішкі нарықтың сұранысын өтей алмайтыны ақиқат. Өзімізде өспейтін, өндірілмейтін азық-түліктердің шет жерден келетінін білеміз. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» демекші, банан мен мандаринге, қаптамаға салынған тәттілерге, бояу араласқан сусындарға құмармыз. Осы бүгінгі күні осындай құнарсыз, сөлсіз азықтардан бас тартуымыз керек. Тіпті, оларды карантин кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұтынбасақ та, ештеңеден кенде қалмаймыз. Мен осы қаланың өзінде жергілікті өндірушілер қолымен дайындалған азық-түлік, ас-су сататын бірнеше дүкендердің бар екенін білемін. Сол дүкендерде – құрт, ірімшік, қауынқұрт, сүзбе, іркіт, сарымай, айран, қымыз, шұбат, шалап секілді қаншама ұлт тағамдары бар. Қазақтың қолынан шыққан бұл дәм-тұздарды татсаңыз, таңдайыңыз үйіріледі. Денсаулығыңыз жақсарып, көз жанарыңыз шарадай ашылады, қан қысымыңыз бен жүрек қағысыңыз бір жазда қалпына түседі. Осы күні көзәйнек кигендер, көкірегі шаншитындар көбейіп келеді, ол – ағза жұмысының ырғағын реттей алмайтын жасанды тағамдардың әсерінен туған салдар.
Бұл бүгінгі тақырып емес еді, бірақ, сөз аясына сыйғызуға тура келді. Өйткені, қазақ «ауру – астан» дейді. Ертең осы індетпен бірге барлық кесел ере кетсе жақсы, бірақ, арамызда ауру-сырқаудың қалатыны, бола беретіні де ақиқат. Сондай ауруларға кіріптар болмас үшін алдымен жейтін асымыз бен салауатты өмір салтымызды ретке келтіруіміз керек-ақ.
Карантинге қатысты шаралар әлі күшейтілетін болады, себебі індеттің таралу қаупі сейілген жоқ. Сондықтан Президент карантин режимін сәуірдің соңына дейін созуды тапсырды.
«Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деді Қ.Тоқаев.
«Көппен көрген ұлы той» дейді данышпан халқымыз, «бөлінгенді бөрі жейді» дегенді де қазекем айтқан. Осы ұлағатты сөздерді нық ұстанатын күн – бүгін. Ол біздің әрқайсымыздың ортақ мүддеге қосқан мысқалдай үлесіміз болмақ.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |